"1 миллион теңге талап еткен": Топ болып қыз зорлағаны үшін 15 жылға сотталған жігіттердің жақындары сот шешіміне қарсы шықты

“OmeTV” платформасы арқылы қызбен танысып, оны топ болып зорлады деп айыпталған жігіттерді бірінің жақындары мұның жала екенін айтты. Айыпталушылар 15 жыл 6 айға сотталды. Айыпталушы тарап соттың бұл үкімімен келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленуші қыздың айтуынша, қылмыстың 2025 жылы 29 мамырда таңғы сағат 04:00 шамасында болған. Ол жігіттермен “OmeTV” платформасы арқылы танысқан. Кейін олар қызды кездесуге шақырған.
“Хата” дегеннің не екенін, олардың қандай ойы барын білмедім. Аңғал едім, қауіп төніп тұрғанын түсінбедім”, – дейді ол.
Жәбірленушінің айтуынша, 18 және 20 жастағы жігіттер оны алдап пәтерге кіргізіп, телефонын тартып алған және бөлмеден шығармай қойған.
“Телефонымды алып қойып, ата-анама да, достарыма да хабарласуға мүмкіндік бермеді. Мені күштеп ұстап, кезек-кезек зорлады. Қол-аяғымды қысып ұстап, денем тырысып қалғанға дейін жібермеді. Жылап, айғайлап, босатуды өтіндім, пәк екенімді айттым. Бұл жағдай шамамен екі сағатқа созылды”, – деп жазды ол.
Сот үкімінде жігіттердің пәтерде сыра ішіп отырып, қызбен телефон арқылы танысқаны айтылған. Сот анықтағандай, олар қызды өздері шақыртып, ұсыныс тастаған. Жәбірленуші ұсынысты қабылдап, 04:30-да көрсетілген мекенжайға барған. Сондай-ақ материалда екі сотталушының қыздың еркінен тыс онымен жыныстық қатынасқа түскені көрсетілген.
Жәбірленушінің осы шағымынан кейін екі жігіт 15 жыл 6 айға сотталды.
Алайда айыпталушы тарап сот үкімімен келіспейтінін, іс бойынша бірқатар қайшылықтар барын жеткізді. Уәждеу бөлігіндегі сотталушы Рауан Қадырмоллаевтың жабауында, қыздың өзі ұсыныс тастап, пәтерге келгенін, өзінің 18 жаста екенін айтады. Үшеуі әңгімелесіп отырған кезде қыз бір жігітке аудио хабарлама жіберіп, сонымен жыныстық қатынасқа түскен соң санында бөртпелер шыққанын айтқан. Сол себепті дәрігерге көрініп, дәрілердің ақысын төлеу керегін жеткізген. Осы әңгімеден кейін сотталушылар онымен жыныстық қатынасқа түспеген.
Сотталушылардың берген жауабына сәйкес, сол күннен кейін олар жәберленушімен байланысқа шықпаған. Тек 2025 жылы 4 маусым күні жәберленуші жігіттерге “WhatsApp” арқылы хабарлама жазып, екеуінен 1 миллион теңге талап еткен. Бермеген жағдайда шағымданатынын айтқан.
2025 жылғы медициналық сот қорытындысында кәмелетке толмаған, 2010 жылы туған жәбірленушінің денесінен сызат, көгерген іздер мен жарақаттар анықталмағаны айтылған.
2026 жылы 19 ақпанда Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі жігітті қылмыстық кодекстің 120 бабы 3-1 бөлігінің 1 тармағы бойынша 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталушылардың бірі Рауан Қадырмоллаевтың ағасы Қуанышбек Нұрболатұлы соттың шешімінен келіспейтінін жеткізіп, аппеляциялық сотқа жүгінген. Оның сөзінше, сот тергеуді толық жүргізбеген. Сондай-ақ тергеу кезінде айыпталушы тарап тыңдалмады деп отыр.
“Қыз 18 жастамын деп танысқан. Өзі 16 жаста. Таңғы сағат 04:00-де жігіттердің пәтеріне өзі келген. Онымен қоймай, таксидің ақшасын төлеуін сұраған. Мен сот шешімімен келіспеймін. Сот тергеуі біржақты немесе толық болмағандықтан, үкімде баяндалған сот тұжырымдамасы істің нақты мән-жайларына сәйкес келмегендіктен, қылмыстық-процестік заң бұзылғандықтан және жазаның қылмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмегендіктен бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертуді талап етемін”, – дейді Қуанышбек Нұрболатұлы.
Сондай-ақ оның айтуынша, сотталушылардан оларды ұстап алған кезде бірінші рет жауап алынған. Одан бөлек жауап алынбаған.
“Бауырымды тергеу изоляторына алып кеткен күндегі хат алмасуымыз бар. Біздің адвокатымыз барғанша сол жердегі кезекші адвокатқа жауап алғызған. Мен “әзірге ештеңе айтпа, сөздеріңе өзіңе қарсы қолдануы мүмкін” деп ескерткенімде бауырым “мұнда асықтырып жатыр” деп жауап берді. Ондағы тергеушімен де сөйлестім. “Адвокатымыз барғанша жауап алмаңдар дегенімде” ол маған “маған жоғарыдан тапсырма келді” деп жауап берді”, – дейді сотталушының туысы.

Сондай-ақ №2336 санды 2025 жылғы 7 шілдедегі сот медициналық сараптама қорытындысында жәбірленушінің
- Эмоционалдық тұрақсыздық белгілері;
- Актерлік қабілетінің болуы;
- Өтірік айтуға бейімділігі;
- Импульсивті әрекеттерге бейімділігі бары көрсетілген.
Айыпталушы тараптың айтуынша, сарапшылар жәбірленушінің жасын тексеруді объективті жүргізбеген. Себебі олар адамның құжаттағы жасын алдын ала білген, ал бұл сараптамаға әсер етуі мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ олар мемлекет бекіткен әдістемені толық қолданбағанын, жыныстық даму деңгейін жан-жақты бағаламағанын айтады. Бұдан бөлек, тіс пен гормондық даму бойынша қажет зерттеулер толық жасалмаған деген уәж келтірілген.
Осыған байланысты қорғау тарапы қайтадан тәуелсіз комиссиялық сараптама жүргізуді сұраған. Алайда сот бұл өтінішті терең қарастырмай, қанағаттандырмаған.
Сондықтан айыпталушы тарап “сотталғандардың кінәсі нақты әрі толық дәлелдерге емес, жорамалдар мен толық тексерілмеген тұжырымдарға сүйеніп шығарылды” деп мәлімдеп отыр.
Сотталушының адвокаты айыпталушы тараптың аппеляциялық шағымы елеусіз қалғандықтан, қазір кассациялық сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.
“Менің пайымдауымша, Рауан зорлау фактісі бойынша жәбірленушінің ойдан шығарылған көрсетпелері негізінде 15 жыл 6 айға сотталды. Бұл іске мен аппеляциялық сатыда кірістім. Іс материалдарымен танысу барысында жәбірленушілерінің жауаптарында бірқатар қайшылықтар бары анықталды. Сондай-ақ адамның кінәсін растайтын өзге де дәлелдер жоқ болып шықты. Соттан өз уәждерімізді растай алатын қосымша сараптамалар тағайындауды сұрадық. Өкінішке қарай, біздің уәжедеріміз тексерілмей, дәлелдерге тиісті баға берілмеді. Сондықтан қазір кассациялық шағым түсіруге дайындалып жатырмыз”, – дейді Рауанның адвокаты Дәурен Ысқақов.
Айыпталушы тарап бұл істі Бас прокуратура дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазір сотталушылар қылмыстық-артқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеп жатыр.
"1 миллион теңге талап еткен": Топ болып қыз зорлағаны үшін 15 жылға сотталған жігіттердің жақындары сот шешіміне қарсы шықты