Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңалту орталығына қаржы табылмаған Павлодарда жаз бойы әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен

Ертіс
Фото: pavon.kz

Биыл жазда Павлодарда шетелдік және қазақстандық танымал әншілердің қатысуымен бірнеше тегін концерт өтті. Қала әкімдігі өнерпаздардың гонорарларын демеушілер төлегенін мәлімдеген еді. Алайда ұйымдастырылған концерттердің нақты қаншаға түскені белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаз бойы Ertis Promenade сахнасында британдық әнші Jay Sean, неміс рэпері Nana, Светлана Лобода, Доминик Джокер, МакSим, Согдиана және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Қала билігі концерттерге бюджеттен бір тиын қаржы жұмсалмағанын, әншілердің ақысын демеушілер төлегенін бірнеше рет айтқан. Дегенмен "Время" газетінің жазуынша, Павлодарда әлі шешілмеген әлеуметтік мәселелер бар. Сондықтан басылым демеушілердің қаржысын тұрғындарға қажет басқа жобаларға жұмсауға болмас па еді деген мәселе көтеріп, сауал жолдайды.

Мәселен, қаладағы "Самал" оңалту орталығын жөндеуге әкімдіктен қаржы табылмаған. Кейін ғимарат тиісті лицензиясы жоқ қоғамдық қорға берілген. Басылым осы жағдайды мысалға келтіріп, қалада әлеуметтік нысандарға қаржы жетпей жатқанда қымбат концерттер ұйымдастыру қаншалықты орынды деген сұрақ қойған. Осыған байланысты "Время" журналистері жазда Павлодарға келген шетелдік әншілердің өнер көрсету ақысы қанша болуы мүмкін екенін есептеп шығыпты. Ол үшін концерт ұйымдастыратын агенттіктер мен ашық дереккөздерде жарияланған бағаларды негізге алған.

Мәселен, шілдеде Светлана Лободаның Алматыдағы жеке кеште өнер көрсеткені үшін 150 мың еуро алғаны хабарланған. Ұшақ билеті, қонақүй және басқа да шығындарды қосқанда, әншіні шақыру шамамен 93 миллион теңгеге түскен.

Ал ресейлік әнші МакSимнің бір концертке алатын гонорары бірнеше миллион рубльге бағаланады. Шетелге барып өнер көрсету құны 6 миллион рубльге дейін жетуі мүмкін. Бұл шамамен 34 миллион теңге.

Британдық әнші Jay Sean-ның гонорары 40 мыңнан 120 мың долларға дейін барады. Теңгеге шаққанда шамамен 18-54 миллион теңге. Нақты сома концерттің өтетін жеріне, ұзақтығына және ұйымдастырушылармен жасалған келісімге байланысты. Согдиана мен Миша Марвиннің әрқайсысын шақыру бағасы 10 мың еуродан, яғни шамамен 5 миллион теңгеден басталады.

Ал "Винтаж" тобының бір концертке алатын ақысы шамамен 3,4 миллион теңгеден, Hi-Fi тобыныкі 1,6 миллион теңгеден, "Краски" тобыныкі 670 мың теңгеден басталады. BURITO-ның бір концертке алатын ақысы шамамен 8,4 миллион теңге болса, Доминик Джокердің гонорары 3,4 миллион теңгеден басталады.

Басылымның есебінше, шетелдік өнерпаздардың жарияланған гонорарларын қосқанда шамамен 250 миллион теңге шығады. Бұл сомаға қазақстандық әншілердің ақысы, ұшақ билеттері, қонақүй мен басқа да шығындар кірмеген.

"Время" газеті нақты шығындарды білу үшін Павлодар әкімдігіне сауал жолдаған. Қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева концерттерді қаржыландыруға қатысқан 15 ұйымның тізімін ұсынған. Олардың арасында "Ертіс Көмек", "Ертіс жүрегі" қоғамдық қорлары, сондай-ақ бірнеше компания мен қонақүй бар. Әкімдік мәліметінше, демеушілер қаланың мәдени өмірін дамытуға және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге қолдау көрсеткен. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен "Ертіс Көмек" қоры арасында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға арналған меморандум жасалған. Оның аясында мәдени шараларды да қаржыландыру қарастырылыпты.

Басылым "Ертіс Көмек" қорының 2024 жылғы есебіне де назар аударған. Онда Екібастұздағы теміржол вокзалын жөндеу, су тасқынынан зардап шеккендерге үй салу, ауруханаларға медициналық жабдықтар алу, көшелерді жарықтандыру және басқа да әлеуметтік жобаларға қаржы бөлінгені көрсетілген.

Бұдан бөлек, "Время" концерттерге қолдау көрсеткен "Ертіс жүрегі" қоғамдық қорының 2026 жылғы концерт маусымы басталардан бірнеше апта бұрын ғана тіркелгенін жазған. Басылым қордың құрылу уақыты мен концерттерді қаржыландыруға қатысуына қатысты қосымша түсініктеме қажет деп есептейді.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар әкімдігі 2026 жылы қаладағы барлық мерекелік шаралар мен концерттерді ұйымдастыру шығындарына бюджеттен 93 миллион теңге бөлінгенін хабарлаған. Бұл қаражат әншілердің гонорарларына емес, ұйымдастыру жұмыстарына арналған еді.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 30 Қазан, 2026 11:48