Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полиция 15-20 жылға сотталатынын айтып, арыз жаздырмай қойған": Нұрай Серікбайдың ата-анасы сотта куәлік берді

сот
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. Сотта марқұмның әкесі оқиғаға байланысты өз нұсқасын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Қызымды күштеп көлікке отырғызған”

Марқұмның әкесі айыпталушының “Нұрай өз еркімен бірге кетті” деген сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, күдікті қызды күштеп көлікке отырғызып, телефонын тартып алып, Алматыдан алып кеткен.

“12-13 сағат бойы қызымызбен мүлде байланыса алмадық. Кейін Нұрай телефонының сол уақытта өзінің қолында болғанын айтты. Қызымның сөзінше, ол үнемі боқтап, қорқытып отырған. "Рөлге жармассаң, екеуміз де өлеміз, көлік аударылады!" деп айтқан. Ол – 28 жастағы ересек ер адам. Ал менің қызым небәрі 20 жаста еді. Мұндай жағдайда жас қызды бір ауыз сөзбен де, бір көзқараспен де қорқыту оңай”, – деді сотта Бауыржан Сағынбек.

Әкесінің айтуынша, қызының ұрланғанын туыстарынан ести салысымен, ұлдарын Нұрайды алып келуге жіберген. Алайда арада бес минут өтпей олардың үйіне айыпталушының ағасы мен көкесі келген.

“Ұлдарым шығып кеткеннен кейін бес минуттан соң үйге айыпталушының ағасы мен көкесі келді. Ешкім шақырмаса да, құда түсуге келгендей үйге кірді. Мен ол кезде қызымның ұрланғанын енді ғана білген едім. Сондықтан Нұраймен сөйлеспейінше оларды үйге кіргізбейтінімді айттым. Бірақ олар сөзіме құлақ аспай, асүйге барып отырды”, – деді марқұмның әкесі.

Бауыржан Сағынбектің сөзінше, айыпталушының туыстары Нұрайдың өз қолымен жазды деген қолхатты көрсеткен. Онда қыздың өз еркімен келгені жазылған.

“Бірақ сол кезде Нұрай қоңырауларға жауап бермеді. Кейін айыпталушының ағасының телефоны арқылы қызыммен сөйлестім. Нұрай: “Әке, мұнда бәрі менің еркімнен тыс болып жатыр. Келіп алып кетіңізші”, – деді. Осыдан кейін әлгі екеуін үйден шығармақ болдым, бірақ олар кетпей қойды. Жалғыз өзім екі ер адамға шамам келмеді, арамызда төбелес болды. Жағдай ушығып кеткен соң әйелім Айгүл полиция шақырды”, – деді ол.

Жәбірленушінің айтуынша, полиция қызметкерлері үйден әлгі екі адамды шығарғанымен, ешқандай шара қолданбаған. Осыдан кейін ерлі-зайыпты қыздарын алып кету үшін полиция бөліміне барған.

“Полиция бөлімінде мені айыпталушының әкесімен кездестірмек болды. Бізден “бір-бірімізді кешіруге дайынбыз ба” деп сұрады. Мен: "Жоқ. Ұлы өз ісіне жауап беруі керек", – дедім. Маған полиция адам ұрлау мен шабуылды тергеудің орнына, бізді татуластырып, істі жабуға тырысқандай әсер қалдырды. Кейін әйелім екеуміз қызымызды алып, кетіп қалдық”, – деді Бауыржан Сағынбек.

Нұрайдың анасы не деді?

Сотта марқұмның анасы Айгүл Сағынбекова да жауап берді.

“Полиция бөліміне келгенде бізді Нұрайға жолатпады. “Өзі кәмелетке толған, арызды өзі жазады” деді. Кейін қызымызды алып кеткен соң ол бізге полиция қызметкерлерінің: “Мына жігіттің 15-20 жылға сотталғанын қалайсың ба? Осындай күнәні мойныңа алуға дайынсың ба? Одан кейін қалай өмір сүресің?" деп айтқанын жеткізді. Кейін оған басқа арыз жазуды ұсынып, “солай істесең, айыпталушы енді саған жоламайды” деп сендірген. Нұрайды қорқытып қойған. Сосын оны видеоға түсіріп, белгілі бір сөздерді камера алдында қайталауға мәжбүрлегендерін айтты”, – деді анасы.

Осыдан кейін отбасы бірнеше рет аудандық прокуратураға жүгінген. Алайда қылмыстық іс сол күйі тіркелмеген.

Аңду мен ақша аударымдары

Ата-анасының сөзінше, прокуратураға бірнеше рет шағымданғанына қарамастан, айыпталушы Нұрайды аңдуды тоқтатпаған. Ол қызды үйінің қақпасы алдында күтіп жүрген, Instagram арқылы құрбыларына жазған және ақша аударып отырған. Салдарынан Нұрай телефон нөмірін екі рет ауыстыруға мәжбүр болған.

“Айыпталушы қызыма ақша аударып, оның жаңа нөмірін тауып алғанын білдіріп отырған. Нұрай ақшаны бірден кері қайтаратын, оған бұл ақша керек емес еді. Бірақ кейде ақшаны қайтаруға мүмкіндік болмайтын тәсілмен жіберген. Сомасы да әртүрлі болды. Кейін қызым осы аударымдардың барлық скриншотын маған берді. 2025 жылдың 18 қарашасында сол ақшаның бәрін айыпталушының әкесіне толық қайтарып бердім”, – деді Бауыржан Сағынбек.

Алайда көп ұзамай ақша қайтадан отбасының шотына түскен. Осыдан кейін олар бүкіл соманы науқас баланы емдеуге арналған қайырымдылық қорына аударып жіберген. Сотта Нұрайдың әкесі мұны растайтын банк түбіртектерін көрсетті.

Сот процесі жалғасып жатыр.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 19:11