Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа қуат көздері, газдандыру мен жылу жүйесі: Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысындағы негізгі жобалармен танысты

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Ол өңірдегі ірі индустриялық және энергетикалық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді. Негізгі назар өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғыртуға, жылу беру маусымына дайындыққа, жылу энергетикасы мен газдандыру салаларын дамытуға аударылды.

Теміртауда Нұрлыбек Нәлібаев "Qarmet" металлургиялық комбинатына барып, өндіріс үдерісімен және кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасымен танысты.

"Домна пештерін табиғи газға көшіру қалдық отын (мазутты) толық тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл қондырғының тұрақты жұмысын арттырып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтты", — деді Qarmet Corporation басқарма төрағасы Петр Трушин.

Сондай-ақ бірінші вице-премьерге комбинаттағы жаңа өндірістік нысандардың құрылысы туралы баяндалды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 3,8 миллион тонна болат өндірген. Ал "5–9–5" стратегиясына сәйкес, 2028 жылға қарай өндіріс көлемін 5 миллион тонна болатқа, 9 миллион тонна көмірге және 5 миллион тонна темір рудасы концентратына дейін арттыру жоспарланып отыр.

Сапардың жеке бір бағыты 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық пен Теміртау мен Қарағандыдағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналды.

"Алдағы жылыту маусымында ешқандай мәселе болмауы тиіс. 1 қыркүйекке дейін барлық нысандар бойынша дайындық актілері (дайындық паспорттары) рәсімделуі қажет. Жылыту кезеңінде ақауға жол беруге болмайды", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ вице-премьер Қарағанды ЖЭО-3-тегі жөндеу жұмыстарының барысымен және станцияны кеңейту жобасымен танысты. Жаңа энергия блогы электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын 180 Гкал/сағатқа арттыруға мүмкіндік береді.

"ЖЭО-3-ті кеңейту – өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жоба аяқталғаннан кейін қосымша қуат қоры қалыптасып, 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады", – деді "Қарағанды Энергоцентр" ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.

Сапар барысында Қарағандыны газдандыру мәселесі де қаралды. Биыл жобаның бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.

"Бірінші кезең аясында газ 10 мыңнан астам абонентке жеткізіледі. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін екінші кезеңге көшеміз. Ол Пришахтинск, Майқұдық және Сортировка аудандарын қамтиды", – деді Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов.

Өңірдің индустриялық дамуы аясында Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын аралады.

"ТЭМПО Қазақстан" зауытында болаттан тік жікті құбырлар шығаратын жаңа өндіріс желісі таныстырылды. Диаметрі 630 мм болатын құбырлар арнайы термиялық өңдеуден өтеді. Соның арқасында олар –60-тан +60 градусқа дейінгі температурада қолдануға жарамды. Мұндай өндіріс технологиясының Қазақстанда баламасы жоқ.

Ал Silk Road Electronics кәсіпорнында вице-премьер тұрмыстық техника өндірісімен және локализация бағдарламасымен танысты. Қазіргі таңда зауытта кір жуғыш машина, шаңсорғыш, бойлер, ас үй плитасы, теледидар және сорғыш құрылғылар шығарылады.

“Қазіргі уақытта кәсіпорында шамамен 300 адам жұмыс істейді. Ал өндіріс толық қуатқа шыққанда, жылына 1 миллионға дейін өнім шығаруға мүмкіндік беріліп, қызметкерлер саны 800 адамға дейін артады”, – деді компанияның операциялық директоры Талғат Абдрахманов.

Сондай-ақ бірінші вице-премьер QazTehna және Tengri Tyres кәсіпорындарына барып, автобус, арнайы техника және автокөлік шиналарын өндіру процесімен және өндірісті кеңейту жоспарларымен танысты.

"Мемлекет басшысы мен үкіметтің тапсырмасымен өңірлерді аралап жүрміз. Қарағанды облысында көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр, онда жүздеген адам еңбек ететін ірі өндірістер жұмыс істейді. Кәсіпорындардың толық өндірістік цикл қалыптастырып, әрі қарай даму жоспары бар екенін көріп отырмыз", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жұмыс сапарының қорытындылай келе, вице-премьер өнеркәсіп және энергетика жобаларын жүзеге асыру Қарағанды облысының дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Stan.kz
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 18:10