Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шұғыл шақыртуға бара жатқан: Павлодарда жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншіні қағып кетті

Жедел-жәрдем көлігі қағып кетті
Фото: ti.pavlo кадрларынан скрин

Павлодарда шұғыл шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде әйелді қағып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 7 шілде күні Академик Сәтбаев көшесінде болған.

Жедел медициналық жәрдем қызметінің хабарлауынша, бригада бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан. Реанимобиль қосулы жарқылдауық шамдары мен дабыл белгісімен қозғалған. Дәрігерлердің айтуынша, көлік жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан кезде әйел жолға шыққан.

Оқиғадан кейін жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізген. Ал бригада бара жатқан шақырту басқа медицина қызметкерлеріне тапсырылған.

Жол апаты салдарынан әйел ауруханаға жатқызылды. Полиция аталған факті бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Жедел жәрдем жүргізушісінің әрекетіне құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі.

"JAC көлігінің жүргізушісі Академик Сәтбаев көшесімен келе жатып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өтіп бара жатқан әйелді қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды", – делінген полиция хабарламасында.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 07 Шілде, 2026 18:50