Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Миллиардер балаларын мұрадан айырып, 200 жылдық заңды өзгерткісі келеді

франциялық бай адам
Фото: Getty Images

Франциялық миллиардер Пьер-Эдуар Стерин бес баласына мұра қалдырғысы келмейтінін айтып, Наполеон дәуірінен бері қолданылып келе жатқан мұрагерлік туралы заңды өзгертуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dailymail.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бельгияда тұратын француз кәсіпкері әрі миллиардер Пьер-Эдуар Стерин Франция Сенатындағы тыңдау барысында мұрагерлік туралы заңға қатысты пікірін айтты.

52 жастағы кәсіпкердің бес баласы бар. Алайда ол өз дәулетін балаларына қалдыруға қарсы екенін жасырмады.

"Балаларымның өмірін бүлдіргім келмейді, оларға бір тиын да қалдырмаймын. Өмірді нөлден бастау нағыз еркіндік", – деді миллиардер.

Қазіргі Франция заңнамасы 1804 жылы қабылданған Наполеон кодексіне негізделген. Бұл құжатқа сәйкес балалар "міндетті мұрагерлер" болып саналады. Егер отбасында үш немесе одан да көп бала болса, олар ата-анасының мүлкінің кемінде үштен бір бөлігіне заңды түрде ие болады.

Стерин бұл талаппен келіспейтінін айтып, әр адам өз мүлкін қалай пайдаланатынын өзі шешуі керек деп санайды.

"Байлығымды қайырымдылыққа бергім келеді", – деді ол.

Пьер-Эдуар Стерин Еуропада кең таралған сыйлық сертификаттарын сататын Smartbox компаниясының негізін қалаған. Оның жеке байлығы шамамен 1,4 миллиард еуроға бағаланады.

Кәсіпкер Франциядағы оңшыл саяси бастамаларды қолдайтын Périclès жобасымен танымал. Қазір сенаторлар оны саяси күштерді заңсыз қаржыландыруы мүмкін деген күдікпен тексеріп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Microsoft компаниясының негізін қалаушы, миллиардер Билл Гейтс өзінің ауқымды байлығының басым бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Ол балаларын қаржылай тәуелсіз болуға тәрбиелеуді маңызды санайтынын айтып, оларға байлығының аз ғана бөлігін қалдыруды жоспарлап отырғанын жеткізген. Гейтстің айтуынша, мұндай шешім балаларының өз еңбегімен жетістікке жетуіне мүмкіндік береді.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 14 Маусым, 2026 17:35