Қазақстанда жалдамалы баспана бағасы түсті: Қай қалада тұру арзан
Қазақстанның бірқатар қаласында пәтер жалдау құны төмендеді. Әсіресе Павлодарда екі бөлмелі пәтерлердің айлық ақысы бір айда 50 мың теңгеге арзандаған. Ал Алматы мен Астанада жалдау бағасы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Krisha.kz деректеріне сәйкес, қазан айында еліміздің көптеген қаласында пәтер жалдау бағасы төмендеген. Бағаның ең елеулі өзгерісі екі және үш бөлмелі баспаналарда байқалған.

Павлодарда екі бөлмелі пәтерді жалдау құны бір айда 50 мың теңгеге, яғни 20%-ға арзандаған. Астанада мұндай пәтерлердің айлық ақысы 30 мың теңгеге, Ақтауда 20 мың теңгеге төмендеді.
Үш бөлмелі пәтерлер де арзандаған. Қарағандыда олардың жалдау ақысы 40 мың теңгеге азайса, Ақтау мен Астанада 30 мың теңгеден төмендеген.
Алайда барлық қалада баға бірдей түскен жоқ. Өскеменде бір бөлмелі пәтерлерді жалдау құны 15 мың теңгеге немесе шамамен 10%-ға өскен. Қостанайда үш бөлмелі пәтерлердің айлық ақысы 20 мың теңгеге, Шымкентте 10 мың теңгеге қымбаттаған.
Алматыда бір ай ішінде тек бір бөлмелі пәтерлер арзандаған. Екі және үш бөлмелі баспаналардың жалдау құны өзгеріссіз қалған.

Алматы мен Астанада пәтер жалдау қанша тұрады?
Қазан айының соңындағы мәлімет бойынша, ең қымбат жалдамалы баспана Алматы мен Астанада орналасқан.
Алматыда бір бөлмелі пәтерді жалдау орта есеппен 227,5 мың теңге тұрады. Екі бөлмелі пәтердің айлық ақысы 350 мың теңге, ал үш бөлмелісі 500 мың теңгеге жеткен.
Астанада бір бөлмелі пәтерді жалдау құны орта есеппен 240 мың теңге. Екі бөлмелі баспана үшін 320 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтер үшін 470 мың теңге төлеу қажет.
Ал жалдамалы баспана бағасы ең қолжетімді қалалардың бірі – Тараз. Мұнда бір бөлмелі пәтердің айлық ақысы 90 мың теңге, екі бөлмелісі 120 мың теңге, үш бөлмелісі 150 мың теңге шамасында.
Айта кетейік, Қазақстанда "Ұмай" әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталады.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді