Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халық әуені" шығармашылық керуені ел аралайды

Халық әуені

21-23 мамыр аралығында Қазақстанның барлық өңірінде ауқымды "Халық әуені" жобасы аясында концерттер сериясы өтеді. Аталған бастама мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Halyk Bank демеушілігімен жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Әлем жұртшылығы елімізді ең алдымен өнер арқылы таниды.

"Халық әуені" жобасы мәдени саясаттың басым бағыттарымен үндеседі. Себебі жобаның негізгі мазмұны мәдениет пен өнерді ірі қалаларда ғана емес, өңірлер мен ауылдық жерлерде де дамыту міндеттерімен айқындалады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бастама халықтың мәдени игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етіп, шығармашылық ұжымдардың еліміз бойынша гастрольдік сапарларының аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

"Халық әуені" – ұлттық руханиятты жаңғыртуға және халық музыкалық мұрасын заманауи форматта дәріптеуге бағытталған бірегей мәдени бастама. Жоба аясында ғасырлар бойы қалыптасқан музыкалық дәстүрлер мен мәдени сабақтастық жаңа сипатта жаңғырып, ұлттық өнердің тереңдігі мен байлығын бүгінгі көрерменге кеңінен танытады.

Жоба 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған. Бұл күн іс-шараға ерекше символдық мән беріп, оның рухани мазмұнын тереңдете түседі.

Еліміздің 17 өңіріне гастрольдік сапармен жетекші шығармашылық ұжымдар аттанады. Концерттік бағдарламалар Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын қамтиды.

Сонымен қатар шығармашылық ұжымдар шалғай аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерге барып, көрермен назарына ұлттық және заманауи өнердің үздік үлгілерін ұсынады.

Halyk Bank барлық мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтайды!

Stan.kz
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 15:20