Тоқаев дәстүрлі өнерді насихаттағандарға "Асыл мұра" ұлттық сыйлығын тағайындайтынын мәлімдеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі өнерді дамытуға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Енді ұлттық мәдениетті насихаттауға үлес қосқан өнер қайраткерлеріне "Асыл мұра" ұлттық сыйлығы тағайындалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы дәстүрлі өнерді, әсіресе, жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру керек екенін алға тартты. Осы тұста өнерді дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды екенін де еске салды.
“Осы орайда, мен "Асыл мұра" ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым. Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді. Осы жоғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты өнер және мәдениет қайраткерлері марапатталады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, бүгінде қазақтың төл мәдениеті халықаралық деңгейде кеңінен танылып келеді.
“Халқымыз жақсы көретін әйгілі музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, бишілер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қазіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды. Қазақстанның шетелде кеңінен танылған медиа жобасы Silk Way Star халықаралық ән байқауы. Бұл – заманауи мәдени дипломатияның бір үлгісі. Еліміз халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты айтарлықтай күшейтті. Ірі мәдени-ағарту жобалары белсенді түрде қолға алынып, ғылыми бастамалар көтерілуде”, – деп қосты ол.
ОқыңызМемлекет басшысы Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығы мәдени мұраны әлемге танытуға жол ашқанын да алға тартты.
“Бұл сан қырлы қазақ мәдениетін насихаттау бағытындағы дұрыс әрі қажетті іс. Бүгінгі кездесуіміз маңызды күннің қарсаңында өтуде. Мұның символдық мәні зор. 1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО-ның толық мүшесі атанды. Айтпақшы, осыдан 34 жыл бұрын, дәл сол күні министрдің орынбасары ретінде аталған беделді халықаралық ұйымның Париждегі штаб-пәтеріне барып, ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас директоры Федерико Майормен бірге осы тарихи уақиғаға қатысты құжатқа қол қойған едім. Содан бері еліміздің жиырмаға жуық материалдық және материалдық емес мұрасы, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізбелеріне енді. Бұл тізім алдағы уақытта ұлғая түседі. ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мен тиісті министрліктерге осындай міндет жүктелді”, – деді Тоқаев.
“Аула сыпырушы блогер ата”: “Қайратқа” 47 жылдан бері жанкүйер алматылық қария желі жұлдызына айналды