Петропавлда әйелдердің іш киімін ұрлап кейін сатқан ер адам түрме жазасына кесілді

Петропавлда әйелдердің іш киімін ұрлап артынша ұрланған тауарды сатып жіберген 44 жастағы ер адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соттың дерегінше, ер адам 2026 жылдың 1 наурызында мас күйінде киім дүкеніне кіріп, әйелдердің іш киімі тұрған сөреге жақындаған. Ол 11 дана көкірекшені алып, киімінің астына жасырған.
"Өз әрекетінің ешкімге байқалмағанына көз жеткізген соң, ол дүкеннен шығып кетпек болған. Алайда бақылау аймағынан өткен кезде ұрлыққа қарсы дабыл жүйесі іске қосылып, дүкен әкімшісі оны тоқтатуға әрекет жасаған. Әкімші ұрланған заттарды қайтаруды талап еткен. Бірақ айыпталушы қашып кетуге тырысқандықтан, оқиға ашық тонау ретінде сараланған", – делінген сот үкімінде.
Сот мәліметінше, баспалдақ алаңында әкімші оны қуып жеткен кезде ер адам ұрланған заттардың бір бөлігін екі ақ және екі қызыл көкірекшені лақтырып тастап, қалған жеті данасын алып оқиға орнынан кеткен.
Біраз уақыттан кейін дүкен әкімшісі сауда орталығының бірінші қабатында айыпталушының ұрланған тауарларды сатып жатқанын көрген. Бар болғаны 5-10 минуттың ішінде ол үш көкірекшені сатып үлгерген. Қалған тауарлар қайтарылған.
Алайда ол мұнымен тоқтамаған. Бірнеше минуттан соң көрші сауда орталығына кіріп, бутиктен үш дана әйелдер шалбарын ұрлаған. Кейін оларды да сауда орталығындағы бейтаныс әйелдерге сатып жіберген.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өзіне қатаң жаза қолданбауды сұраған. Дегенмен сот оның бірнеше рет қылмыс жасағанын және алдыңғы үкім бойынша жазасының толық өтелмегенін ескеріп, бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
"Айыпталушы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 3 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтейді", – деді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.
Айыпталушы 2007 жылдан 2024 жылға дейін ұрлық жасағаны үшін сегіз рет сотталған. Қылмыс жасаған кезде ол бостандығын шектеу жазасын өтеп жүргеніне қарамастан, тағы бір ұрлыққа барған.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз