Колумбияда жойқын жер сілкінісі болып, 100-ден аса адам қаза тапты
Колумбияда магнитудасы 7,4 балдық жер сілкінісі болып, 111 адам қаза тапқан. Тағы кемінде 87 адам жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Колумбия геологиялық қызметінің мәліметінше, қуатты жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:34-те болған. Жер сілкінісінің ошағы елдің батысындағы Чоко департаментіндегі Сан-Хосе-дель-Пальмар муниципалитеті маңында орналасқан.
Колумбия билігінің хабарлауынша, бұл елде соңғы он жылда тіркелген ең қатты жер сілкінісі болды. Табиғи апат салдарынан 1 575 тұрғын үй бүлініп, 37 ғимарат толық қираған. Сонымен қатар 18 медициналық мекеме, 52 білім беру ұйымы, 18 жол, жеті әуежай және басқа да инфрақұрылым нысандары зардап шекті.
Елде төтенше жағдай режимі жарияланды. Апат салдарын жою жұмыстарына әскерилер де тартылды.
“Бес департаментке әсер еткен жер сілкінісіне байланысты бүкіл ел аумағында табиғи апат режимі жарияланды”, – деп хабарлады Caracol телеарнасы.
Колумбия президенті зардап шеккен өңірлерге қажет көмек пен ресурстарды жеткізуді тапсырды. Бұл жұмысқа билік өкілдері мен әскери басшылық жауапты болады.
Ең көп зардап шеккен аймақтарға алғашқы құтқарушылар топтары жіберілмек. Олар үйінді астында қалған адамдарды іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізеді.
Айта кетейік, бұған дейін Жапонияның оңтүстігіндегі Кюсю аралында жойқын жер сілкінісі болып, мыңдаған үй жарықсыз қалғаны туралы жазған едік. Ол кезде апат салдарынан 13 адам қаза тапқан еді.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?
