Тоқаев Маңғыстау облысындағы вандализм оқиғасын мысал етіп, тосқауыл қоюды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мәдени мұраларға зиян келтіріп жүргендерге тосқауыл қою керек екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев қоғамдағы вандализмді сынады. Айтуынша, бұл ел өркениетінің дамуына кедергі келтіреді.
“Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайлары жиілеп кетті”, – деді ол.
Президент осы тұста Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиғаны еске салды.
Оқыңыз“Жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек”, – деп қосты ол.
Еске салсақ, Маңғыстау облысында 21 жастағы жігіт Ыбықты Сай шатқалына залал келтіргені үшін 25 күнге қамауға алынған еді. Ол тас жәдігерге өз аты-жөні мен автокөлік номерін жазған.
“Аула сыпырушы блогер ата”: “Қайратқа” 47 жылдан бері жанкүйер алматылық қария желі жұлдызына айналды