Каспийде қаза тапқан әскерилердің туыстары қорғаныс министрімен кездесті
Қазақстанның Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов әскерде қаза тапқан және ауыр жарақат алған әскери қызметшілердің жақындарымен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесуге әр жылдары әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан және ауыр жарақат алған сарбаздардың туыстарынан құралған бастамашыл топ қатысты. Олардың өтініштерін тыңдауға Бас әскери прокурор мен Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының өкілдері де келді.
Қорғаныс министрі өз кезегінде әр отбасының жағдайы назардан тыс қалмайтынын айтты.
"Қорғаныс министрлігі қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасының қайғысына ортақтасып, туыстарының өтініштеріне түсіністікпен қарайды. Әрбір өтініш мұқият қаралып, нақты жауап беріледі", – деді Айдос Мырзахметов.
Кездесу соңында министр әрбір жағдайды жеке қарап, туыстары ұсынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерделейтінін жеткізді.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Ресми мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметкер теңізге кеткен еді. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 24 қыркүйекте сағат 22:30-да премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу және жедел-іздестіру шаралары басталған. Қажетті сот сараптамалары да тағайындалған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Қайғылы жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Кейін Тоқаев қорғаныс министрі қызметіне Айдос Мырзахметовті тағайындаған еді. Президент жаңа қорғаныс министріне әскердегі басқару жүйесін жетілдіруді тапсырды.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
