Түркістан облысында колледж бастауыш сынып балаларына арналған LEGO жиынтықтарын 14 миллион теңгеге сатып алған
Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы №12 колледж 2024 жылы балаларға арналған LEGO құрастырғыштарын сатып алуға 14 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Олардың арасында 4-6 жастағы балаларға арналған ойын жиынтықтары да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі HALYQSTAN телеграмм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерге сүйенсек, колледж әртүрлі жастағы балаларға арналған LEGO жиынтықтарын қымбат бағаға сатып алған. Оқу орнында жасөспірімдер мен ересек жастар білім алатынына қарамастан, алынған құралдардың кейбірі балабақша тәрбиеленушілеріне арналған.
Мәселен, колледж "Жарыс көлігі" деп аталатын LEGO құрастырғышының 12 данасын 3 миллион теңгеге сатып алған. Әр жиынтық 250 мың теңгеден айналған.

Сондай-ақ "Ғарыш жобалары" деп аталатын 12 LEGO жиынтығына 6 миллион 420 мың теңге жұмсалған. Бір жиынтықтың бағасы – 535 мың теңге. Өндіруші оны 10 жастан асқан балаларға арнап шығарған.

Бұдан бөлек, колледж 4-6 жастағы балаларға арналған LEGO жиынтығының 12 данасын 4 миллион 740 мың теңгеге сатып алған. Әрқайсысы 395 мың теңге тұрады. Бір жиынтықта 72 бөлшек пен төрт шағын ойыншық адам бейнесі бар. Сатып алу құжатында бұл құрал робототехниканы бастапқы деңгейде үйретуге арналған деп көрсетілген.

Осылайша, колледж үш түрлі LEGO құрастырғышының 36 жиынтығын сатып алуға жалпы 14 миллион 160 мың теңге жұмсаған. Барлық жиынтықты Шымкент қаласында тіркелген жеке кәсіпкер Балжан Арапова жеткізіпті. Мемлекеттік сатып алу шарттарына сол кездегі колледж басшысы Ерлан Рысбаев қол қойған. Қазір ол Түркістан облысының Келес ауданындағы №13 колледждің директоры қызметін атқарады.
Сонымен қатар колледждің 2024 жылдың қыркүйегінде оқушыларға арналған парталарды да жоғары бағаға сатып алғаны анықталып отыр. Оқу орны екі адамдық 168 партаға 13 миллион 187 мың теңге жұмсаған. Сонда бір партаның бағасы шамамен 78 мың 500 теңгеден айналады.
Жалпы колледж LEGO жиынтықтары мен парталарды сатып алуға 27 миллион теңгеден астам қаржы жұмсағаны белгілі болды.
Осыған байланысты HALYQSTAN телеграмм арнасы Түркістан облысының білім басқармасы мен №12 колледжден сатып алынған құралдардың оқу процесінде қалай пайдаланылатынын және олардың бағасының негіздемесін түсіндіруді сұрағанын жазады.
Еске салсақ, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы 649 миллиард теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалғанын жазған едік. Сондай-ақ республикалық бюджетке жоспарланған кірістің 335 миллиард теңгесі түспеген. Ал бөлінген қаржының 278 миллиард теңгесі игерілмей қалған. Оның 243 миллиард теңгесі қаржыландырудың жеткіліксіздігінен жұмсалмаған.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
