Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Былтыр елімізде бюджеттің 649 миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалған

Ақша
Фото: Stan.kz

Мәжіліске үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебі енгізілді. Төраға орынбасары Дания Еспаева бюджетте 335 миллиард теңге тапшылық бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, есептерді талдау барысында бюджет орындалуында бірқатар жүйелі мәселе анықталған. Атап айтқанда, 2025 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 335 миллиард теңге орындалмаған. Сонымен қатар салық және кедендік түсімдерді болжау сапасына қатысты мәселе туындап отыр. 

 Дания Еспаева бюджет әлі де Ұлттық қор трансферттеріне тәуелді екенін айтты. 2025 жылы қордан алынған қаражат көлемі 5,3 триллион теңге болған. Оның басым бөлігі нысаналы трансферттерге тиесілі. Сонымен бірге Ұлттық қорға түсетін түсімдердің толықтығы мен пайдаланылмаған қаражатты уақытында қайтаруға қатысты мәселелер бар.

Еспаеваның сөзінше, қатарынан екінші жыл бақылау шотында қаражат тапшылығы тіркеліп отыр. Бұл бюджет қаржысының игерілмеуіне негізгі себеп болған.

“2025 жылдың қорытындысы бойынша 278 миллиард теңге игерілмеді. Оның 243 миллиард теңгесі қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты”, – деді ол.

Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстан бюджетіне сегіз рет түзету енгізілген. Депутаттар енді жиі өзгерістердің себептерін талдамақ.

Есепте мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарының өсіп жатқаны және квазимемлекеттік сектор жұмысының тиімділігіне қатысты мәселелер де көрсетілген.

Ал Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі 649 миллиард теңгеге жеткенін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қордағы 64 миллиард теңге мақсатсыз жұмсалғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 17:07