Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 766 миллиард теңге инвестициялық табыс әкелді
2026 жылдың басынан бері қазақстандықтардың міндетті және ерікті зейнетақы жарналары бойынша инвестициялық табысы 766,32 миллиард теңгеге жетті. Бұған қоса, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары бойынша 139,39 миллиард теңге табыс есептелген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, бұл көрсеткіштер 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша есептелген. 2014 жылы зейнетақы активтері бірыңғай қорда шоғырландырылғалы бері жинақталған инвестициялық табыс 14,3 триллион теңгеге жеткен. Зейнетақы төлемдерін есептегенде, оның үлесі жинақтардың жалпы көлемінің шамамен 40%-ын құрайды. Қордың дерегіне сүйенсек, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылғаннан бері инвестициялық кірістілік 1 090,84% болған. Осы кезеңдегі инфляция деңгейі 1 014,83%-ға жеткен. БЖЗҚ зейнетақы жинақтары ондаған жыл бойы қалыптасатынын атап өтті. Азаматтардың жарналары әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, түскен табыс олардың шотындағы қаражатты көбейтеді. Кейін сол табыстың өзі де қосымша кіріс әкелуі мүмкін. Дегенмен инвестициялық табыс тұрақты болмайды. Оның мөлшеріне қаржы нарығындағы жағдай, бағалы қағаздардың құны және валюта бағамының өзгеруі әсер етеді. Сондықтан жекелеген кезеңдерде кірістілік төмендеуі мүмкін. Қор инвестиция тиімділігін ұзақ мерзімдегі нәтижелер арқылы бағалау қажет екенін ескертеді.

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын қалай басқара алады?
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағын басқару мүмкіндігі кеңейді. Енді азаматтар өз жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға бере алады. Бұл компаниялар ақшаны түрлі қаржы құралдарына салып, одан табыс табуға тырысады.
Салымшыларға тәуекелі мен күтілетін табысы әртүрлі үш инвестициялық стратегия ұсынылады. Қайсысын таңдауға болатыны адамның тәуекелге қаншалықты дайын екеніне және ақшаны қанша уақытқа инвестициялағысы келетініне байланысты. Зейнетақы жинағының қанша табыс әкелгенін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан көруге болады. Ал қор ақшаны қайда инвестициялайтыны туралы ақпаратты өзінің ресми сайтында жариялайды.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік тәртібі өзгереді. Бірақ бұл мемлекет кепілдіктен толық бас тартады деген сөз емес. Өзгерістің нақты мәні – кепілдікті қамтамасыз ету тетігінің жаңаруында.
Айта кетейік, бұған дейін сарапшы зейнетақы жинағын қайда қалдырған дұрыс екенін түсіндірді.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді