Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ондаған миллион теңге айналымы болған қазақстандық кәсіпкер баласына 20 мың теңге алимент төлеп келген

алимент
Фото: Pexels

Қазақстанда кейбір ата-аналар алимент мөлшерін азайту үшін нақты табысын көрсетпей, ресми кірісін төмендетіп көрсетіп жүрген. Жоғарғы сот осындай жағдайларға қатысты Шымкент пен Қарағанды облысында болған екі істі мысалға келтірді. Соның бірінде жеке кәсіпкердің есепшоттары арқылы ондаған миллион теңге айналғанымен, ол баласына ай сайын небәрі 20 мың теңге алимент төлеп келген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Қарағанды облысында тұратын әйел бұрынғы күйеуінен балаға төленетін алиментті қайта қарауды талап еткен. Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі жеке кәсіпкер болғанымен, алиментті ең төменгі жалақыға сүйеніп есептеткен. Соның салдарынан ол ай сайын небәрі 20 мың теңге төлеп келген. Ал кәсіпкердің соңғы жылдардағы банк шоттары бойынша ресми ақша айналымы ондаған миллион теңгеге жеткен. Бұл қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік сатып алуларға қатысу арқылы түскен.

 

Шымкентте екі балаға алимент төлеу мәселесі қаралды

Жоғарғы сот тағы бір істі мысалға келтірді. Шымкент қаласында тұратын әйел бұрынғы күйеуінен екі баласына төленетін алимент мөлшерін өзгертуді сұрап, сотқа жүгінген.

Бұған дейін ер адам балаларға өзінің табысының үштен бір бөлігін аударуға міндеттелген. Алайда әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі алиментті тұрақты төлемеген әрі табысын төмендетіп көрсеткен. Сондықтан ол алиментті табыстың үлесімен емес, ай сайын нақты белгіленген сомамен өндіріп алуды сұраған. Әйел бұл соманы 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгілеуді ұсынған.

Алғашқы екі сот инстанциясы әйелдің талабын қанағаттандырмаған. Алайда кассациялық сот бұл шешіммен келіспеді. Сот жауапкердің материалдық жағдайы, банк шоттарындағы ақша қозғалысы, мүлкі мен жасырын табыстары толық бағаланбағанын атап өтті.

Нәтижесінде ер адамнан екі балаға ай сайын 20 АЕК мөлшерінде алимент өндіру туралы шешім қабылданды.

Алиментті нақты сомамен өндіріп алуға бола ма?

“Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекстің 141-бабына сәйкес, алиментті нақты белгіленген ақша сомасымен өндіріп алу тек табыс тұрақсыз болған жағдайда ғана қолданылмайды. Тараптардың бірінің мүддесіне елеулі нұқсан келтіретін өзге де жағдайлар ескерілуі мүмкін. Алимент төлеу тәсілін табыстың белгілі бір бөлігінен нақты ақша сомасына өзгерту туралы шешімді тек сот қабылдай алады. Ал сот орындаушыларының мұндай шешім шығаруға құқығы жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алимент төлемейтіндердің табысын такси мен букмекерлік кеңселерден де анықтайтыны айтылған.

Айнура Дарибаева
Жұма, 30 Қазан, 2026 11:51