Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

AMANAT депутаттары мәслихаттағы мандаттарын сақтай ма? Сарапшылар пікір білдірді

Айбек Дәдебай
Фото: ОСК

Астанада "Әділет" партиясының II съезі өз жұмысын бастады. Жиын барысында делегаттар AMANAT партиясының "Әділет" құрамына қосылуы туралы ұсынысты талқылап, партияның алдағы даму бағыты мен өңірлік құрылымдарын қалыптастыру мәселелерін қарайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Съезге партия делегаттарымен қатар қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері қатысып жатыр. Олардың қатарында құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кәсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар және мұнай сервистік салалардағы ірі қауымдастықтардың жетекшілері бар.

Бұған дейін аталған ұйымдар "Әділет" партиясын қолдайтындарын мәлімдеген болатын. Қазір олардың өкілдері партия құрамына еніп, оның ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыру мен бағдарламалық міндеттерін жүзеге асыруға қатысып жатыр.

Съезге сондай-ақ AMANAT партиясының өкілдері де қатысып жатыр. Делегаттар партияның "Әділетке" қосылуы мәселесін қарамақ.

"Әділет" партиясының төрағасы Айбек Дәдебай екі партияны бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ екенін айтты.

"AMANAT партиясы халықтың мұң-мұқтажы мен сұранысын билікке жеткізу үшін бар күш-жігерін салды. Сондықтан олардың жұмысын дұрыс немесе бұрыс деп бөліп қараудың қажеті жоқ", – деді Айбек Дәдебай.

AMANAT партиясының "Әділет" партиясына қосылуы мәслихаттардың таратылуына немесе жаппай қайта сайлау өткізуге негіз болмайды. Бұған дейін AMANAT партиясының съезінде делегаттар партияны "Әділет" партиясына қосу арқылы қайта ұйымдастыру туралы шешімді қолдаған болатын. Осыдан кейін бұл мәселе "Әділет" партиясының съезінде де қаралды.

Партиялардың бірігуі аясында AMANAT атынан сайланған мәслихат депутаттарының болашағы туралы сұрақтар туындады. Сарапшылардың айтуынша, олардың басым бөлігі өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін мандаттарын сақтап қалады. "Эхо" қоғамдық ұйымы басқармасының төрағасы Павел Лобачевтің айтуынша, мәслихаттарды қайта сайлау туралы ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ. Оның пікірінше, депутаттар жаңа партия атауымен жұмысын жалғастыра береді.

Ал сенатор әрі заңгер Жанна Асанова бұл жерде басты мәселе бірігудің құқықтық нысанында екенін атап өтті. Егер партия таратылса, жағдай басқаша болар еді. Алайда бұл жағдайда әңгіме партияның жойылуы емес, қайта ұйымдастырылып, басқа партияға қосылуы туралы болып отыр.

"Партия таратылған жоқ, бірігу болды. Заң бойынша депутаттар өкілеттік мерзімі аяқталғанша өз мандаттарын сақтайды", – деді Асанова.

Заңгер Жанна Асанованың айтуынша, мәслихаттарды таратуға немесе жаппай қайта сайлау өткізуге заңдық негіз жоқ. Сонымен қатар AMANAT атынан сайланған кейбір депутаттар жаңа "Әділет" партиясының қатарына өтуден бас тартуы мүмкін. 

Жанна Асанованың сөзінше, мұндай жағдайда депутат автоматты түрде мандатынан айырылмайды. Алайда партия жарғысы мен заң талаптарына сәйкес белгілі бір жағдайларда депутатты кері шақырып алу немесе басқа кандидатпен ауыстыру тетіктері қарастырылуы мүмкін. 

Сарапшы мәслихат құрамында жаппай өзгеріс болады деп күтпейді. Заңгердің болжамынша, қазіргі депутаттар өз жұмысын жалғастырып, тек партиялық тиесілігі өзгеруі ықтимал.

Сондай-ақ ол Орталық сайлау комиссиясы кейбір техникалық рәсімдерді орындауы мүмкін екенін айтады. Бірақ қазіргі жағдайда мәслихаттардың құрамын түбегейлі өзгерту немесе депутаттардың өкілеттігін тоқтату мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Сарапшылар мұндай жағдай Қазақстанда бұрын да болғанын еске салды. Мысалы, "Нұр Отан" партиясы AMANAT болып өзгерген кезде депутаттар мандаттарын сақтап қалып, жұмыстарын жалғастырған.

AMANAT пен "Әділет" бірігуінің салдары қандай?

Саясаттанушылар Ильяс Бақтығалиев пен Амирлан Нұрғазиннің пікірінше, Amanat партиясының "Әділетке" қосылуы жай ғана атау ауыстыру емес, алдағы Құрылтай сайлауы қарсаңында негізгі президентшіл саяси күшті қайта іске қосу әрекеті болуы мүмкін.

"Президентті қолдайтын басты саяси күштің қайта жаңғыруы" Саясаттанушы Ильяс Бақтығалиевтің айтуынша, Amanat-тың "Әділетке" қосылуын елдегі негізгі президентшіл саяси күштің өзіндік қайта құрылуы ретінде қарастыруға болады. "Amanat жаңа құрылымға ауқымды ұйымдастырушылық ресурстарын береді: өңірлік филиалдар, депутаттық корпус, партия белсенділері, сайлау науқандарын өткізу тәжірибесі және мемлекеттік органдармен жұмыс істеудің қалыптасқан жүйесі", – деді Бақтығалиев.

Оның бағалауынша, "Әділет" бұл бірлестікке жаңа атау, жаңа басшылық және қазіргі реформалар кезеңімен байланысты жаңа саяси болмыс береді.
Жаңа саяси бағытты мойындау
Саясаттанушы Амирлан Нұрғазиннің пікірінше, Amanat-тың "Әділетке" қосылуы Қазақстанның жаңарған даму бағытын мойындаудың белгісі.

"Жуырда ғана билік партиясы болған ұйым іс жүзінде жаңа саяси бағытты да, “Әділеттің” жаңа басшылығын да қолдады", – деді Нұрғазин.

Оның бағалауынша, Amanat-тың негізгі басқарушы кадрлары біріккен құрылымда өз қызметін сақтап қалуы ықтимал.

"Amanat-тың негізгі басқарушы кадрлары жаңа құрылымда жұмысын жалғастырады. Ал жетекші лауазымдардың басым бөлігі шамамен 60/40 арақатынасымен “Әділет” өкілдеріне берілуі мүмкін", – деді саясаттанушы.

Неліктен дәл қосылу форматы таңдалды?

Бақтығалиевтің пікірінше, мұндай форматтың таңдалуына Amanat партиясының қоғамдағы беделі де әсер еткен.

Оның айтуынша, егер бұл жай ғана атауды өзгерту болғанда, қоғам оны "Отаннан" "Нұр Отанға", кейін Amanat-қа өткен кездегідей кезекті ребрендинг ретінде қабылдар еді.

"Егер бұрынғы партия жай ғана қайта аталған болса, бұл қоғам тарапынан жағымсыз қабылданар еді әрі жаңа саяси ұйымның тарихын ресми түрде бастауға мүмкіндік бермес еді", – деді ол.

Саясаттанушының пікірінше, соңғы жылдардағы өзгерістерге қарамастан, Amanat қоғам санасында әлі де "Нұр Отанның" және бұрынғы билік партиясы моделінің мұрагері болып қала берді.

"Қоғамдық қабылдауда Amanat әлі де “Нұр Отанның” мұрагері ретінде көрінді. Сондықтан кезекті атау өзгерісі бұл көзқарасты өзгерте алмас еді", – деді Бақтығалиев.

Ал Нұрғазин бұл шешімді алдағы Құрылтай сайлауына дейінгі уақыттың аздығымен байланыстырады.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін қазіргі екі палаталы Парламент таратылып, жаңа Құрылтай сайлауы екі ай ішінде өтуі тиіс.

Сондықтан президентті қолдайтын күштердің барлық заңдық және ұйымдастырушылық рәсімдерді орындауға уақыты шектеулі.

"Amanat-тың “Әділетке” қосылуы ең жылдам шешім болып көрінеді. Бұл бұрынғы билік партиясының инфрақұрылымын, өңірлік бөлімшелерін және кадрлық әлеуетін жаңа партияға ұзақ тіркеу рәсімдерінсіз беруге мүмкіндік береді", – деді Нұрғазин.

Ол бұл қадам мәслихаттарды қоса алғанда, бүкіл саяси вертикальды жаңарту процесінің бір бөлігі болуы мүмкін екенін де атап өтті.

"Егер жергілікті өкілді органдарға сайлау өткізілсе, онда бүкіл саяси вертикаль жаңа партиялық бренд аясында жаңарады", – деді саясаттанушы.

"Әділет" дербес партия бола ала ма?

Екі саясаттанушы да бірігуден кейін "Әділеттің" саяси дербестігі басты мәселелердің бірі болып қала беретінін айтады.

Бақтығалиевтің сөзінше, бәрі партия бағдарламасын кім жасайтынына, басшылық органдарды кім қалыптастыратынына және сайлау кандидаттарын кім бекітетініне байланысты болады.

"Егер жаңа құрылымға Amanat-тың бұрынғы кадрлық иерархиясы, іріктеу қағидалары мен ішкі жүйесі сол күйінде көшсе, онда “Әділет” тек жаңа атаудағы Amanat болып қалады", – деді ол.

Сонымен қатар Бақтығалиев мұндай сценарийдің ықтималдығы төмен деп санайды. Оның пікірінше, қазірдің өзінде жаңа тәсілдердің қалыптасу белгілері байқалады және біріккен құрылымда

"Әділеттің" өзегі шешуші рөл атқарады.
Нұрғазин де осыған ұқсас пікір білдірді.
Оның айтуынша, "Әділет" өз саяси субъектілігін күшейтіп, өзіндік мақсаттарын ілгерілетуге тырысады, ал Amanat жаңа жағдайда негізінен ұйымдастырушылық инфрақұрылым мен электоралдық тәжірибенің тасымалдаушысы болады.

Алайда ол партияның "Amanat 2.0"-ге айналып кету қаупі бар екенін де ескертті.

"Басты мәселе – “Әділет” “Amanat 2.0”-ге айналмай, өзінің дербес саяси келбетін қалыптастыра ала ма деген сұрақ. Партияға жаңа саяси ерекшелік пен ел дамуы үшін тың идеялар қажет", – деді Нұрғазин.

Партиялық жүйе қалай өзгереді?
Бақтығалиевтің пікірінше, жаңа көпшілік партияның пайда болуы өзге саяси күштердің де әрекет ету стратегиясын қайта қарауына мәжбүрлейді.

"Ауыл”, Respublica, Халық партиясы, “Ақ жол” және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ОСДП) өз жұмысының бағытын түзетуге мәжбүр болады", – деді ол.

Оның айтуынша, Amanat бренді жоғалғаннан кейін қарсыластар үшін бұрынғы партияны сынау жеткіліксіз болады.

Нұрғазин де сайлау алдында өзге партиялардың бірігуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

"Ең ықтимал сценарий – қарсы консолидация. Идеологиялық ұстанымдары ұқсас партиялар ірі құрылымдарға бірігуі мүмкін", – деді ол.

Оның пікірінше, Amanat инфрақұрылымына ие жаңа партияның пайда болуы басқа саяси ойыншылар үшін үлкен сын-тегеурін болмақ.

"Осындай ауқымды әрі жаңа партияның құрылуы қалған қатысушылар үшін үлкен сынақ болады. Алдағы сайлау бәсекесі бұрынғыдан әлдеқайда өткір болуы мүмкін", – деді Нұрғазин.

Бұл сайлауға қалай әсер етеді?
Бақтығалиевтің пікірінше, алдағы сайлауда "Әділет" ерекше бастапқы артықшылыққа ие болады.

"Алдағы сайлауда “Әділет” бірегей старттық мүмкіндікке ие болады. Бұл – бұрынғы билік партиясының қателіктері үшін толық жауапкершілік арқаламайтын жаңа бренд әрі сонымен қатар елдегі ең ірі саяси ұйымның инфрақұрылымына сүйенетін күш", – деді ол.

Оның сөзінше, әдетте жаңа партияларға филиалдар ашып, кандидаттар дайындап, өңірлерде жұмыс жүйесін құру үшін жылдар қажет. Ал "Әділет" бұл ресурстарды бірден алады.

Ал Нұрғазиннің болжамынша, жаңа партия Құрылтайдағы орындардың 50–70 пайызын иеленуі мүмкін.

"Алдағы сайлауда “Әділет” Құрылтайдағы орындардың шамамен 50–70 пайызын алуы ықтимал. Дегенмен негізгі қызығушылық басқа партиялардың қалай нәтиже көрсететініне байланысты болады", – деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, "Әділеттің" жаңа командасы бұрынғы билік партиясына қарағанда белсендірек әрі тәуекелшіл әрекет етуі мүмкін.

"Егер Amanat бұрын жинақталған тәжірибеге сүйенсе, “Әділеттің” жаңа әрі амбициялы кадрлары идеялар мен бастамаларда батылырақ қадам жасап, түрлі эксперименттерге баруы мүмкін", – деп түйіндеді Нұрғазин.

Еске салайық, "Әділет" партиясы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің бастамасымен құрылған. Партияның құрылтай съезі 2026 жылғы 7 мамырда Астанада өтіп, 1 маусымда Әділет министрлігінде ресми тіркелген еді. Партия өз қызметін әділдік, жауапкершілік, теңдік, патриотизм және прогресс қағидаттарына негіздейтінін мәлімдеген.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 14 Маусым, 2026 14:43
Талқылау