Қазақстандықтарға Түркия және тағы үш елге саяхаттау жеңілдемек
"Түркі мемлекеттері ұйымының" (ТМҰ) бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев таяуда Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан азаматтары бір-біріне шетелдік паспортсыз, жеке куәлікпен саяхаттай алуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндай мүмкіндік қазірдің өзінде Әзербайжан мен Түркия арасында бар. Енді оны Түркі мемлекеттері ұйымына мүше басқа елдерге де кеңейту мәселесі талқыланып жатыр.
Кубанычбек Омуралиевтің айтуынша, қазір ТМҰ аясында мүше мемлекеттердің азаматтарына жеке куәлікпен өзара сапар жасауға мүмкіндік беретін жүйені іске қосу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Біз мұндай мүмкіндікті басқа түркі мемлекеттеріне де енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Әңгіме Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан туралы болып отыр. Мұны бір елмен ғана емес, барлығымен бірге жүзеге асыруға болады", – деді ұйымның бас хатшысы.
Жоба әзірге дайындық кезеңінде. Оны іске қосу мерзімі нақты айтылған жоқ.
"Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Әңгіме Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы қатынас туралы болып отыр. Жобаны мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтау үшін дайындық жұмыстары жалғасып жатыр", – деді Омуралиев.
Қазір қазақстандықтар Ресей мен Қырғызстанға шетелдік паспортсыз, жеке куәлікпен кіре алады. Бұл елдер арасындағы тиісті келісімдермен қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан мен Армения өзара сапарларға қатысты жаңа ережелер бойынша келісімге келген. Келісімге сәйкес, азаматтар ел аумағында 90 күнге дейін визасыз бола алады. Алайда Ішкі істер министрі Ержан Саденов 30 күннен кейін азаматтарға ішкі істер органдарында тіркелу қажет екенін түсіндірген.
Қазақстан мен Армения арасында шекараны жеке куәлікпен кесіп өтуге мүмкіндік беретін келісім де жасалған. Алайда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, әзірге екі ел арасында сапар жасау үшін паспорт қажет. Қазақстан мен Өзбекстан да шекарадан өтудің тәртібін жеңілдету мүмкіндігін талқылап жатыр. Қазір екі ел азаматтарының бір-біріне паспортсыз, жеке куәлікпен баруына мүмкіндік беру жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Ал Өзбекстан мен Қырғызстан арасында мұндай тәртіп қазірдің өзінде бар. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап екі ел азаматтары өзара сапар кезінде жеке куәліктерін пайдалана алады.
Еске салайық, бұған дейін 1 қарашадан бастап Қазақстанға визасыз кіретін шетелдіктер елге ұшпас бұрын ақылы электронды рұқсат алуға міндеттелетінін жазған едік. QazETA жүйесі арқылы рәсімделетін рұқсаттың құны 3900 теңге болады, ал шекарада рәсімдеген жағдайда төлем екі есе жоғары – 7800 теңге. Жаңа талап алдымен әуе қатынасына, кейін Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автокөлік өткізу бекеттеріне енгізіледі.
Жаңа вирус па: Қазақстандықтар бұрын-соңды болмаған ауру белгілеріне шағымданды
