Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің ашылу рәсіміне барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитінің ашылу рәсіміне барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитінің ашылу рәсімі Анкарадағы "Кулие" сарайында өтеді
Мемлекет басшысын Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларымен бірге астаналық "Бештепе" саябағындағы Түркі әлемі аллеясын ашты.
Аталған алаңда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің ұлттық павильондары орналасқан.
Экспозицияларда бауырлас халықтардың ынтымақ-бірлігі мен сан алуан мәдениеті, бай рухани дәстүрі көрініс тапқан.

Қазақ киіз үйі Ұлы дала рухы мен түркі дүниесінің ортақ тарихи тамырын бейнелейді. Президенттерге киіз үйдің безендірілуіне арқау болған ежелгі түркі өркениеті, соның ішінде сақтар мұрасы, халқымыздың табиғатпен үйлесімді өмір салты және заманауи Қазақстанның келбеті жайында мәлімет берілді.
Мемлекеттер басшыларының назарына қазақ халқының дәстүрлі саятшылық өнерін паш ететін "Сақ аңшысы" мүсіндік композициясы ұсынылды.
Сондай-ақ мәртебелі меймандарға көне түркі жазба мәдениетінен мол мағлұмат беретін Орхон ескерткіштері көрсетілді.

Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның төрағалығымен Анкарада өтеді. "Түркі ғасыры: тілде, пікірде және істе бірлік" тақырыбында ұйымдастырылатын тарихи саммитте саясаттан бастап сауда, энергетика және Орта дәлізге дейінгі кең ауқымды бағыттар бойынша стратегиялық шешімдер қабылданады.
Мемлекет басшыларын бір арнаға тоғыстыратын саммитте аймақтық және әлемдік саясаттағы түркі әлемінің ықпалдастығын нығайтуға бағытталған стратегиялық қадамдар жасалады деп жоспарланған.
Еске салсақ, Түркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өткен еді. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
