Стафилококк пен ішек таяқшасы табылған: Алматыдағы физика-математика мектебінде оқушылардың улануына не себеп болғаны анықталды
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары жаппай уланғаннан кейін асханаға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде санитарлық талаптардың көптеген бұзушылықтары анықталып, мектеп-интернат асханасының жұмысы 60 күнге тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 12-15 қазан аралығында зертханалық талдау үшін дайын тағамнан жеті, дайын өнімнен екі және шикі өнімнен үш сынама алынған. Сонымен қатар ыдыс-аяқ пен түрлі беттерден 30 шайынды, бес су сынамасы және екі дезинфекциялық құрал үлгісі зерттелген.
Зерттеу нәтижесі
Зерттеу нәтижесінде кейбір дайын тағамдардан микробтық ластану, тағам сынамалары мен ыдыс-аяқ шайындыларынан ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталған. Сондай-ақ дезинфекциялық құралдың жұмыс ерітіндісі нормативтік талаптарға сәйкес келмеген.
Асханада жұмыс істейтін 38 қызметкер стафилококк пен ішек инфекцияларының қоздырғыштарына тексерілді. Тексеру нәтижесінде асхана қызметкерлерінің төртеуінен алтын түсті стафилококк (Staphylococcus aureus) бактериясы анықталған. Оларға қатысты бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің тиісті қаулылары негізінде уақытша жұмыстан шеттету шаралары қабылданды.
Тексеру барысында тағы қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Мамандар мектеп-интернатқа асхана қызметін жалға алған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке тиесілі тамақ дайындайтын орынды және мектеп ғимараттарын да тексерді.
Асханада тамақтандыруды ұйымдастыру, құжаттарды жүргізу, азық-түлікті сақтау және асүй жабдықтарын таңбалау талаптары бұзылған. Қажетті жабдықтардың жеткіліксіздігі, өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы да анықталды.
Бұдан бөлек, нақты ұсынылған мәзір мен есеп құжаттарындағы мәліметтер сәйкес келмеген. Тағамдар мен тәуліктік сынамаларды сақтау талаптарының бұзылғаны, сондай-ақ оқушыларға медициналық бақылау жүргізуді ұйымдастыруда кемшіліктер бары белгілі болды.
Оқушылардың жаппай улануына не себеп болған?
Департамент мәліметінше, инфекция көзі, оның таралу механизмі мен жолдары да анықталған. Сауалнамаға қатысқан барлық науқас инкубациялық кезеңде мектеп-интернат асханасында тамақтанған. Олардың көпшілігі аурудың тауық етінен жасалған рулет пен бешбармақ жегеннен кейін басталғанын айтқан.
Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы екі хаттама толтырылды. РФММ-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша, ал асхананы жалға алған серіктестікке қатысты осы баптың 2-бөлігі бойынша хаттама жасалды. Бұл бап “халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу” бойынша құқық бұзушылықтарды көздейді
13 қазандағы қаулыларға сәйкес, оқушыларға тамақ дайындайтын асхананың жұмысы 60 күнге тоқтатылған. Оның қызметі анықталған санитариялық талап бұзушылықтары толық жойылып, бұл жағдай уәкілетті органның заңнамада көзделген жоспардан тыс тексеруі арқылы расталғаннан кейін ғана қайта жандануы мүмкін.
Қылмыстық іс қозғалды
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, оқушылардың жаппай ауруға шалдығуына байланысты полиция қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі “санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу” бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Полиция инфекцияның таралу ошағы оқшауланып, оның берілуіне ықпал еткен болжамды факторлар анықталғанымен, тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауыр ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскені туралы жазған едік. Кейіннен уланғандар саны артып, 58 оқушыға жетті. Оқушылардың уланғанын Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Кейін денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың улануына қатысты жедел шаралар қабылдады. Нәтижесінде мектептің тамақтану блогында азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу талаптарының бұзылғаны анықталды. Сосын бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілген.
Жуырда мектептеп уланған 60-қа жуық бала ауруханадан емделіп шыққаны белгілі болды.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
