Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанды алдағы жылдары не күтіп тұр? Депутаттар мен сарапшылар президент Жолдауының маңызын түсіндірді

Тоқаев
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан алдағы жылдары халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және елдің болашағына ұзақ мерзімді пайда әкелетін жобаларға қаржы бөлуді көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында мектептер мен ауруханалар салу, ауылдарды дамыту, отандық өндірісті өркендету, балаларға тең мүмкіндік жасау және жаңа технологияларды енгізу мәселелері көтерілді. Халық қалаулылары бұл бастамалар туралы не дейді және олардың ел дамуына ықпалы қандай? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Бүгін салынған мектеп ертеңгі ұрпаққа қызмет етеді

Елді мекендердің жағдайын жақсарту – Жолдаудағы негізгі бағыттардың бірі. Алдағы жылдары мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандарын салып, тозығы жеткен жолдар мен коммуналдық желілерді жаңарту көзделіп отыр. Бұл жұмыстарға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланған.

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов осы шешімнің ел үшін ұзақ мерзімді маңызына тоқталды. Оның пікірінше, мемлекет кейде бірден нәтиже беретін қадамдардан гөрі, жемісі жылдар өткен соң көрінетін істерді таңдауы керек.

Аймағамбетов
Фото: Құрылтайдың Баспасөз қызметі

"Қазіргі саясатта көпшілікке ұнайтын сөз айтып, жағымды уәде беріп, қолдау іздейтіндер көп. Ал елдің ұзақ мерзімді мүддесіне қажет шешімді дер кезінде қабылдап, оның жауапкершілігін көтере білетін көшбасшылық сирек кездеседі. Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауынан дәл осы көшбасшылықты көрдік. Мысалы, шамамен 6,5 триллион теңге инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады: бүкіл ел бойынша әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандар салынады. Бұл қаражатты бір реттік төлемдерге жұмсау оңайырақ әрі көпке ұнар еді. Бірақ Президент елге ондаған жыл қызмет ететін жолды таңдады", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Ауылда жаңа мектеп ашылса, балалардың білім алуына жағдай жасалады. Аурухана салынса, тұрғындардың ем іздеп алысқа сабылуы азаяды. Ал жол мен электр желісі жаңартылса, сол елді мекенде кәсіп ашуға да мүмкіндік туады. Дегенмен мұндай құрылыстарды тек тұрғындарға көрсетілетін қызмет тұрғысынан бағалау жеткіліксіз. Олардың ел экономикасына әкелетін пайдасы да бар.

Экономист Бауыржан Ысқақ бір ірі жобаның өзі бірнеше салаға қатар жұмыс тауып беретінін айтады.

Бауыржан

"Инфрақұрылымға инвестиция салу – экономикалық өсімді ынталандырудың маңызды құралдарының бірі. Мысалы, жаңа автомобиль жолын салу тек жол құрылысы жұмыстарымен шектелмейді. Оған цемент, битум, металл конструкциялары, арнайы техника, жанармай, логистикалық қызметтер және инженерлік мамандар қажет. Осылайша, бір инфрақұрылымдық жоба экономиканың бірнеше саласына қатарынан ықпал етеді. Экономикалық теорияда бұл құбылыс мультипликативтік әсер деп аталады", – деді Бауыржан Ысқақ.

Яғни мемлекет бір жолды жөндеуге қаржы бөлсе, одан құрылысшылар ғана емес, материал өндірушілер, тасымалдаушылар мен техника жеткізушілер де жұмыс табады. Осы тұста тағы бір мәселе бар. Ірі жобаларға бөлінген қаржының елге пайдасы тиюі үшін әр нысан халықтың нақты қажеттілігіне қарай салынуы керек. Оның үстіне құрылыстың сапасы мен қаражаттың қайда жұмсалғаны да қатаң қадағалауды қажет етеді.

Экономика өскені халықтың қалтасынан сезілуі керек

Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі кеңейіп келеді. Жолдауда келтірілген Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылдың қорытындысында еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асуы мүмкін. Ең маңыздысы – экономиканың өсуі нақты жалақыға, жұмыс орындарының сапасына және халықтың сатып алу мүмкіндігіне қалай әсер ететіні.
Халықаралық қатынастар және экономикалық саясат жөніндегі тәуелсіз сарапшы Ерік Батырханов бұл жерде инфляцияны тежеу мәселесіне назар аударды.

 

"Бұл басымдықтардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты және экономиканың тұрақты дамуына бағытталған. Азаматтардың табысы тұрақты өсуі үшін ең алдымен экономиканың өнімділігін арттыру қажет. Ал бұл ұзақ мерзімді қаржыландыруға, кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға және бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасауға байланысты. Президенттің инфляцияны төмендетуге ерекше назар аударуы да осы міндеттермен тікелей сабақтас. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету халықтың сатып алу қабілетін сақтауға, жалақы өсімінің нақты табысқа айналуына және несиелік ресурстардың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді", – деді Ерік Батырханов.

Мәселен, адамның айлығы көбейгенімен, азық-түлік, киім-кешек пен қызмет көрсету бағасы одан да жылдам қымбаттаса, тұрмысы жақсара қоймайды. Сондықтан табысты арттыру мен қымбатшылықты тежеу қатар жүруге тиіс. Қазақстан Халық Кеңесінің ең жас мүшесі Жандос Ақтаев та Жолдаудағы экономикалық өзгерістердің түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын жақсарту екенін атап өтті.

Жандос

"Президент Жолдауының басым бөлігі экономикалық мәселелерге арналса да, оның түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Жолдаудың негізгі мәнін Президенттің “Мемлекет әрекетінің басты бенефициары – Қазақстан халқы” деген сөзі айқын көрсетеді. Алдағы кезеңде азаматтарды жаңа Азаматтық кодекс, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер, бизнеске арналған преференциялар, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және цифрландырудың жаңа кезеңі күтіп тұр. Бұл бастамалардың барлығы елдің экономикалық әлеуетін арттыруға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған", – деп жазды Жандос Ақтаев.
 

Қазақстан шикізат сататын елден дайын өнім шығаратын мемлекетке айнала ала ма?

Қазақстанның жер қойнауы табиғи байлыққа толы. Алайда шикізатты сыртқа сатып, дайын өнімді қайтадан шетелден сатып ала беру ел экономикасының мүмкіндігін шектейді. Сондықтан Жолдауда отандық өндірісті өркендетіп, пайдалы қазбаларды өзімізде терең өңдеу мәселесіне басымдық берілді.

Әзербайжандық саясаттанушы Ризван Гусейнов Қазақстанның бұл бағытын елдің халықаралық экономикадағы орнын өзгертуге бағытталған қадам деп бағалайды.

 

"Тек көлік дәлізі немесе транзиттік орталық болып қалу жеткіліксіз. Қазақстан бұл ретте әлдеқайда мазмұнды үлгі ұсынып отыр. Әңгіме, әсіресе, стратегиялық маңызы бар салаларда өз өндіріс қуаттарын, технологиялық мүмкіндіктерін және толық өндірістік жүйесін қалыптастыру туралы болып отыр. Тоқаев ұстанымының күшті жағы – Қазақстанның шикізат қорын технологиямен, энергетикамен, маман даярлаумен және өндірісті жергілікті жерде дамытумен тікелей байланыстыруында. Президент маңызды металдарды тек сыртқа сатылатын шикізат ретінде емес, елдің әлемдік өндіріс тізбегінен жоғары деңгейде орын алуына мүмкіндік беретін негіз ретінде қарастырады", – деді Ризван Гусейнов.

Бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы зор. Мысалы, елімізде өндірілген металды сыртқа шикізат күйінде жіберудің орнына, одан қажетті бөлшектер мен дайын бұйымдар шығарылса, өнімнің құны артады. Оған қоса зауыттарға инженерлер, технологтар, жұмысшылар керек болады. Жаңа өндірістің айналасында шағын кәсіпорындар ашылып, отандық мамандарға сұраныс артады.

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан да экономикалық дербестіктің маңызын атап өтті. Оның пікірінше, елдің алдында тұрған міндет – бүгінгі жетістіктерді сақтаумен шектелмей, келешекке қуатты экономика қалдыру.

Әшімжан
Фото: Құрылтайдың Баспасөз қызметі

"Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған бұл Жолдаудың мәні ерекше. Себебі бүгінгі міндет – қол жеткізген жетістіктерді еселеу ғана емес, келер ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы қуатты, әлеуметтік мүмкіндіктері тең әрі заң үстемдігі орныққан мемлекетті аманаттау. Президент атап өткендей, күрделі геосаяси жағдайда ел егемендігін нығайтудың басты шарты – ішкі тұрақтылық, қоғамдық келісім және жүйелі еңбек. Бірлік пен тәртіп жоқ жерде тұрақты даму да болмайды. Сондықтан елдің болашағы әрбір азаматтың жауапкершілігіне, мемлекеттік институттардың тиімділігіне және қоғамның ортақ мақсат жолында жұмыла білуіне байланысты болмақ", – деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Ал ауыл шаруашылығында осы міндетті жүзеге асыру үшін егін мен мал өнімдерін терең өңдеуге, су үнемдеуге және дайын тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беретін жүйені дамыту көзделіп отыр. Мұндай өзгерістер ауыл еңбеккерлерінің еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, өнімді тиімді бағамен өткізуіне де жол аша алады.

Ел тәуелсіздігінің экономикалық тірегі қандай?

Өз өндірісін дамыту мәселесі мемлекеттің дербестігімен де тығыз байланысты. Қазір әлемде бір елдегі экономикалық дағдарыс, халықаралық тасымалдағы кедергі немесе энергия тапшылығы басқа мемлекеттерге де әсер етеді. Сондықтан сыртқы өзгерістерге төтеп беру үшін Қазақстанның өз мүмкіндігін нығайтуы маңызды. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының докторы Санат Көшкімбаев егемендіктің экономикалық қырына назар аударды.

"Бүгінде егемендік тек шекарамен немесе дәстүрлі түсініктегі әскермен ғана өлшенбейді. Елдің өзін энергиямен қамтамасыз ете алуы, қажетті технологияларға ие болуы және тұрақты көлік бағыттарының болуы да маңызды. Сондықтан Президенттің ішкі жаңғыру мен халықаралық дербестік арасындағы байланысқа назар аударуы Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Біздің еліміз Еуразиядағы ірі экономикалық және саяси орталықтардың арасында орналасқан, Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шыға алмайды әрі сыртқы көлік, энергетика және технологиялық жүйелерге едәуір тәуелді. Дербес сыртқы саясат жүргізу үшін мықты ішкі негіз қажет", – деді Санат Көшкімбаев.

Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайда сыртқы нарыққа шығатын бірнеше көлік жолының болуы, электр энергиясын жеткілікті өндіру және қажетті технологияларды меңгеру аса маңызды. Қазақстан үшін Каспий арқылы тасымалды дамыту, теміржол желілерін жаңарту, Ақтау мен Құрық порттарының жұмысын жетілдіру осы міндетпен байланысты.

Ризван Гусейнов болса, бұл өзгерістердің Каспий маңындағы мемлекеттерге де пайдасы тиюі мүмкін екенін айтады. Әсіресе Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көлік байланысының нығаюы Азия мен Еуропа арасындағы саудаға жаңа мүмкіндік ашатыны сөзсіз дейді ол.

Жаңа технология адам еңбегін жеңілдетуі керек

Жасанды интеллект пен цифрландыру Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі болды. Алайда жаңа технологияның пайдасы оның қаншалықты қымбат немесе күрделі екенімен өлшенбейді. Ол адамның жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеп, өндірістің тиімділігін арттыруы керек. Ерік Батырханов жаңа технологияларды енгізудің басты өлшемі нақты нәтиже болуы тиіс екенін айтты.

"Президент цифрландырудың нақты пайдаға бағытталуы керектігін атап өтті. Бұл ретте жаңа технологияларды енгізу олардың құнына ғана емес, экономика мен қоғамға беретін тиімділігіне де негізделуі маңызды. Жасанды интеллект басқару, логистика, есеп жүргізу және клиенттермен жұмыс істеу үдерістерін оңтайландырып, кәсіпорындардың шығындарын азайтуға көмектеседі. Осылайша, бұрын ірі компаниялар кеңінен пайдаланған технологиялық шешімдер шағын және орта бизнеске де қолжетімді болып, олардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады", – деді Ерік Батырханов.

Мәселен, кәсіпкер тапсырыстар мен қоймадағы тауарын электронды жүйе арқылы қадағаласа, уақыты үнемделеді. Ал шаруа ауа райы мен топырақтың ылғалдылығы туралы мәліметті пайдаланып, егінін қанша суару керегін анықтай алады. Мемлекеттік органдар да жаңа технологиялардың көмегімен құжаттарды жылдам өңдеп, қаржының жұмсалуын тиімдірек бақылай алады.

Әр баланың білім алуына бірдей жағдай жасалуы тиіс

Келер ұрпақтың қамын ойлау дегеніміз – тек жаңа мектеп салу емес. Сол мектепте әр баланың білім алуына мүмкіндік жасау да маңызды.

Президент Жолдауында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам балаға жағдай жасау мәселесі көтерілді. Үкімет пен әкімдіктерге қажетті инфрақұрылымды дамыту, маман тапшылығын азайту және балалардың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтау жұмыстарын жолға қою тапсырылды. Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова инклюзивті білім беру мәселесінің өзінің депутаттық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

"Бүгінгі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы 237 мыңнан астам баланы инклюзивті біліммен қамту қажеттігін атап өтіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының артып келе жатқанын айтты. Президент Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп қажетті инфрақұрылымды дамытуды, ірі құрылыс жобаларында инклюзивті орта қалыптастыру мәселесін ескеруді, маман тапшылығын азайту мен ерте диагностиканы жүйелі жолға қоюды тапсырды. Сондай-ақ бұл жұмысқа “Қазақстан халқына” қорын тарту қажеттігін атап өтті", – деп жазды Екатерина Смолякова.

Депутат бұған дейін ымдау тілінің мәртебесін көтеру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту жүйесін жетілдіру, бірыңғай ақпараттық платформа құру және ABA-терапияны дамыту мәселелерімен айналысып келгенін жеткізді. Оның пікірінше, баланы мектепке қабылдаумен мәселе шешілмейді. Бастысы – оның өз мүмкіндігіне қарай білім алып, қабілетін дамытуына жағдай жасай алу. Бір балаға арнайы маманның көмегі қажет болса, екіншісіне бейімделген оқу бағдарламасы немесе қолайлы орта керек болуы мүмкін. Мұндай мүмкіндіктер тек ірі қалаларда емес, ауыл-аймақтарда да қолжетімді болуы маңызды, дейді депутат. Өйткені әр бала қай жерде тұрса да, сапалы білім алуға құқылы.

Әлеуметтік көмек адамды аяққа тұрғызуға жәрдемдесуі керек

Жолдауда халықтың тұрмысына қатысты тағы бір маңызды мәселе көтерілді. Ол – әлеуметтік көмектің шынымен мұқтаж адамдарға берілуі. Мемлекет басшысы әлеуметтік төлемдер жүйесін қайта қарап, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруды тапсырды. Санат Көшкімбаев бұл өзгерістерді тек жәрдемақы төлеу тәртібімен шектеуге болмайтынын айтады.

"Жәрдемақы адамды құлдыраудан сақтап қалуы мүмкін, бірақ оның одан әрі көтерілуіне кедергі болатын шекке айналмауы тиіс. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған тәсілдің мәні, менің ойымша, төлемдерді жай ғана қысқартуда емес. Шынымен тұрақты қолдауға мұқтаж адамдар мен мемлекеттің көмегі арқылы өз күнін өзі көре алатын азаматтарды ажырата білу қажет. Қарттар, мүгедектігі бар адамдар, балалар және қиын жағдайға тап болған отбасылар сенімді қорғалуға тиіс. Бұл жерде қаржыны үнемдеуге болмайды", – деді Санат Көшкімбаев.

Сарапшының пікірінше, еңбекке жарамды адамға кейде тұрақты жәрдемақыдан гөрі жұмыс орны, кәсіп үйрену мүмкіндігі, балабақша немесе өз ісін бастауға қолдау қажет болуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік көмектің нәтижесін тек жәрдемақы алатын адамдардың санымен бағалау жеткіліксіз. Оның орнына мемлекеттік қолдаудың арқасында қанша отбасы табысын арттырғанын, қанша адам мамандық меңгеріп, жұмыс тапқанын да ескеру маңызды.

Келер ұрпаққа қалатын ел бүгіннен қалыптасады

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған Жолдауда қоғамның ортақ жауапкершілігіне де мән берілді. Жанарбек Әшімжан елдің болашағы тек мемлекеттік бағдарламалар мен бөлінетін қаржыға байланысты емес екенін айтады.  

"Жолдаудағы “Адал азамат” қағидатының да мәні терең. Отаншылдық – елді сүюмен ғана шектелмейді. Ол – заңды құрметтеу, адал еңбек ету, тәртіп сақтау және қоғам игілігіне үлес қосу. Осы құндылықтар орныққанда ғана Әділетті Қазақстан құру мақсаты нақты нәтижеге айналады", – деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Ал Санат Көшкімбаев елдің алдағы дамуын бір-екі жылмен ғана шектемей, тұтас бір ұрпақтың өмірін қамтитын мерзімге жоспарлау қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан алдағы 15–25 жылда қандай мемлекет болуды көздейтінін нақты айқындауы керек. Ол үшін экономиканың мүмкіндіктерін ғана емес, су тапшылығын, энергетикадағы мәселелерді, халық санының өзгеруін және өңірлердің жағдайын да ескерген жөн. Ең бастысы, әр мақсаттың орындалу мерзімі, оған жұмсалатын қаржы және жауапты мекемелердің міндеті анық болуы тиіс.

Өйткені бүгін қабылданған шешімнің нәтижесін ертеңгі ұрпақ көреді. Ауылға тартылған ауыз су, салынған мектеп, ашылған кәсіпорын немесе ерекше қажеттілігі бар балаға жасалған мүмкіндік – бәрі елдің келешегіне қызмет ететін істер. Дегенмен жоспардың көп болуы оның бәрі бірден жүзеге асады деген сөз емес. Алда қаржының тиімді жұмсалуын қадағалау, құрылыстардың сапасын бақылау және қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондықтан Жолдаудағы бастамалардың басты өлшемі – олардың қаншалықты ауқымды екені ғана емес, халыққа қандай пайда әкелетінінде болмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев 2029 жылдың соңына дейін елдегі инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеген еді.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 17:51