Freedom инвестициялық қордан қаржыландыру тартты
Freedom Holding Corp. тобы мен негізгі инвесторы "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ-тың еншілес ұйымы — "Qazaqstan Investment Corporation" АҚ болып табылатын Kokzhiyek Fund L.P. Freedom компаниялар тобының инвестициялық жобаларын облигациялық қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.
Келісім шеңберінде Қазақстандағы инвестициялық жобалар қаржыландырылады. Олардың қатарында деректер орталықтарын, жасанды интеллектке арналған есептеу кластерін, магистральдық байланыс желілерін, халықаралық байланыс арналары мен платформаларын дамыту, трансшекаралық сауда мен логистиканы өркендету, сондай-ақ экономиканың басқа да салаларындағы жобалар бар.
Freedom цифрлық және технологиялық инфрақұрылымы мен сервистерін жүйелі түрде дамытып келеді: ол телекоммуникациялық активтерін кеңейтіп, мемлекеттік органдармен бірлесіп цифрлық және есептеу инфрақұрылымын құру бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл келісім — топтың қолданыстағы даму жоспарының бір бөлігі. Жобаларды іске асыру клиенттер мен бизнеске ұсынылатын цифрлық шешімдер аясын кеңейтуге бағытталған.
Freedom компаниясының "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымымен ынтымақтастығы институционалдық капиталдың инвестициялық мүмкіндіктерін жеке бизнестің кәсіпкерлік тәжірибесімен және технологиялық сараптамасымен ұштастырады. Мұндай әріптестік стратегиялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге және Қазақстан экономикасының өсуіне жаңа серпін беретін бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
"Мұндай ауқымдағы келісім — жобаларымыздың маңыздылығын мойындаудың белгісі, ал "Бәйтерек" тобының қатысуын Freedom-ға деген сенім ретінде бағалаймыз. Біз Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын әлемдік деңгейге жеткізіп, оның тек өңірлік деңгейде ғана емес, жаһандық нарықта да бәсекеге қабілетті болуына ұмтыламыз. Ол үшін тиісті ауқымдағы технологиялық қуаттылық, байланыс арналары мен логистикалық инфрақұрылым қажет. Келісім аясындағы қаржыландыру еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және цифрлық егемендігін нығайтуға бағытталған ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.", – деді Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді