Канадалық компания Қазақстандағы алтын-мыс кен орнын игеруге 24,7 миллион доллар жұмсамақ
Канадалық Mogotes Metals компаниясы Қазақстандағы қызметін кеңейтіп, Павлодар облысындағы Бесқауға алтын-мыс-күміс жобасын игеруге кіріспек. Компания кен орнын толық сатып алу құқығына ие болу үшін 24,7 миллион долларға дейін төлеуді көздеп отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Компания 2026 жылғы 27 қазанда “Астана” халықаралық қаржы орталығында Mogotes Metals Kazakhstan Ltd. холдингтік компаниясын тіркеген. Жаңа құрылым геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын серіктестіктер мен басқа да ұйымдардағы үлестерді иеленеді. Оның жарғылық капиталы 1 мың долларды құрайды.
Қазақстандағы жаңа компания Mogotes Metals Kazakhstan Inc. арқылы канадалық Mogotes Metals Inc. тобына тиесілі. Қазақстандық құрылымның басшысы болып бас компанияның жетекшісі Набил Аллен Сабет тағайындалған.
Кен орнын сатып алу қалай жүзеге асады?
Mogotes Metals 2026 жылғы ақпанда Швейцарияның Copperbelt AG геологиялық барлау компаниясымен келісім жасасқан. Келісім бойынша канадалық компания “Достық” ЖШС-нің 100% үлесін сатып алу құқығына ие болды. Бұл кәсіпорын Бесқауға кен орнында барлау жүргізуге арналған лицензияны иеленеді.
Мәміленің жалпы құны 24,7 миллион долларға дейін жетуі мүмкін. Алайда бұл қаражат бірден төленбейді: келісімде төлемдерді 2029 жылғы ақпанға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асыру қарастырылған.
Компанияның мәліметінше, бастапқы төлем 2,5 миллион долларды құрайды. Оның 1,5 миллион доллары қолма-қол ақшамен, ал қалған 1 миллион доллары ақшалай немесе компания акцияларымен төленуі мүмкін. Бұдан кейін 2027, 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1 миллион доллардан төлеу жоспарланған. Қалған 19,2 миллион доллар 2029 жылғы 8 ақпаннан кешіктірілмей аударылуға тиіс.
Дегенмен компания жариялаған материалдарда бастапқы төлем сомасына қатысты айырмашылық бар: бір бөлімде 2,5 миллион доллар, екіншісінде 2,3 миллион доллар көрсетілген.
Бұдан бөлек, Mogotes Metals геологиялық барлау жұмыстарына кемінде 860 мың доллар жұмсауға және 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін өндіруге арналған лицензия алу үшін өтінім дайындауға міндеттенген.
Бесқауға кен орны туралы не белгілі?
2022 жылғы ресурстарды бағалау нәтижесіне сәйкес, Бесқауға-Мейн кен орнында 203,8 миллион тонна кен бар. Оның 111,2 миллион тоннасы анықталған ресурстар санатына, ал 92,6 миллион тоннасы болжамды ресурстар санатына жатады.
Компанияның бағалауынша, алтын, мыс және күміс кездесетін минералданған қабат жер бетінен шамамен 40 метр тереңдіктен басталады.
2022 жылғы бағалаудан кейін Mogotes Metals жалпы ұзындығы 18 657 метр болатын 28 ұңғыма бұрғылаған. Компанияның мәліметінше, зерттеу нәтижелері минералдану бұрын есептелген аумақтан тыс жерлерде де жалғасуы мүмкін екенін көрсеткен. Лицензия аумағында қосымша зерттеуді қажет ететін бірнеше учаске бар.
Компанияны Қазақстанға не қызықтырды?
Mogotes Metals Бесқауға кен орнында бұрғылау жұмыстарының құнын бір метрге шамамен 100 доллар деп бағалайды. Компания Қазақстанда жыл бойы үздіксіз жұмыс жүргізу мүмкіндігін де қарастырып отыр.
Бұған оның Қазақстандағы жобасы мен Оңтүстік Америкадағы негізгі жобасының маусымдық ерекшеліктері себеп. Қазақстанда далалық жұмыстар Солтүстік жартышардың жаз мезгіліне сәйкес келсе, Аргентина мен Чили орналасқан Оңтүстік жартышарда жаз басқа уақытта болады.
Компанияның дерегінше, кен орнынан 20 шақырым қашықтықта теміржол мен асфальтталған автомобиль жолы бар. Электр желісі де кен орнының аумағы арқылы өтеді. Ал Павлодар қаласы жобадан шамамен 70 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан.
Mogotes Metals бас директоры Набил Аллен Сабет бұған дейін Бесқауға жобасын сатып алу құқығына ие болуды компания үшін маңызды қадам деп атаған. Оның пікірінше, кен орнының әлеуеті, пайдалы қазбалардың құрамы және минералданған қабаттың жер бетіне жақын орналасуы жобаны тартымды етеді.
Mogotes Metals Inc. Канададағы TSX Venture Exchange биржасында MOG тикерімен саудаланады. Қазақстаннан бөлек, компания Аргентина, Чили және АҚШ аумақтарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алтын бағасы 37 мың теңгеге түскен болатын.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
