Алматылықтар автобус мен метродағы адамдар кептелісіне шағымданды: Әкімдік мәселені қалай шешпек
Алматылықтар қаладағы қоғамдық көліктің аздығы мен метродағы адамның көптігі туралы айтып, жанайқайын жеткізді. Тұрғындар автобустың сирек жүріп, адамдардың кептелуі адам өліміне немесе ауыр жарақат алуына әкеліп соғады деп дабыл қақты. Жергілікті биліктің уәдесіне тойған халық қалада үлкен автобустарды көбейтуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Автобус мәселесін көтерген желі қолданушысы Алматы қаласының әкімдігі, Қалалық мобильділік басқармасы мен Тоқаевқа үндеу жасады.
“Бұл – қарбалас уақытта, таңғы сағат 07:30-да түсірілген №118 автобус. Мен күн сайын жұмысқа барарда өзімді заманауи мегаполисте тұратын адам емес, консерві қалбырына күштеп тығылған мал сезінемін. Адамдар автобус баспалдағында салбырап тұр, есіктер жабылмайды. Жүргізуші кенет тежегіш басса, біреу дөңгелек астына түседі. Салонда дем алу мүмкін емес. Әйелдер, қарттар мен балалар терезеге қысылып тұр. Тіпті бір жұтым ауа жұту үшін шынтақпен арпалысуға тура келеді. Сіздер жылдар бойы көлік реформасы, экология және миллиондаған бюджет қаражаты туралы айтып келесіздер. Қала тұрғындарын қоғамдық көлікке көшуге шақырасыздар. Сонда мына автобусқа мінсін дейсіздер ме? Шенеуніктер салқындатқышы бар жайлы қызметтік көліктерімен жүргенде, мыңдаған алматылық күн сайын жұмысқа жету үшін денсаулығы мен өмірін қатерге тігуге мәжбүр”, – деп жазды ашынған жазба авторы.
Ол биліктегілерден автобус қозғалысының аралығын реттеп, №118 бағытқа тіркемелі қоғамдық көлік шығаруды талап етті. Айтуынша, осылайша қайғылы жағдайдың алдын алуға болады.
Автордың бұл жазбасына қаланың Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы жауап берді. Осы жағдайдан кейін "Алматыэлектротранс" ЖШС қарбалас уақытта №118 автобустың санын 22-ден 25-ке дейін көбейткен.
“Сарбалас уақытта автобустардың жүру аралығын қысқарту үшін жаңа қозғалыс кестелері әзірленді. 19 қазаннан бастап жолаушылар көп қатынайтын бағыттарға қосымша 40-қа жуық автобус шығару жоспарланған”, – делінген басқарма жауабында.
Сондай-ақ №38 автобустағы жолаушылардың видеосы да желі қолданушыларын бейжай қалдырмады.
“Бұл – №38 автобустың екінші жағдайы. Екінші видеоны мұқият қараңыздар: қызды автобусқа күшпен итеріп кіргізді. Адам көптігінен автобустың есігі жабылмай, қыздың аяғы сыртта қалып қойды. Егер автобус қозғалып кетіп, жолаушы дөңгелектің астына түссе, оған кім жауап беретін еді? Сіздер мұны "оңтайландыру" деп атайсыздар ма”, – деп жазды автор.
Бұл жазбаға да Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы жауап берді. Басқарманың мәліметінше, №38 автобус бағытының жұмысын жақсарту мақсатында қозғалыс кестесі қайта қаралып, рейстер саны көбейтілген. Сондай-ақ автобустардың аялдамаларда тұру уақыты қысқартылды деп жауап берді басқарма өкілдері.
“Жолдардың, әсіресе қарбалас уақытта, шамадан тыс жүктелуіне байланысты автобустардың кешігуі және қозғалыс кестесінен ауытқуы байқалады. Салдарынан автобустардың жүру аралығы ұзарып, аялдамаларда жолаушылар жиналып қалады”, – деп ақталды басқармадағылар.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, "Алматыэлектротранс" ЖШС қарбалас уақытта жолаушылар көп жиналатын аялдамаларға қосымша бос автобустар жіберіп жатыр.
"Қарбалас уақытта кейбір бағыттарда жолаушылар ағыны артады. Соның салдарынан адамдардың келіп тоқтаған автобусқа мінуі қиындайды. Бұл ретте кестеде қарастырылған барлық автобус жоспарға сай бағытқа шығып жүр. Жағдайды жақсарту үшін "Алматыэлектротранс" ЖШС жолаушылар ең көп жиналатын аялдамаларға қосымша бос автобустар жіберіп жатыр", – делінген әкімдік хабарламасында.
“4 сағат автобусқа сыймай тұрдым”
Желідегілер тіпті автобустарға кезекшілік қоюды ұсынды.
“1,5 сағат автобус күттік. Кезекшілік қойып, реттеуге болмайды ма?”, “4 сағат автобусқа сыймай тұрдым”, “Таксилер жолды жауып тұрғандықтан автобустар өте алмай тұр. Такси ұстайтын жерді көшіру керек, апорттан шығатын машиналарды бағдаршаммен реттеу керек”, “Кептелісті қолға алу керек. Күнде осы мәселе”, “Енді автобус пен тролейбустарға міне алмаймыз ба? Ұзақ күтесің, оның үстіне ішінде адам толып келеді”, “Көлік алу керек болды”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.

Адамдар кептелісіне қарамастан автобустар саны қысқарады
Компания өкілдерінің айтуынша, диспетчерлер бағыттардағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Қарбалас уақытта жолаушылар көп жиналған аялдамаларға қосымша автобустар жедел жіберіледі.
"Бұл жолаушыларға келесі рейсті күтпей, автобусқа еркін мінуге мүмкіндік береді", – деді "Алматыэлектротранс" ЖШС пайдалану бөлімінің басшысы Алмаз Төлегенов.
Осылайша, Алматы әкімдігі жолаушылар ағынын реттеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Алайда Алматы қалалық қоғамдық көлік басқармасы тамыз айында қалалық маршруттардағы автобустар санын қысқартуды көздейтін комиссия отырысының хаттамасын жариялады. Құжатқа сәйкес, жұмыс күндері автобустардың желіге шығу саны 20%-ға дейін, сенбіде 10%-ға дейін, жексенбіде 25%-ға дейін, ал мереке күндері 35%-ға дейін қысқаруы мүмкін. Осы хаттама 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарды реттейді және 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
Кейін басқарма жолаушылардың тәуліктің әр уақытында қаншалықты көп қатынайтынын зерттеп, автобустардың жүру кестесінің түзетілгенін хабарлады.
“Қоғамдық көлікке түсетін негізгі жүктеме таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта байқалады. Ал күндіз жолаушылар саны азаяды. Осыған байланысты автобустардың қозғалыс кестесі көлікті тәулік бойы тиімді бөлу үшін қайта қаралған. Тасымалдаушыларға жолаушылар көп жүретін бағыттарда қарбалас уақытта автобустар санын көбейту ұсынылған. Қажет болған жағдайда жолаушылар ағыны көп аймақтарда резервтегі көлікті де пайдалануға болады”, – деп түсіндірді қоғамдық көлік басқармасы.
Ведомство маршруттардың жүктемесі мен автобустардың қозғалыс аралықтарын бақылап отыр. Қажет болса, кестелер нақты жолаушылар ағынына қарай қайта түзетіледі деп ескертті.
Сондай-ақ әкімдік өкілдерінің айтуынша, автобустар жеткілікті болғанның өзінде жол кептелісі олардың айналым уақытына, қозғалыс тұрақтылығына және белгіленген аралықтардың сақталуына айтарлықтай әсер етеді.
Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, қарбалас уақытта жолаушылардың 30%-дан астамы жол ақысын төлемейді. Бұл жолаушылар ағынын есепке алуға және рейстерді жоспарлауға әсер етеді.
Қандай маршруттар қамтылған?
Хаттамада көрсетілгендей, комиссия тасымалдаушылардың тарифтер бойынша есептерін субсидиялау қағидалары аясында қарап, №1, 2, 3, 4, 5, 5а, 56, 58, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 29р, 30, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50, 51, 52, 53, 54, 55, 56, 57, 58, 59, 60, 61, 62, 63, 64, 65, 66, 67, 68, 69, 70, 71, 72, 73, 74, 75, 76, 717, 78, 79, 80, 81, 83, 84, 85, 86, 87, 88, 89, 90, 91, 92, 93, 95, 96, 97, 98, 99, 100, 101, 102, 103, 104, 105, 106, 107, 108, 109, 110, 111, 112, 113, 114, 115, 116, 117, 118, 119, 120, 121, 122, 123, 124, 125, 126, 127, 128, 129, 130, 131, 132, 133, 134, 135, 136, 137, 138, 139, 140, 141, 142, 143, 144, 145, 201, 202, 203, 204, 205, 206, 207, 208, 209, 210, 211, 212, 213, 214, 215, 216, 217, 218, 219, 220, 221, 222, 223, 224, 225, 226, 227, 228, 229, 230, 231, 232, 233, 234, 235, 236, 237, 238, 239, 240, 241, 242, 243, 244, 245, 246, 247, 248, 249, 250, 251, 252, 254, 255, 256, 257 және 258-автобус бағыттарына қызмет көрсету тарифтерінің есептерін бекіткен. Сонымен қатар №1, 5, 6, 7, 9, 11, 12, 19 және 25-троллейбус бағыттарына қатысты есептер де мақұлданған.
Алайда есептер консультанттардың барлық бағыт бойынша желіге шығатын көліктер мен айналым рейстерінің санын қысқарту туралы ұсыныстары ескеріле отырып бекітілген.
Алматылықтар қала көшелеріндегі кептеліс жердің астында да пайда болғанын айтып жатыр. Тұрғындар метродағы адамдардың көптігін айтып, желіде көптеген видеолар мен жазбалар жариялады.
“Алматыдағы кептеліс жер астына да жетті ме? Метро станцияларының бірінде жолаушылар көп жиналып, пойыз күтіп тұр. Адам көбейген сайын бос орын да азайып барады”, – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір алматылық таңғы сағат 8:30-да Бауыржан Момышұлы бекетіндегі адамдарын кептелісін видеоға түсіріп алған.
"Метрополитен" КМК мәліметінше, Бауыржан Момышұлы бекетінде жолаушылардың көп жиналуына бірнеше автобустың бір уақытта келуі себеп болған. Салдарынан жолаушылар ағыны артып, турникеттер алдында кезек пайда болған.
“Станцияда екі кіреберіс бар. Онда барлығы 12 турникет орнатылған: төртеуі Q жүйесі, ал сегізі "Оңай" жүйесі арқылы төлем қабылдайды. Бекітілген кестеге сәйкес, әр ауысымда төрт қызметкер жұмыс істейді”, – деп жауап берді қалалық Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы.
Алматы метросында қосымша пойыздар қашан іске қосылады?
Алматы метросында жолаушылар саны күрт артқан. 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 20 қазан аралығында метроны тәулігіне орта есеппен 130 мың адам пайдаланған. Бұл тамыз айындағы көрсеткіштен 73,3%-ға көп. Жолаушылар ағынын азайту үшін қосымша 10 пойыз сатып алу жоспарланып отыр. Алғашқы екеуі 2027 жылдың ақпанында жолаушылар тасымалына қосылуы мүмкін.
“Жолаушылар ағыны әсіресе таңертең және кешке артады. Таңғы қарбалас уақытта бір сағатта 11 мың адамға дейін, ал кешкі уақытта 9 мың адамға дейін метро қызметіне жүгінеді. Қазір метро пойыздарына қосымша вагондар тіркеп, олардың ұзындығын арттыру мүмкін емес. Себебі қолданыстағы жылжымалы құрамның техникалық сипаттамалары бұған мүмкіндік бермейді. Жолаушылар ағынын реттеу үшін пойыздардың жүру кестесі нақты жүктемеге қарай түзетіледі. Сонымен қатар бекеттердегі адам санын бақылап, жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатыр. Қарбалас уақытта метро қызметкерлері полициямен бірлесіп жұмыс істейді”, – деп хабарлады Алматы метрополитені.
Метрополитеннің қазіргі паркінде 15 пойыз құрамы бар. Бұл қарбалас уақытта желіге шығатын пойыздар санын көбейтуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты қосымша 10 электр пойызын кезең-кезеңімен сатып алу жоспарланған.
- 2026 жылғы желтоқсан: алғашқы екі пойызды жеткізу;
- 2027 жылғы ақпан: алғашқы екі пойызды пайдалануға беру;
- 2027 жыл: тағы үш пойыз сатып алу;
- 2028 жыл: қалған бес пойызды сатып алу.
Жаңа пойыздар желідегі қозғалыс жиілігін арттырып, бекеттердегі жүктемені азайтпақ.

Метроға кіретін турникеттер жаңартылады
Жолаушылар ең көп жиналатын бекеттер – "Райымбек батыр", "Абай", "Байқоңыр" және "Бауыржан Момышұлы" бекеттері.
“Таңғы сағат 07:00-ден 09:00-ге дейін және кешкі сағат 17:00-ден 19:30-ға дейін бұл бекеттерде қызметкерлер саны көбейтіледі. Олар турникеттер мен эскалаторлар маңындағы жолаушылар қозғалысын реттеп, платформаларда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар метроға кіретін турникеттердің жұмысын жаңарту жоспарланған. Қазір метрополитеннің 11 бекетінде барлығы 95 кіру турникеті бар. Оның 49-ы QR-коды бар билеттерді және банк карталарын, соның ішінде Apple Pay мен Samsung Pay төлемдерін қабылдайды. Ал қалған 46 турникет тек "ОҢАЙ" көлік карталарымен жұмыс істейді”, – деп хабарлайды метрополитен.
Сондай-ақ жолаушылардың 50%-дан астамы "ОҢАЙ" картасын пайдаланады. Сондықтан барлық турникетті осы төлем жүйесімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Метрополитен мәліметінше, 2026 жылдың соңына қарай барлық 95 кіру турникеті қолжетімді төлем тәсілдерін, соның ішінде "ОҢАЙ" карталарын қабылдауы тиіс. Бұл билет кассаларындағы кезекті азайтып, метроға кіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Метрополитен шығу турникеттерін екі бағытта да жұмыс істейтіндей етіп жаңарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазір бұл жұмыстарға қажетті шығындар есептеліп жатыр.
Жоспар бойынша, жолаушылар көп жүретін бекеттерде шығу турникеттерінің функциялары кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Яғниғ жолаушылар ағынына қарай оларды метроға кіру немесе одан шығу үшін пайдалануға болады.
Метрополитеннің мәліметінше, бұл өзгерістер турникеттерді тиімді пайдалануға, жолаушылар ағынын біркелкі бөлуге және кезекте күту уақытын қысқартуға көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін алматылықтар қарбалас уақытта автобустар мен метродағы адам көптігіне шағымданған еді. Тұрғындардың айтуынша, қоғамдық көлік лық толып, кейде бірнеше пойызды күтуге тура келеді. Қала әкімдігі мәселені автобустардың жетіспеушілігімен емес, жолдардағы кептеліспен байланыстырады. Қазір Алматыда күн сайын 3 200 автобус желіге шығады.
Алматылықтар автобус мен метродағы адамдар кептелісіне шағымданды: Әкімдік мәселені қалай шешпек