Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Клиникалық өлімді бастан өткерген қазақстандық ер адамға әйелі бүйрегін берді

Донор
Фото: Видеодан скрин

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханада науқасқа тірі туыс донордан бүйрек трансплантациясы жасалды. Науқасқа өз жұбайы донор болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Отырар” телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ота 21 қазанда жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, хирургиялық араласудан кейін науқастың зертханалық көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалған. Қазір ерлі-зайыптының жағдайы тұрақты.

Нұржан есімді науқастың денсаулығына қатысты мәселелер биыл тамыз айында басталған. Жұмыс орнында жүргенде ер адамның жүрегі тоқтап, клиникалық өлім жағдайын бастан өткерген. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Тексеру нәтижесінде бүйрек қызметінің айтарлықтай бұзылғаны анықталды. Осыдан кейін науқасқа диализ тағайындалған.

Бастапқыда Нұржанға бүйрегін туған әпкесі беруді жоспарлаған. Алайда медициналық тексеру нәтижелері оның донор болуына мүмкіндік бермеді. Осыдан соң ер адамның жұбайы Айгүл донор болуға шешім қабылдаған. Қажетті медициналық тексерулерден өткен ерлі-зайыпты трансплантацияға шамамен бір ай дайындалған.

Трансплантолог дәрігер Рахымжан Жолдыбековтің айтуынша, отаға дейін науқастың қанындағы креатинин деңгейі айтарлықтай жоғары болған. 

"Трансплантациядан кейін креатинин көрсеткіші 70-ке, несепнәр (мочевина) деңгейі 3,5-ке дейін төмендеді. Донордың да жағдайы жақсы. Қазір екеуінің де жағдайы тұрақты", – дейді дәрігер.

Алдағы уақытта ерлі-зайыпты оңалту кезеңінен өтіп, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада дәрігерлер үш адамға өмір сыйлаған донорды құрметпен шығарып салғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 18:37