Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Facebook-та әкімдікті сынаған тұрғын соттан кейін жазбасы үшін кешірім сұрайтын болды

сот
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT I

Жамбыл ауданында әкімдіктің жұмысын Facebook желісінде сынаған тұрғын сотта жауап берді. Әкімдіктің құрылысқа жауапты бөлімі оның жазғандарын шындыққа жанаспайды деп есептеп, сотқа шағымданған. Ақырында екі тарап татуласып, тұрғын көпшілік алдында кешірім сұрауға келісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жамбыл аудандық сотының хабарлауынша, оқиға биыл шілде айында болған. Жергілікті тұрғын Facebook парақшасында аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімін сынап, мекеменің жұмысы "жеке дүкенге" айналғанын жазған. Сондай-ақ қызметкерлер тұрғындардың мәселесін шешуге әдейі кедергі келтіретінін меңзеген.

Алайда әкімдік өкілдері тұрғынның бұл уәжімен келіспеген. Азаматты сотқа берген.

"Талап қоюшы жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін және азаматтардың мемлекеттік органға деген сеніміне нұқсан келтіріп, оның іскерлік беделіне зиян келтіруі мүмкін екенін көрсетті. Талап қоюшы соттан жарияланған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тануды сұрады. Сондай-ақ жауапкерді жазбаларын өшіруге, теріске шығару жариялауға және моральдық зиянды өтеуге міндеттеуді талап етті. Соттың татуластыру шаралары нәтижесінде тараптар ортақ келісімге келді", – делінген сот хабарламасында.

Келісім бойынша тұрғын Facebook парақшасында бұрын жазған мәліметтерін теріске шығарып, әкімдік бөлімінен кешірім сұрауға міндеттелді. Сондай-ақ алдағы уақытта тексерілмеген ақпаратты таратпауға келісім берді. Ал әкімдік бөлімі өз кезегінде сотқа қойған талаптарынан бас тартты.

Еске салайық, бұған дейін блогер және қоғам белсендісі Мирболат Мырзатайұлы әлеуметтік желідегі жазбалары мен қоғамдық белсенділігіне байланысты полицияға ұсталған еді. Кейін сот оны қамауда ұстау туралы шешім қабылдаған. Медеу ауданының №2 соты оны “ұлтаралық алауыздық тудыруды деп айыптап, төрт жылға бас бостандығынан айырды. 

 

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 18:10