Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сауда орталығы опырылып, адамдар үйінді астында қалды": Жапонияның оңтүстігінде жойқын жер сілкінісі болды

апат
Фото: JIJI Press/AFP/Getty Images

Жапонияның оңтүстігіндегі Кюсю аралында жойқын жер сілкінісі болып, мыңдаған үй жарықсыз қалды. Жолдар бүлініп, ірі сауда орталығы ішінара опырылды. Ал адамдар үйінді астында қалып, кейбірі қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мұны елдің премьер-министрі Санаэ Такаити Токиода өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккендер мен келген шығынның нақты көлемі әлі анықталып жатыр.

“Қазір зардап шеккендер бар екені туралы ақпарат түсті. Кейбір аудандарда электр жарығы өшіп, өрт шықты. Жолдар мен көпірлерге зақым келіп, ғимараттар құлады. Барлық тұрғыннан қауіпсіз жерге барып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраймын”, – деді премьер-министр.

Сонымен қатар ол үкімет жанынан төтенше жағдайға ден қоятын арнайы штаб құрылғанын айтты. Жер сілкінісінен кейін жалғасып жатқан қайталама дүмпулерге байланысты апат салдарын жою жұмыстарына 3 600 әскери қызметкер жұмылдырылды.

7,1 балдық жер сілкінісі

Мәліметке сәйкес, жер сілкінісі сағат 16:27-де тіркелген. Магнитудасы 7,1 болған. Жерасты дүмпуінің ошағы Кюсю аралындағы ең ірі қала – Кумамотодан шамамен 20 шақырым оңтүстікте орналасқан. Бұл қалада 700 мыңға жуық адам тұрады.

дүмпу
Фото: Kyodo/Reuters

Жапонияның NHK телеарнасының хабарлауынша, бір ғана ауруханаға 50-ден астам зардап шеккен адам жеткізілген.

Ал Nikkei басылымының мәліметінше, жер сілкінісі кезінде жүйткіп келе жатқан жоғары жылдамдықты пойыздағы бірнеше жолаушы да жарақат алған.

Сауда орталығында жарылыс болды

Құтқару қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінен кейін сауда орталықтарының бірінде жарылыс болып, бірнеше адам ғимарат ішінде қалып қойған.

Полиция Aeon сауда орталығында “бірнеше адам қаза тапқан болуы мүмкін” екенін мәлімдеген.

дүмпу
Фото: Kyodo/Reuters

Ал Aeon компаниясының өкілі алғашқы жер сілкінісінен кейін келушілер мен қызметкерлердің түгел эвакуацияланғанын айтты. Оның сөзінше, кейін болған жарылыстың нақты себебі әзірге белгісіз. Оқиға кезінде сауда орталығынан шамамен 300 метр қашықтықтағы дәмхананың ішінде болған Кадзуя Цурунага жарылыстың қатты болғанын айтты.

“Жарылыстың екпіні өте күшті болды. Аспанға қою түтін көтерілді. Жел біздің жаққа соққандықтан, айнала күл жауғандай көрінді”, – деді ол TBS телеарнасына берген сұхбатында.

Жолдар жарылып, ғимараттар құлады

NHK телеарнасы жариялаған кадрларда бірнеше ғимараттың өртеніп жатқаны және кейбірінің ішінара қирағаны байқалады. Сонымен қатар ірі автомобиль жолдары мен эстакадаларда терең жарықтар пайда болған.

300 мың адам эвакуацияланды

Жапония үкіметі Кумамото, Нагасаки, Кагосима, Фукуока, Сага, Оита және Миядзаки префектураларында төтенше жағдай туралы ескерту жариялады.

Жапонияның метеорология агенттігі жер сілкінісінен кейін биіктігі бір метрге дейін жететін цунами қаупі туралы ескерту таратты. Алайда шамамен екі сағаттан кейін бұл ескерту күшін жойды. Өрт және табиғи апаттарды басқару агенттігінің мәліметінше, 300 мыңға жуық тұрғынға эвакуациялық орталықтарға бару жөнінде нұсқау берілген.

40 мыңнан астам үй жарықсыз қалды

Kyushu Electric Power компаниясының хабарлауынша, жер сілкінісінен кейін 40 мыңға жуық үй электр қуатынсыз қалған. Ал JR Kyushu теміржол компаниясы барлық бағыттағы пойыздардың, оның ішінде жоғары жылдамдықты Shinkansen пойыздарының қозғалысын уақытша тоқтатты.

апат
Фото: Kyodo/Reuters

Оған қоса Кумамото әуежайының ұшу-қону жолағы жабылып, бірқатар рейс кейінге шегеріліп, тоқтатылған.

Ұялы байланыс операторлары KDDI мен Docomo электр қуатының үзілуі және байланыс желілерінің зақымдануы салдарынан байланыс қызметінде ақаулар болғанын хабарлады.

Зауыттар жұмысын тоқтатты

Жапонияның Ядролық реттеу агенттігінің мәліметінше, өңірдегі атом электр станцияларында ешқандай төтенше жағдай тіркелмеген. Әлемдегі ең ірі келісімшарт негізінде микрочип өндіруші TSMC компаниясы қауіпсіздік мақсатында өңірдегі зауытындағы қызметкерлерін эвакуациялаған.

Сонымен қатар Sony мен Fujifilm компаниялары да өңірдегі өндіріс орындарындағы қызметкерлерін қауіпсіз жерге көшірген.

Жапония жер сілкінісі ең жиі болатын елдердің бірі

Жапония – әлемдегі сейсмикалық белсенділігі ең жоғары мемлекеттердің бірі. Елде орта есеппен әр бес минут сайын жер дүмпуі тіркеледі. Мемлекет Тынық мұхитын қоршап жатқан жанартаулар мен мұхиттық жыралар белдеуінің, яғни “Отты шеңбердің” (Ring of Fire) бойында орналасқан.

Әлемде магнитудасы 6,0 және одан жоғары болатын жер сілкіністерінің шамамен 20%-ы Жапонияда болады.

Еске салайық, 2016 жылы Кумамото префектурасында болған жойқын жер сілкінісінен 50-ден астам адам қаза тауып, 1 800 адам жарақат алған. Табиғи апат салдарынан ондаған мың тұрғын үй бүлініп немесе толық қираған.

Stan.kz
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 19:54