Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су ішер алдында "Бисмиллах" деп айт": Алматыдағы Urbo Coffee діни насихат жүргізді деп айыпталды

Діни пікір
Фото: threads.com желісінен скрин

Алматыдағы Urbo Coffee кофеханасында су ішудің сүннет әдебі жазылған бөтелке әлеуметтік желіде дау тудырды. Бір тарап мұны діни насихат деп бағалап, заң талаптарын алға тартса, енді бірі жазуды қарапайым ақпарат ретінде қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі толығырақ зерттеп көрді.

Әлеуметтік желіде Қазақстандағы діни насихатқа қатысты заң талаптары талқыланды. Автор қоғамдық орындарда діни уағыз жүргізудің заңсыз екенін айтып, азаматтарды белгіленген тәртіпті сақтауға шақырды.

@urbocoffee Қазақстанда діни насихат жүргізуге және діни әдебиеттерді таратуға тек ресми тіркелген ғибадат үйлерінде (мешіттер, шіркеулер, синагогалар), діни оқу орындарының аумағында және жергілікті әкімдіктер арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда ғана рұқсат етілген.Көшеде немесе өзге де қоғамдық орындарда  діни насихат жүргізу заңсыз. Неге заңға бағынбаймыз? Басқа дін өкілдеріне, немесе дінге сенбейтіндерге қолайсыз екені қызық емес пе?

Су ішудің сүннет бойынша әдебі:

  1. Су ішер алдында "Бисмиллах" деп айту 
  2. Суды отырып ішу
  3. Суды оң қолмен ішу
  4. Суды үш бөліп ішу", – деп шағымданды оқырмандардың бірі.

Белгілі дінтанушы Әл-Фараби Болатжан қоғамдық орындарда діни насихат жүргізілуіне наразылық білдірді. Ол Алматы полиция департаментінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы (Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша тексеру жүргізуді сұрады.

"Urbo" кофеханасына кейде барып тұратынмын. Бір жолы кофеханада алдыма "Су ішудің сүннет бойынша әдебі" деген жазуы бар, су толтырылған бөтелке қойылды. Онда суды "Бисмилләһ" деп, оң қолмен, отырып және үшке бөліп ішу керектігі жазылған. Негізі, өзім су ішерде "Бисмилләһ" деп айтамын. Алайда суды қай қолмен және қалай ішу керектігін маған біреудің нұсқағанын құптамаймын. Мұны сұралмаған кеңес, тіпті діни ұстанымды таңу деп қабылдаймын. Меніңше, бұл әдеп пен мәдениетке жат әрекет. Сонымен қатар "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңының 9-бабының 2-тармағында діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол берілетіні көрсетілген", –  дейді дінтанушы Әл-Фараби Болатжан.

Яғни діни мазмұндағы ақпаратты кез келген жерде таратып, оны өзгелерге таңуға болмайды дейді дінтанушы. Дінтанушының айтуынша, мұндай ақпаратты заңда белгіленген орындарда таратуға рұқсат етіледі. 

"Әрине, адамның өзі ондай ақпаратты қабылдауға қарсы болмаса, бұл оның жеке таңдауы.Менің мақсатым орынсыз әрі заңсыз деп санайтын діни насихатқа назар аудару және тиісті органдарға хабарлау болды. Алайда кейбіреулер мені "бойкотқа" шақырып жатыр деп түсініп қалды. Ондай сөзді мен айтқан жоқпын. Көтерген мәселемнің нәтижесі болды. Аталған жазу алынып тасталды. Менің көздегенім де осы ғана еді. Ал енді біреулердің ол кофеханаға бара ма, бармай ма, барған адамдарға кітап сыйлай ма оған араласатын шаруам жоқ. Әркім өзі қай дәмханаға баратынын өзі шешеді", - дейді дінтанушы Әл-Фараби Болатжан.

Сонымен қатар, дінтанушы кейбір азаматтардың діни кітаптарды таратуының қаншалықты заңды екеніне де назар аударды. Атап айтқанда, бұл әдебиеттердің дінтану сараптамасынан өткен-өтпегенін және заңда белгіленген орындарда таратылып жатқан-жатпағанын анықтау қажет екенін айтты.

Көпшілік те әлеуметтік желідегі пікірлерінде қоғамдық орындарда діни насихат жүргізуге қарсылық білдіріп, мұндай мәселелерде заң талаптарының сақталуы керектігін жазды.

урбокофе
Фото: threads.com желісінен скрин
пікір
Фото: threads.com желісінен скрин
пікір
Фото: threads.com желісінен скрин
пікір
Фото: threads.com желісінен скрин

Алайда әзілкеш Нұрболхан Шарапов дінтанушының пікіріне қарсы шыққандардың бірі болды. Ол кофеханадағы жазуды діни насихат емес, кез келген өнімдегі пайдалану нұсқаулығына ұқсас қарапайым ақпарат деп айтады.

"Құрметті @urbocoffee басшылығы, мына жазуды кері қайтарсаңыздар! Кез келген заттың қорабы немесе қағазында қалай пайдалану ережесі жазылып тұрады. Бұл да дәл сол секілді. Тредстағы кейбір оттағандардың сөзін тыңдай берудің қажеті жоқ. Бұндай еврейлер кез келген жерде бар. Атыңды қоятындар білмеген шығар бұлай лағатыныңды, Аль-фараби!" – деп жазды әзілкеш.

Уағызшы дінді ашық ұстануға қатысты көзқарас өзгергенін айтты

Urbo Coffee-дегі дау қоғамда дінге қатысты пікірталасты қайта қыздырды. Осы жағдайға пікір білдірген уағызшы Данияр Кенжеұлы мәселені кофеханадағы жазудан емес, қоғамның Исламға деген көзқарасынан көреді. Ол тіпті аталған кафеге барған адамдарға өз кітаптарын сыйға тартуға дайын екенін айтып, бұл арқылы дінге қатысты пікірталасты басқа қырынан көрсеткісі келетінін жеткізді.

"Бір кәсіпкер бөтелкенің сыртына су ішудің сүннет әдебін жазып қойса, әлдекімдер бойкот жариялауға дейін барады. Сонда мәселе шынымен әлгі бөтелкеде ме? Әлде бөтелкедегі сөздің Исламнан алынғанында ма?" – дейді Данияр Кенжеұлы.

Уағызшы өз сөзінде Urbo Coffee-ге барған жандарға 100 кітабын тегін таратып беруге дайын екенін де айтты.

уағызшы
Фото: Іnstagram.com/daniyar_kenzheuly

Оның пікірінше, мұндай жағдайлар қоғамда діни сенімді ашық ұстануға қатысты қалыптасып келе жатқан көзқарасты көрсетеді.

"Мен ешкімді дін үшін сынамаңдар демеймін. Қателескен мұсылманды сынаңыздар. Заң бұзса, заңмен жауап берсін. Надандық жасаса, біліммен түзелсін. Бірақ бір адамның қатесін тұтас Исламның бетіне күйе етіп жағу әділдік емес. Бір адам арамдық жасаса, ол сол адамның қателігі. Ал бір мұсылман сүрінсе, аяқ астынан бүкіл Ислам айыпталушыға айналады. Біреу адалдықты насихаттаса, “уағыз айтпа” дейміз. Біреу “Бисмиллә” деп ісін бастаса, оған күмәнмен қараймыз. Бір кәсіпкер бөтелкенің сыртына су ішудің сүннет әдебін жазып қойса, әлдекімдер бойкот жариялауға дейін барады. Сонда мәселе шынымен әлгі бөтелкеде ме? Әлде бөтелкедегі сөздің Исламнан алынғанында ма?" – дейді Данияр Кенжеұлы.

Уағызшының сөзінше, жеке адамның қателігі үшін оны жауапқа тарту мен сол әрекетті тұтас дінге телу – екі бөлек мәселе. Ол қоғамда ашық арсыздық пен өзге де келеңсіз құбылыстарға көз үйреніп бара жатқанын, ал діни сенімін ашық білдірген адамға күмәнмен қарау үрдісі күшейгенін атап өтті. Данияр Кенжеұлы қоғамда дінді ұстануға емес, оны ашық көрсетуге қатысты қысым қалыптасып келе жатқанын айтты.

"Дініңді мешіттен шығармаңдар”, “Дінді ішіңде ұстан”, “Мұсылман екеніңді көрсетпе” деген сөздердің астарына үңіліп көрдіңіз бе? Шын мәнінде, бұл адамға емес, оның сеніміне айтылып жатыр. Саған “сен мұсылман болма” демейді. “Мұсылман екеніңді көрсетпе” дейді", – деп атап өтті Данияр Кенжеұлы. 

Оның сөзінше, қазақ қоғамында дін мен дәстүр ғасырлар бойы қатар қалыптасқан. 

"Қазақтың жүрегіне иман ғасырлар бойы ананың әлдиімен, атаның батасымен, жыраудың жырымен, батырдың ұранымен бірге сіңді. Сондықтан бір адамның қатесін тұтас Исламның бетіне күйе етіп жағу әділдік емес. Қателескен мұсылманды сынаңыздар. Заң бұзса, заңмен жауап берсін. Надандық жасаса, біліммен түзелсін", – деді уағызшы.

"Оны үлкен мәселеге айналдырудың қажеті жоқ"

Ал осы мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы да өз түсініктемесін берді. Діни басқарма суретте көрсетілген су ішу әдебін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде келген көркем әдептердің бірі деп түсіндірді.

"Пайғамбар сүннетін насихаттау – халқымыздың діни танымына жат дүние емес. Сондықтан көпшілікке белгілі осындай қарапайым діни әдептің қоғамдық орында көрсетілуін әсірелеп, оған өзгеше сипат берудің немесе үлкен мәселеге айналдырудың қажеті жоқ деп санаймыз. Сонымен бірге кез келген діни насихат даналықпен, көркем мінезбен және ешкімге мәжбүрлеусіз жүргізілуі тиіс. Ислам діні де адамдарға ізгі құндылықтарды осындай жолмен жеткізуге үндейді", – дейді діни басқарма.

Оқиғаның басы Алматыдағы Жандосов көшесінде орналасқан Urbo Coffee кофеханасында болған. Кофеханаға редакция тарапынан хабарласқанымызда, мекеме өкілі түсініктеме беруден бас тартып, телефон тұтқасын қойып тастады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 17:41