Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең ірі криптобиржа Binance кибер шабуылға ұшырады: Шығын 6,3 миллиард доллар

криптовалюта
Фото: magnific.com

Компания Binance криптобиржасы тергеу жүріп жатқан кезде цифрлық активтердің ұрлануына жол бермеу үшін 2,5 миллиард доллардан астам қаражатты бұғаттағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Binance компаниясының бұрынғы басшысы әрі әлі де оның ең ірі акционері болып отырған Чанпэн Чжао криптобиржаға хакерлік шабуыл жасалғанға ұқсайтынын айтты.

Сондай-ақ компания бұғатталған қаражат көлемі әлі де өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Қазір Binance құқық қорғау органдарымен және серіктестерімен бірлесіп, ұрланған активтерді іздеп, оларды бұғаттау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

“Тағы екі криптовалюта платформасы – Tether мен Circle де ұрланған активтердің шамамен 1,7 миллиард долларын бұғаттады”, – дейді Чанпэн Чжао.

Ал Circle басшысы Джереми Аллейр компания Binance-ке әсер етуі мүмкін осалдық туралы ақпаратты мұқият қадағалап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, компания оқиғаға қатысы бар 800 миллион доллардан астам активті бұғаттаған.

Binance тергеу барысы туралы ресми мәлімдеме жариялады. Компанияның алдын ала мәліметінше, қауіпсіздікке қатысты оқиға әзірлеуші инженердің ноутбугінің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін.

"Binance жүргізген алдын ала тергеу нәтижесіне сәйкес, қауіпсіздікке қатысты оқиға әзірлеуші инженердің ноутбугінің бұзылуынан болуы мүмкін", – делінген хабарламада.

Болжам бойынша, қаскүнем сервистік контейнерге қол жеткізіп, қаражатты шығаруға бағытталған рұқсатсыз транзакцияларды жіберген.

Компания криптовалюта әмияндарының жабық кілттері сыртқа тарағанына ешқандай белгі анықталмағанын атап өтті.

Binance тергеу аяқталып, оқиғаның барлық мән-жайы тексерілгеннен кейін толық техникалық есеп жариялауға уәде берді.

Компания алдын ала есеп бойынша жалпы шығын көлемін шамамен 6,3 миллиард долларға бағалады. Сонымен қатар серіктестерімен бірлесіп, блокчейн желісіндегі шамамен 3 миллиард доллар қаражатты бұғаттаған.

Айта кетейік, Binance – күнделікті сауда көлемі бойынша әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы.

Еске салайық, Қазақстанда алты криптобиржаның қызметіне тыйым салынған еді. Шектеу BingX, Bitcoin.com, Huobi Global, BitMart, Coinbase және WEEX платформаларына қатысты. Сонымен қатар Google Play мен App Store дүкендерінің операторлары аталған сервистердің қосымшаларын Қазақстан аумағында бұғаттауға тиіс.

Айым Болатқызы
Жұма, 30 Қазан, 2026 08:36