Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Республикалық физика-матаматика мектебінде уланып, жансақтау бөліміне түскен оқушының анасы баланың жағдайын айтты

Аурухана оқушы ата-ана мектеп
Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы Республикалық физика-матаматика мектебінде уланған оқушылардың саны 51-ге жетті. Балалардың жағдайы асханадағы түскі астан кейін жаппай нашарлаған. Ауруханаға ауыр жағдайда түскен оқушының анасы баласының қазіргі жағдайы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева Республикалық физика-математика мектебінде тамақтан уланып, ауруханаға түскен оқушылардың саны 51-ге жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол тамақтан улану белгілерімен ауруханаға түскен балалардың жағдайын білу үшін барған. Ауруханаға жатқызылғандардың арасында 43 ұл және 5 қыз болған.

"Жаңа ғана тағы үш бала жеткізілді. Олар РФММ интернатында тұрады, әртүрлі облыстан келген. Жағдайлары тұрақты", – деп жазды Динара Закиева.

Оқу орны мен оның жанындағы интернаттың жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір тексеру жүріп жатыр. 

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиеваның айтуынша, балалар ауруханаға жіті ішек инфекциясының белгілерімен түскен.

“Балаларда интоксикация, дене қызуының көтерілуі, құсу, іш өту және сусыздану белгілері байқалды. Қазір балалардан талдау үшін сынамалар алынды. Олар медицина қызметкерлерінің бақылауында. Қазір жағдайлары тұрақты, нашарлау байқалмайды, керісінше жақсарып келеді”, – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева.

Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар.

Уланған балалардың бірінің анасы Айнұр Наурызалиева ұлының ауыр жағдайда ауруханаға түскенін айтты. Оқушы тоғызыншы сыныпта оқиды.

“Оның жағдайы өте ауыр болғды. Қазір жансақтау бөлімінен жеке палатаға ауыстырылды. Жағдайы тұрақтанды, яғни өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер инфекция жұқтырғанын айтады. Алайда мұндай инфекцияның туындауына түрлі себеп болуы мүмкін”, – дейді Айнұр Наурызалиева.

Қазір науқастармен байланыста болған 200-ден астам адам медицина қызметкерлерінің бақылауында. 

 

Ал мектеп өкілдері болған оқиғаға қатысты әзірге сақтықпен пікір білдіріп жатыр. 

“Әзірге инфекцияның нақты қайдан таралғанын айта алмаймыз. Ол асханадан болуы мүмкін немесе вирус, ЖРВИ болуы да ықтимал. Дүйсенбі күні санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары келіп, су сынамаларын алды. Қазір бүкіл мектепте дезинфекция жүргізіліп жатыр. Нәтижелерді күтіп отырмыз. Балалардың жағдайы тұрақтанды, көпшілігінің дене қызуы түсті. Барлық ата-анамен байланыстамыз”, – Республикалық физика-матаматика мектебінің Алматы қаласындағы филиалының директоры Мейірлан Мейірбек.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталды. 

“Тауарлық көршілестік талаптары сақталмаған, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарға қатысты мәселелер бар. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мектеп пен асханаға қатысты қызметін тоқтату туралы бес қаулы шығарды. 60 күнге дейінгі мерзімге жедел ден қою шарасы қолданылды”, – дейді ол.

Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Енді тергеу барысында болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталуға тиіс.

Еске салайық, Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауыр ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түсті. Бүгін таңертең Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқушылардың уланғанын растады.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 08:16