Кассациялық сот Шымкентте 12 жылға сотталған шенеуніктің үкімі жойды: Іс қайта қаралады
Шымкент қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты 12 жылдық сот үкімінің күші жойылды. Кассациялық сот бұған дейінгі сот отырыстарында заң талаптары бұзылғанын анықтаған. Енді экс-қызметкердің ісін сот басқа құраммен қайта қарайды. Қазір Сарбасов қамауда отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот үкімінің күшін жоюға қылмыстық-процестік заңнама талаптарының бұзылуы себеп болған. Адвокат Жасұлан Әсілбековтің айтуынша, алғашқы сот отырысында алқабилердің дауыс беру тәртібі сақталмаған. Оған қоса, олардың алдына қойылған сұрақтар күрделі заңи терминдермен тұжырымдалған.

Осы заңбұзушылықтарды ескерген кассациялық сот алғашқы үкіммен қатар апелляциялық сот шешімінің де күшін жойды. Сосын істі қайта қарауға жіберді. Енді қылмыстық істі Шымкентте судьялардың басқа құрамы қарайды. Кассациялық соттың шешімі іс бойынша сотталған бес адамға да қатысты. Ал Манат Сарбасов әзірге қамауда отыр.
Еске салайық, былтыр Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен өткен процесте Манат Сарбасовты пара алу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату және қызметтік міндеттерін орындамау баптары бойынша кінәлі деп таныған. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті подполковнигі әскери атағынан айырған. Бұл іс бойынша онымен бірге тағы төрт адам сотталған.
Адвокат Жасұлан Әсілбековтің сөзінше, қорғау тарапы сот процесінің қай тілде жүргізілгеніне қатысты заңбұзушылықтарды да көтерген. Оның пікірінше, бұл – сот актілерінің күшін жоюға негіз болатын басты себептердің бірі.
“Біз сот ісін жүргізу тіліне қатысты заңбұзушылықтарды айттық. Біздің ойымызша, бұл – сот актілерінің күшін жоюға негіз болатын басты себеп. Қылмыстық істерді қарауда сот ісін жүргізу тілі – негізгі қағидаттардың бірі. Біздің барлық уәжіміз ескерілді”, – деді адвокат Жасұлан Әсілбеков.
Айта кетейік, бұған дейін ҰҚК Ақтау қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығына қатысты тергеу жүріп жатқанын растағаны туралы жазған едік.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді