Ана ма, әйел ме, бала ма? Қазақстандықтар өрт кезінде алдымен кімді құтқару керек деп дауласты

Желіде “өрт кезінде бірінші кімді құтқару керек?” деген сұрақ қызу талқыға түсті. Бірі “ата-ананың орнын ешкім баса алмайды” десе, енді бірі “ата-ана үшін перзентінің амандығы бәрінен маңызды” деп санайды. Ал кей пікір иелері мұндай сәтте ең алдымен сүйікті жарын таңдайтынын айтып, отбасы алдындағы жауапкершілік туралы ой қозғады. Осы тұста Stan.kz желідегі дауға шолу жасап, қазақстандықтардың пікірін білді.
Threads желісінде Ерлан Нұрпейісов есімді қолданушы жазба жариялап, қызының өзіне қойған сұрағын бөлісті.
“Бүгін 18 жастағы қызым маған “Егер өрт болып, оның ішінде анаң, әйелің және балаң қалып қойса, бірінші болып кімді құтқарар едің?” деп сұрақ қойды. Мен “Алдымен анамды, кейін әйелімді, содан соң баламды құтқарар едім” деп жауап бердім. Өйткені басқа әйел алуға болады, балалар туылады, ал ата-ана жалғыз. Біз олардың алдында қарыздарсыз, оларға деген махаббатты ешкім алмастыра алмайды. Қызым таңғалып, ренжіп қалды”, – деп жазды ол.
Кейін ер адам бұл сұрақты балаларына да қойған. Оның 30 жастағы ұлы алдымен балаларын, содан кейін әйелін, соңында ата-анасын құтқаратынын айтты. Ол бұл шешімін ата-анасының өз өмірін сүріп қойғанын, сондай-ақ оларды құтқаратын басқа балалары да бар деп түсіндірді.
“Ал әйелімнің өз бауырлары, ата-анасы бар. Ал балалардың ата-анасынан басқа ешкімі жоқ, оларды ешкім құтқармайды. Маған таңдау берілсе, бір жасар ұлымды емес, 18 жастағы ұлымды таңдар едім. Өйткені маған қайтадан он сегіз жастағы баланы ешкім бермейді”, – деді Ерланның ұлы.
Мұндай жауапты естіген 18 жастағы қызы бауыры мен әкесін “моральдық тұрғыдан қалыпсыз адамдар” деп атаған.
“Мен бірінші кезекте баланы құтқарар едім. Екінші орынды әкем немесе жолдасым”, – деді Ерланның қызы.
Балаларының көзқарасын естіген ер адам олардың ойы мен өзінің ұстанымы екі түрлі дәуірдің тәрбиесін көрсететінін түсінген.
“Олардың жауабы біздің шынымен де әртүрлі дәуірде тәрбиеленгенімізді көрсетті. Мұны жақсы да, жаман да демеймін. Бұл – өмірдің шындығы. Қызық, сіздер мұндай сұраққа қалай жауап берер едіңіздер?" – дейді жазба авторы.
ОқыңызҚазақстандықтар не дейді?
Бұл сауал желі қолданушылары арасында екіұдай пікір тудырды. Пікір қалдырғандардың бір бөлігі мұндай жағдайда ең алдымен баланы құтқару керек деп есептейді.
“Ер адамдар бала көтермейді, босанбайды, бала өсіру үшін ұйқысыз түндерді өткізбейді. Сондықтан оларда ананың сезімі болмайды. Әйелдер, әрине, бірінші кезекте балаларын құтқарады. Ал ер адамдар кімді көбірек жақсы көрсе, соны таңдайтын шығар. Бұл жағдайда ол ата-анасын таңдады”, – деп жазды Айгерім есімді қолданушы.
Тағы бір желі қолданушысы да бірінші кезекте балаларды құтқаратынын айтты. Оның пікірінше, бала – ең әлсіз әрі өзін өзі қорғай алмайтын жан.
“Әрине, алдымен балалар. Бұл – инстинкт. Олар қорғансыз, өздерін құтқара алмайды. Балаларға бірдеңе болса, ең ауыры сол. Өз балам ба, сіңлімнің, құрбымның баласы ма – маңызды емес, бірінші ой: балаларды аман алып қалу”, – деп жазды пікір иесі.
Динара есімді қазақстандық мұндай таңдауды тек сезіммен емес, жағдайға қарай бағалау керек дейді. Мысалы, бір пікір иесі өрт кезінде адамның жасы, денсаулығы, физикалық мүмкіндігі де маңызды екенін алға тартты.
“Мен еш ойланбастан балаларды құтқарар едім. Бірақ әркім бұл сұраққа балаларының, ата-анасының, жарының жасына, денсаулығына және мүмкіндігіне қарай жауап беретін шығар. Автор орта жастағы ер адам, ата-анасы егде кісі болуы мүмкін. Ал балалары өздері де қозғала алатын жаста, әйелі де физикалық тұрғыдан мықты шығар. Мүмкін, ол әйелі мен балалары шығуға тырысып жатқанда, өзі қарт ата-анасын құтқарамын деп ойлаған болар", – деп жазды ол.
“Алдымен күйеуім, өйткені ата-ана мен бала бір деңгейде”
Ал кейбір пікір иелері алдымен жарын құтқаруды дұрыс санайды. Себебі жұбайын аман алып қалу арқылы қалғандарын құтқару мүмкіндігі артады деп есептейді.
“Мен, бәлкім, алдымен күйеуімді құтқарар едім. Сосын екеуміз бірге қалғандарын құтқарамыз. Себебі ата-ана мен бала мен үшін бір деңгейде. Жарымды құтқару арқылы өзгелерді аман алып қалу мүмкіндігін екі есе арттырамын", – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір қолданушы Ерлан Нұрпейісовтің балаларының жауабына сүйсінгенін жеткізді. Оның сөзінше, балалардың ойында шынайылық пен салмақ бар.
“Қандай пайымды балалар! Жігіттің нәресте мен 18 жастағы баланың қайсысы бірінші құтқарылуы керек деп ойлағаны ұнады. Мұнда көп шынайылық бар. Ал сіздің жауабыңызға келсек, сіз босанып көрмеген адам ретінде ойлайсыз деп ойлаймын. Ата-ана алдындағы парыз бар, сондықтан сіздің ұстанымыңыз да құрметке лайық”, – деп жазды Асел есімді қолданушы.
“Сіз әлі де анаңыздың кішкентай ұлысыз”
Сонымен қатар автордың жауабын қатты сынға алғандар да болды. Олар өрт секілді төтенше жағдайда баланы соңғы орынға қоюды түсінбейтінін жеткізді.
“Кішкентай қызыңыз өрттің ішінде жылап, сізге қолын созып, “әке” деп шақырып тұр деп елестетемін. Ал сіз оны итеріп тастап, ересек анаңызды құтқаруға жүгіресіз. Бұл қалай?” – деп жазды пікір қалдырғандардың бірі.
Тағы бір қолданушы мұндай сұрақты “үлкенді сыйлау” өлшемімен бағалау дұрыс емес деп санайды.
“Неге ер адам алдымен анасын, кейін әйелін, содан соң баласын құтқарады? Бұл дастарқан басындағы үлкендік пен сыйластықтың реті сияқты көрінеді. Ал мұнда мүлде басқа жағдай айтылып тұр. Өрт кезінде мұндай басымдық қоюдың өзі қисынсыз”, –деп жазды ол.
Ал кейбір пікір иелері автордың "алдымен анамды құтқарамын" деген жауабын қатты сынға алды. Олардың пікірінше, адам үйленіп, балалы болғаннан кейін ең алдымен жар және әке рөлін сезінуі керек.
"Үйленіп, балалы болған күннен бастап сіз ең алдымен – жар және әкесіз. Содан кейін ғана анаңыздың баласысыз. Басымдық өзгеруі керек еді. Өкініштісі, сіз әлі де бірінші кезекте бала болып қалғансыз", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікір иесі мұндай жауапты түсінбейтінін айтып, отбасындағы ер мен әйелдің орны бөлек екенін алға тартты.
"Құдай сақтасын, сіз сияқты күйеу бұйырмасын. Әйеліңізді аяймын. Сүйікті әйелі анасы болған ер адам... Сонда “жұп” деген ана мен ұл ма, әлде күйеу мен әйел ме?" – деп жазды ол.
Кейбір қолданушылар бұл тақырыпты өмірдегі нақты жағдаймен байланыстырды. Бір әйел 2024 жылы Алматыдағы жер сілкінісі кезінде күйеуінің еш ойланбастан балаларын алып шыққанын айтты.
“Күйеуім үшін таңдау – балалар немесе әйелі болды. 2024 жылы Алматыдағы жер сілкінісі кезінде түнде еш ойланбастан балаларды алып, пәтерден жүгіріп шықты. Қызымыз ол кезде 10 айлық еді, оны қолына алды да, ұлына “Жүгір, етігіңді ки!” деп айғайлады”, – деп жазды ол.
“Әйелді қайта табуға, баланы дүниеге әкелуге болады, ал ата-ана жалғыз”
Дегенмен автордың “алдымен анамды құтқарар едім” деген жауабын қолдағандар да бар. Олар ата-ананың орны бөлек екенін, оны ешкіммен алмастыруға болмайтынын айтты.
“Мен үшін басымдық былай: ата-ана, жар, бала. Шыңғыс хан туралы бір тәмсіл есіме түсті. Онда әйел күйеуі мен ұлының орнына бауырын өлімнен құтқаруды таңдайды. Себебі күйеуді қайта табуға, ұлды қайта дүниеге әкелуге болады, ал бауырды, ата-ананы қайтару мүмкін емес. Бірақ бәріміз әртүрліміз, әр адамның таңдауын құрметтеу керек”, – деп жазды пікір иесі.
Тағы бір қолданушы бала күнінде әжесі де дәл осы сұрақты қойғанын айтып, уақыт өтсе де өзінің жауабы өзгермегенін жазды.
"Бала кезімде әжем маған осы сұрақты қойған. Ол өзі анамды құтқаратынын айтқан. Себебі, оның сөзінше, қайта үйленуге де, қайта бала тууға да болады, ал жаңа ата-ананы жарата алмайсың. Менің 5 жасымда басқа таңдауым болған, бірақ әжеме оны айтпаған едім. Арада 30 жыл өтсе де, пікірім өзгермеді: мен бәрібір серігімді, күйеуімді таңдар едім", – дейді ол.
Талқыда алдымен жарды құтқару керек дегендер де болды. Олар жұбайын аман алып қалса, кейін екеулеп балаларды немесе басқа жақындарды құтқаруға мүмкіндік көбірек болады деп санайды.
Желі қолданушылары бұл пікірталас әр адамның өмірлік ұстанымы, тәрбиесі мен отбасыға деген көзқарасын көрсететінін жазып жатыр. Бірі мұндай сұрақтың өзі ауыр екенін айтса, енді бірі дәл осындай талқылар қоғамдағы құндылықтардың қалай өзгеріп жатқанын аңғартады деп есептейді.
"1 миллион теңге талап еткен": Топ болып қыз зорлағаны үшін 15 жылға сотталған жігіттердің жақындары сот шешіміне қарсы шықты