Түркияның Каппадокия аймағында жартас опырылып, үш адам қаза тапты (видео)
Түркияның Каппадокия аймағындағы Гөреме ашық аспан астындағы музейінің кіреберісінде жартас опырылып, үш адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, тағы 5 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Оқиға 29 қазан күні жергілікті уақытпен сағат 15:15 шамасында болған. Қатты жауын-шашын салдарынан "пері мұржасы" (peri bacası) деп аталатын жартас құрылымының бір бөлігі опырылып, оның сынықтары маңайда жүрген адамдардың үстіне құлаған.
Невшехир провинциясының губернаторы Хусейн Көк жартас опырылуына соңғы күндері жауған нөсерден туындаған көшкін себеп болғанын мәлімдеді.

Оқиға орнына полиция, жандармерия, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар жұмылдырылды. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қайғылы оқиға Түркияның Республика күніне орай берілген демалыс күнінде болды. Демалыс күнін Каппадокияда өткізуге келген туристер мен жергілікті тұрғындардың көп болуына байланысты бұл аумақта адам көп жиналған.
Бұған қоса, қатты жел мен жауын-шашынға байланысты Каппадокияда әуе шарларымен ұшу 29 және 30 қазан күндеріне тоқтатылған.
Гөреме ұлттық паркі – әлемдегі әуе шарларымен ұшуға арналған ең танымал туристік орындардың бірі. Каппадокия жартасқа қашалып салынған көне шіркеулерімен, ғибадатханалары және жерасты қалаларымен әйгілі.
Гөреме ашық аспан астындағы мұражайы Византия дәуірінен сақталған ғибадатханалар кешені болып саналады. Оның құрамына жанартау туфынан қашалған шіркеулер, ғибадатханалар мен асханалар кіреді. Ғимараттардың бірқатарында көне фрескалар сақталған. Музей ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.
Еске салсақ, бұған дейін Каппадокияда туристер мінген екі әуе шары құлап, бір адам қаза тапқаны туралы жазған едік.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді