Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ымдау тілін ресми түрде тану ұсынысына үкімет жауап берді

ымдау тілі
Фото: magnific.com

Премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова мен оның партияластарының депутаттық сауалына жауап берді. Бұған дейін депутаттар Қазақстанда ымдау тілін ресми қарым-қатынас тілі ретінде тануды ұсынған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет ымдау тілін ресми түрде тану мәселесін қарастырып жатыр. Осыған байланысты Германия, Ресей, АҚШ, БАӘ, Қытай, Түркия, Болгария, Жапония, Испания, Оңтүстік Корея, Словакия, Португалия, Хорватия, Швеция және Эстонияның тәжірибесі зерттелген.

Билік Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарға сурдоаударма, инклюзивті білім беру және әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Алайда 2028 жылға дейін жаңа әлеуметтік бастамаларға қосымша қаржы бөлінбейтіндіктен, бұл бағыттағы қызметтерді кеңейту әзірге шектеулі.

Сондай-ақ үкімет бұл мәселе Инклюзивті саясат пен Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамаларында қамтылғанын мәлімдеді.

"Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік органдар мен үкіметтің тұрақты бақылауында", – деп түйіндеді Олжас Бектенов.

Еске салайық, өткен айда мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова премьер-министр Олжас Бектеновке ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заң жүзінде тану туралы ұсыныс жасаған еді. Сондай-ақ депутаттық сауалда сурдоаударма қызметіне белгіленген лимит мәселесі көтерілді. Қазіргі кезде есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына 60 сағат сурдоаударма қызметі көрсетіледі. Депутаттың айтуынша, бұл көлем ауруханаға бару, мемлекеттік қызметтер алу, оқу, жұмыс істеу және қоғамдық өмірге қатысу сияқты күнделікті қажеттіліктер үшін жеткіліксіз.

Кейінірек мәжілістің жұмыс тобы депутаттар ұсынған түзетулерді қолдағаны белгілі болды.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 14 Маусым, 2026 11:27