Тоқаев Павлодар облысының әкімін қабылдап, Екібастұзда әуежай ашу мәселесін қарауды тапсырды

Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылады. Одан бөлек, Екібастұзда жаңа әуежай салу мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Асайын Байханов алдымен президентке өңірдің былтырғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында мәлімет берді. Әкімнің айтуынша, өткен жылы Павлодар облысында барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалған.
“Өңір экономикасына шамамен 1,3 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 47 пайызды құрады. Инвестиция тарту жөнінен облыс республикадағы көшбасшылардың бірі саналады. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 триллион теңгеге жетті. Елімізде өндірілетін көмір мен ферроқорытпаның 58 пайызы, электр қуатының 42 пайызы Павлодар облысына тиесілі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9,6 пайызға артып, 571,4 миллиард теңгеге жетті. Ылғал үнемдеу технологиясын қолдану бойынша Павлодар облысы өңірлер арасында алдыңғы қатардан көрініп, шаруалар картоп, күнбағыс және қарақұмықты мол жинады”, – делінген хабарламада.
Асайын Байханов сонымен қатар президентке әлеуметтік міндеттемелердің орындалу барысы туралы да ақпарат берді.
“Өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қалаларда 2 мектеп және ауылдарда 3 мектеп, сондай-ақ 30 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Биыл тағы 2 мектеп салу және әлеуметтік маңызы бар 5 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Былтыр ауылдардың барлығы таза ауыз суға қол жеткізді. Өңірдің үш қаласындағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылды.
Жақсы жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі 96 пайызға көбейіп, 621 шақырым автокөлік жолы және ауыл ішіндегі көшелер жөнделді. Биыл өңірдегі перспективті ауылдардың кіреберіс жолдарын асфальттау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр”, – деп баяндады әкім.
Осы тұста әкім президент тапсырмаларының орындалуы туралы да есеп берді. Оның ішінде Ертіс арқылы жаңа көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын және "Шахтер" саябағын жаңарту, трамвай паркін жаңғырту, үшінші ГРЭС салу және деректерді өңдеу орталықтары жобасын іске асыру бар.
Ал президент Екібастұз қаласының әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, облыс әкіміне шаһарда жаңа әуежай ашу мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырды.
“Бұл жобаны іске асыру өңірдің көлік-транзит әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамуына тың серпін береді.
Мемлекет басшысы инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстарын жалғастыру жөнінде міндет жүктеді”, – делінген Ақорда хабарламасында.
"1 миллион теңге талап еткен": Топ болып қыз зорлағаны үшін 15 жылға сотталған жігіттердің жақындары сот шешіміне қарсы шықты
Оқыңыз