Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы жедел жәрдем станциясының экс-директоры 443 млн теңге жымқырғаны үшін 9 жылға сотталды

жемқорлық
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Астанадағы Жедел медициналық жәрдем қалалық станциясының бұрынғы директоры бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 9 жылға сотталды. Тергеу мәліметінше, ол төтенше жағдай кезінде санитарлық көліктерді жөндеу сылтауымен миллиондаған теңгені заңсыз иемденген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот Жедел медициналық жәрдем қалалық станциясының бұрынғы директоры мен оның қарамағындағы қызметкерлерге қатысты үкім шығарды.

Сот мәліметінше, 2020–2023 жылдары, Қазақстанда төтенше жағдай режимі кезінде, мекеменің бұрынғы директоры көлікпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы және бас механикпен алдын ала сөз байласқан. Олар санитарлық көліктерді жедел жөндеу және бюджет қаражатын үнемдеу сылтауымен кәсіпорын аумағында техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан.

Алайда жедел жәрдем көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер заңсыз есептен шығарылған. Сонымен қатар көліктерді жөндеу қызметіне қатысты келісімшарттар жұмысты іс жүзінде орындамаған адаммен жасалған. Осы схема арқылы кәсіпорынға 443 миллион теңгеден астам шығын келтіріліп, қаражат жымқырылған. 

Сот барысында келтірілген материалдық шығынның өтелмегені анықталды.

Сонымен қатар сот кәсіпорынның техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істеген қызметкердің 2023 жылы қызметтік жағдайын пайдаланғанын анықтады. Ол бағасы 268 мың теңгеден асатын кәсіпорын мүлкін жымқырған. Кейін кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толық өтеген.

Ал бұрынғы директор мен екі қызметкер тағылған айыптарды мойындамай, өздерін ақтауды сұрады.

Сот олардың кінәсі жәбірленуші өкілдерінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденгенін мәлімдеді. 

Үкімге сәйкес:

  • бұрынғы директор 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды;
  • оның екі сыбайласы 8 жылдан бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды;
  • ал кәсіпорын қызметкері 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол “Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы” заң негізінде жазадан босатылды.

Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың 443 миллион теңге көлеміндегі азаматтық талабын толық көлемде қанағаттандырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық жедел жәрдемнің қателігінен қайтыс болған күйеуіне өтемақы өндіріп алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 21:41