Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді

Педиатр
Фото: Pexels

Әлеуметтік желіде педиатрия бөлімшелерінің жабылуы мүмкін екені туралы жазба жарияланып, ата-аналар арасында талқылау басталды. Сөзінше, енді балаларды педиатр емес, терапевт немесе жалпы практика дәрігері қабылдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

 

Threads қолданушыларының бірі 1 қарашадан бастап педиатрия бөлімшесі жабылатынын естігенін жазған. Оның сөзінше, енді балаларды терапевт қарауы мүмкін. Бұл ақпарат ата-аналарды алаңдатып, балалардың денсаулығына қатысты мәселелерді арнайы маман-педиатр қарауы керек пе деген сұрақ туғызды.

оооооо
Фото: Әлеуметтік желіден

“Бүгін педиатрия бөлімінің 1 қарашадан бастап жабылатынын естідім. Енді бүлдіршіндерді терапевт қарайды дейді. Шынымды айтсам, осы шешімнің қаншалықты дұрыс екенін түсінбей отырмын. Балалар мен ересектердің ағзасы екі түрлі емес пе? Балалардың денсаулығына қатысты мәселелерді арнайы балалар дәрігері – педиатр қарағаны дұрыс емес пе? Осы өзгеріс туралы не ойлайсыздар? Ата-аналар, сіздер не дейсіздер?”, – деп жазды қолданушы.

Педиатр бар болса, тексере береді

Денсаулық сақтау министрлігі емханаларда қажетті мамандар болған жағдайда жеке педиатриялық учаскелердің жұмыс істеу мүмкіндігін сақтауды жоспарлап отыр.

“Бұл балаларға тіркелген жері бойынша тікелей педиатрдан алғашқы медициналық көмек алуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Ұсынылып отырған өзгерістер педиатриялық қызметті нығайтуға бағытталған және жалпы практика дәрігерлерінен бас тартуды көздемейді. Медициналық ұйымдар кадрмен қамтамасыз етілуін және халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, балаларға медициналық көмек көрсетудің өздеріне қолайлы моделін таңдай алады”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың маусымынан бері емханаларда педиатриялық бөлімшелер ашылып жатыр. Соңғы бір жылда 366 бөлімше ашылған.

Педиатр пікірі

Редакциямызға педиатр Ғазиз Білкенов осы жағдай бойынша сұхбат берді. Сөзінше, баланы туғаннан бастап нақты қай маманның бақылағаны аса маңызды емес. Ең бастысы, дәрігер баланың ағзасының ерекшеліктерін және даму кезеңдерін жақсы білуі керек.

“Жалпы практика дәрігерлерінің (ЖПД) арасында бұл мәселелерді жақсы меңгерген мамандар көп. Дегенмен, пайыздық қатынаста педиатрлардың бұл бағыттағы білімі көбірек. Сондықтан еліміздегі қазіргі жағдай мен білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, балаларды бақылауды әзірге педиатрларға қалдырған дұрыс”, – деді педиатр Ғазиз Білкенов.

Сондай-ақ, Ғазиз Білкенов алдағы уақытта жалпы практика дәрігерлері амбулаториялық педиатрияның міндеттерін атқара алады. Бірақ ол үшін білім беру бағдарламасында педиатрияға көбірек уақыт бөлінуі қажет екенін айтты.

“Қазіргі жағдайда 0-5 жас аралығындағы балаларды педиатрлардың бақылауында қалдырған дұрыс. Өйткені дәл осы кезеңде баланың дамуындағы аса маңызды өзгерістер болады. Оларды мұқият бақылау қажет”, – деді педиатр.

Ғазиз Білкенов педиатрларды қысқартқан жағдайда балалар денсаулығына қандай мәселелер туындауы мүмкін екенін де түсіндірді. Сөзінше, негізгі қауіптердің бірі — ерте жаста пайда болатын және емдеуді немесе түзетуді қажет ететін аурулардың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтамай қалу.

“Алайда тәжірибеде біз көбіне басқа мәселеге тап боламыз: кейде өздігінен жазылатын, тек бақылауды қажет ететін жағдайларда балаға артық ем тағайындалады. Мұндай кезде емді ерте бастау керісінше проблема тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, профилактикалық екпелерге қатысты мәселелерді педиатрлар жақсырақ меңгерген. Ал вакцинация — амбулаториялық педиатрияның негізгі бағыттарының бірі”, – деді педиатр.

Сондай-ақ педиатр мұндай өзгерістер ауруларды ерте диагностикалауға және балаларды профилактикалық тексеруге қалай әсер етуі мүмкін екенін де түсіндірді.

“Егер қазір барлық педиатриялық учаскелер жабылып, олардың міндеттері жалпы практика дәрігерлеріне жүктелсе, басқа бейінді мамандарға түсетін жүктеме артуы мүмкін. Себебі жалпы практика дәрігері балалар ағзасының барлық ерекшеліктерін жеткілікті деңгейде білмеуі мүмкін. Соның салдарынан балаларды басқа мамандардың кеңесіне жиірек жіберуге тура келеді”, – деді педиатр Ғазиз Білкенов.

Сөз соңында , бұл істің нәтижесінде ата-аналар мен балалар кезекті ұзақ күтуі мүмкін. Ал күту барысында кейбір ауруларды анықтау мен емдеудегі маңызды кезеңдер назардан тыс қалуы ықтимал екенін айтты.

Бұған дейін денсаулық сақтау басқарманың мәліметінше, Қазақстанда емханалардағы педиатриялық бөлімдер Отбасылық денсаулық орталықтарына айналды. Мұнда медициналық көмек жалпы практика дәрігерлері (ЖПД) арқылы көрсетіледі.

“Бұл дәрігерлер ересектерді де, балаларды да қабылдай алады”, – деп жауап берді министрлік.

Басқарма мәліметінше, негізгі қағидалар бойынша бір отбасының барлық мүшесін бір жалпы практика дәрігері бақылайды. Егер бала ауырып қалса, ең алдымен сол дәрігерге қаралу керек.

Педиатр тек күрделі жағдайларда консультация үшін шақырылады:

  • диагноз қою қиын болса;
  • ем нәтиже бермесе;
  • созылмалы немесе ауыр ауру болса;
  • емдеу немесе вакцинация бойынша дау туындаса.

Педиатрдың жаңа рөлі:

  • Жалпы практика дәрігеріне балалар ауруларын диагностикалау мен емдеу бойынша кеңес беру.
  • Вакцинация алдында балаларды қарау.
  • Мобильдік бригадамен балаларға барған кезде кеңес беру.
  • Балалардың ауруларын үйлестіріп басқару және патронажды ұйымдастыру.
  • Баланың дамуы кабинеті немесе ерте араласу орталығын үйлестіру.

Өз жауабында басқарма педиатрға қалай қаралу керектігін де түсіндірді. Сөзінше, алдымен жалпы практика дәрігеріне қаралу керек. Қажет болса, ол педиатрға бағыттайды.

“Бұл жүйе бір дәрігер отбасының барлық мүшелерінің денсаулығын біледі. Сондықтан сізге және балаларға жылдам әрі нақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Педиатрдың функциялары: күрделі жағдайларда кеңес беру және диагностикалық көмек көрсету. Ал ем тиімді болмаған жағдайда ем тактикасын түзету. Созылмалы аурулары бар балаларды динамикалық бақылау. Сондай-ақ профильдік стационарлармен телемедициналық консультациялар жүргізу. Сондықтан, басқа жағдайда балаларды қабылдау жалпы практика дәрігерлері арқылы жүзеге асырылады”, – деп түсіндірді министрлік.

Басқарма тұрғындардың алдымен жалпы практика дәрігеріне қаралып, қажет кезінде оны педиатрға бағыттайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханаларда дәрігерлерге жазылу мүмкіндігін әр екі апта сайын тексеруге тапсырма берді.

Ислам Әден
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 17:13