Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мопед ұрлады деген күдікпен төрт жасөспірім ұсталды

мопед ұрлығы
Фото: magnific.com

Алматыда мопед ұрлаумен айналысқан деген күдікпен төрт кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында жасөспірімдердің қала аумағында бірнеше мопедті ұрлауға қатысы бар екені анықталған.

Полицейлердің мәліметінше, күдіктілер алдын ала сөз байласып, арнайы схема арқылы екі дөңгелекті көліктерді жасырын түрде айдап кетіп отырған.

"Тергеудің қазіргі кезеңінде олардың кемінде алты ұрлық дерегіне қатысы бары анықталды", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Жедел шаралар барысында ұрланған мопедтер табылып, заттай дәлел ретінде тәркіленді. Қазір барлық эпизод бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары жасөспірімдердің заңды өкілдерін де жауапкершілікке тартты. Балаларының бос уақыттағы жүріс-тұрысын бақыламаған ата-аналарға қатысты әкімшілік шара қолданылған.

Полиция кәмелетке толмағандардың әрекеті үшін ата-аналардың жауапкершілігі жоғары екенін еске салып, балалардың бос уақытын қадағалауға шақырды.

Тәртіп сақшылары соңғы уақытта жасөспірімдер арасында мопед ұрлығы мен жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері жиілегенін атап өтті.

Еске салайық, соңғы уақытта мешіттер мен басқа да қоғамдық орындарда жеке мүлікті ұрлау фактілері жиілеп отыр. Осыған байланысты полиция азаматтарды құнды заттарын қараусыз қалдырмауға, әсіресе құлшылық орындары мен адам көп жиналатын жерлерде сақ болуға шақырады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай қылмыстардың басым бөлігі бейнебақылау камераларының көмегімен ашылады.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 14 Маусым, 2026 13:38