Ұлттық қордағы 64 миллиард теңге мақсатсыз жұмсалған – Жоғары аудиторлық палата

Жоғары аудиторлық палатасында 2023-2024 жылдары Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілуіне жүргізілген тексеруден соң бірқатар бұзушылық анықталып, қылмыстық істер тіркелгені айтылды. Жоғары аудиторлық палата қаржыны бақылауды күшейту және тиімсіз жұмсалған 64 миллиард теңгені қайтару жөнінде ұсыныстар берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2023–2024 жылдары Ұлттық қор қаражатын тексеру нәтижесінде қылмыстық істер тіркеліп, жауапты органдарға ұсынымдар берілді. Жобаларды іріктеуді күшейту, қаражатты толық бақылау, 64 млрд теңгені қайтару және қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу ұсынылды.
"Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек" – деді президент.
Жиында Ұлттық қор қаражатының мақсатқа сай әрі тиімді пайдаланылуына жүргізілген ревизия қорытындылары қаралды.
"Тексеру нысаналы трансферттер есебінен 3,4 триллион теңгеге қаржыландырылған 3 мыңнан астам бюджеттік инвестициялық жобаны, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген 3,8 триллон теңге облигациялық қарыздарды қамтыды. Жалпы жобаларды іске асыру оң нәтиже берді. Алайда Комиссия Ұлттық қор қаражатынан экономикалық қайтарымды арттыратын мүмкіндіктерді анықтады. Жекелеген кемшіліктер мен бұзушылықтар да анықталды. Негізгі факторлардың бірі – Ұлттық қорға жүктелген барлық мақсат пен міндетке қол жеткізуге жауапты бірыңғай мемлекеттік орган жоқ. Бұл біртұтас жүйені қалыптастыруға және экономикалық тұрғыдан мұқият тексерілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді", – деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов қазір функциялар ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі және ұлттық Банк арасында бөлінгенін атап өтті.
"Бұл ретте қор қаражатының пайдаланылуына байланысты бизнес-процестер бойынша, сондай-ақ қаржыландырылған жобалардың түпкілікті нәтижелілігі бойынша толық ақпаратты орталықтандырылған жинақтау және талдау қамтамасыз етілмеген. Есептіліктің ашықтық деңгейі жеткіліксіз. Комиссия іске асыру үшін базалық дайындығы жоқ кейбір жобалардың қаржыландыруға қосылғанын анықтады. Олар бойынша жобалау-сметалық құжаттама, жер учаскелері және т.б. болмаған. Бұл мерзімдердің ұзаққа созылуына әкеп соғады. Құны 394 миллиард теңге болатын тағы 500-ден астам жоба алып тасталған не орындалу барысында басқаларына ауыстырылған", – деп сынға алды Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер заңнамалық тұрғыдан стратегиялық және ұлттық маңызы бар басым міндеттерге арналған.
"Алайда Ұлттық қордың қаражатын тартпай-ақ іске асыруға болатын жергілікті деңгейдегі жобаларды қаржыландыру фактілері анықталды. Ауылды абаттандыру объектілері, шағын әлеуметтік объектілер және т.б. Кейбір жағдайларда Ұлттық қордың қаражаты бұрын аяқталған жобаларға жұмсалған немесе нақты қажеттіліктен асып түсетін көлемде бөлінген", - деді Әлихан Смайылов.
Тексеру барысында қаражатты мақсатсыз әрі тиімсіз қайта бөлу фактілері анықталды дейді жоғары аудиторлық палатаның басшысы. Ауыл медицинасына бөлінген қаржы қалалық нысандарға жұмсалған, бұрын алынған жабдықтарға қайта қаржы бөлінген. Кей өңірлерде сатып алу көлемі жоспардан екі есе асып кеткен. Сондай-ақ облигациялық қаржыландыруды бақылау жүйесінің әлсіздігі, тиімсіз жобаларды қаржыландыру және жеңілдікті қарыздарды мақсатсыз пайдалану жағдайлары тіркелген.
- Ғылым министрі гранттарды бөлу кезіндегі миллиардтаған заңбұзушылықтарға қатысты пікір білдірді
-
Аудит Қостанай облысында 51 миллиард теңге қаржылық бұзушылықтарды анықтады
Еске салайық, бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев Қазақстанда су тасқынының алдын алуға бөлінген 49 миллиард теңге көлемін жеткіліксіз деген еді. Оның айтуынша, қаражат гидротехникалық нысандарды тексеру, жөндеу және жаңғыртуға бағытталады. Елдегі су қоймаларының тозуы және 2024 жылғы тасқын жағдайы дайындықтың әлсіз болғанын көрсеткен. Сондықтан бұл жұмыстарды күшейту қажет екені атап өтілді.
"1 миллион теңге талап еткен": Топ болып қыз зорлағаны үшін 15 жылға сотталған жігіттердің жақындары сот шешіміне қарсы шықты