Қазақстандағы ең аз ұлт белгілі болды: Олардың жалпы саны 240 ғана

Қазақстанда ондаған ұлт пен этнос өкілдері тұрады. Олардың арасында саны миллионнан асатындары да, екі жүз адам қалғандары да бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстандағы ең аз ұлт – коми халқы. Елімізде осы этносқа жататын 240 адам тұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство дерегінше, 2026 жылдың басында Қазақстан халқының жалпы саны 20 499 822 адам болған.
Қазақстандағы ең аз ұлттар
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, коми ұлтының өкілдері – Қазақстандағы ең аз этнос. Олардың ішінде 90-ы ер адам, 150-і әйел. Коми халқының басым бөлігі қалада тұрады – 160 адам, ал 80 адам ауылдық жерде тұрады.
Ең аз ұлттардың қатарына мыналар да кіреді:
- моңғолдар – 242 адам;
- ассириялықтар – 329 адам;
- хакастар – 332 адам;
- сахалар (якуттар) – 353 адам;
- италиялықтар – 355 адам;
- парсылар – 362 адам;
- лактар – 369 адам;
- кабардиндер – 375 адам.
Сонымен қатар статистикада ұлтын көрсетпеген 71 614 адам және "басқа ұлттар" санатына енгізілген 40 357 адам жеке есепке алынған.
Коми халқы қай өңірлерде тұрады?
Коми ұлтының өкілдері ең көп тіркелген өңір – Алматы қаласы. Мұнда 38 адам тұрады.
Одан кейін:
- Қарағанды облысы – 26 адам;
- Қостанай облысы – 25 адам;
- Ақмола облысы – 24 адам;
- Жамбыл облысы – 15 адам;
- Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары – әрқайсында 14 адамнан;
- Абай облысы – 11 адам;
- Алматы облысы – 11 адам;
- Астана қаласы – 11 адам.
Қалған өңірлерде коми ұлтының өкілдері 10 адамнан аз. Ал Қызылорда облысында бұл этнос өкілдері тіркелмеген.
Қазақстандағы ең көп ұлттар
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басында қазақтардың саны 14 664 202 адамға жеткен. Екінші орында – орыстар (2 943 022 адам), үшінші орында – өзбектер (695 557 адам).
Одан кейінгі орындарда:
- украиндар – 367 547 адам;
- ұйғырлар – 309 164 адам;
- немістер – 222 890 адам;
- татарлар – 218 361 адам;
- әзербайжандар – 157 568 адам;
- кәрістер – 120 821 адам;
- түріктер – 93 234 адам;
- дүнгендер – 88 165 адам.
Тізімге тәжіктер, күрдтер, қырғыздар, шешендер және басқа да көптеген этностар енген. Жалпы алғанда, Қазақстанда 70-тен астам этнос өкілі тұрады. Бұл елдің этностық құрамы әлі де сан алуан екенін көрсетеді.
Халық саны қалай есептеледі?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халық саны – белгілі бір уақытта ел аумағында тұрақты тұрған тұрғындардың жалпы саны.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі халық саны соңғы ұлттық халық санағының қорытындысы негізінде жасалады. Оған тұрақты тұруға келгендер мен дүниеге келгендер қосылып, қайтыс болғандар мен елден тұрақты қоныс аударғандар шегеріледі.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді