Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ер адам кинотеатрда попкорнға қақалып көз жұмды

Кинотеатр попкорн
Фото: Magnific.com

Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде 29 жастағы ер адам кинотеатрда попкорнға қақалып, көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 17 мамырда Forum сауда орталығындағы кинотеатрда болған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам кино басталар алдында попкорн жеп отырып қақалып қалған. Кейін дәретханаға барып құсып келгеннен кейін өзін жақсы сезінгенін айтқан.

Алайда кино залына кірген соң "тамағым жыбырлап тұр" деп бірнеше рет шағымданған. Біраз уақыттан кейін "жүрегім қысылып тұр” деп сырт киімін жанындағы адамға ұстатып, аяқ астынан құлап қалған.

Куәгерлер алғашында оны жүрегі ұстап қалды деп ойлап, алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Өкінішке қарай, жедел жәрдем келгенше ер адам көз жұмған.

“Үйден киноға барып келемін деп, сап-сау, ойнап-күліп шығып кеткен”, – деді ол.

Марқұмның туыстарының сөзінше, бұл жағдай алғашқы медициналық көмек дағдыларын білу қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

"Егер сол сәтте қақалған адамға қалай көмек көрсету керегін білетін біреу болғанда, бәлкім, аман алып қалуға мүмкіндік болар ма еді. Попкорн тамағына тұрып қалған ғой…" – дейді олар.

Сондай-ақ зал ішінде болған куәгердің сөзінше, адамдар мен кинотеатр қызметкерлері алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, медициналық ұйымдастыру мен жедел әрекет ету тәртібіне қатысты сұрақтар туындаған.

"Біз бірден кинотеатр қызметкерлерін шақырып, қолдан келгеннің бәрін жасадық. Жүрек-өкпе реанимациясын (ЖӨР), жасанды тыныс беруді жүргіздік. Жедел жәрдем шақырдық және қызметкерлерден медицина маманын шақыруды өтіндік. Бірақ олардың жауабы бізді таңғалдырды: “Бүгін жексенбі, сондықтан медқызметкерлер жұмыс істемейді деді", – дейді куәгер.

Оның сөзінше, медицина қызметкері біраз уақыттан кейін келген, алайда ол кезде науқастың жағдайы тым ауыр болған.

"Шамамен 15 минуттан кейін ақ халатты әйел келді. Менің түсінуімше, ол ойын-cауық орталығының медицина қызметкері. Бірақ ол келгенше бәрі кеш болды", – деді ол.

Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем 15-20 минут аралығында жеткен.

Оқиға қоғамда резонанс тудырып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, кезекші медицина қызметкерінің болуы және шұғыл көмек көрсету алгоритмдеріне қатысты сұрақтарды көтерді.

Дәрігер Өмірзақ Нұрсұлтан бұл жағдай анафилактикалық шок болуы мүмкін екенін болжап отыр.

"Сірә, бұл анафилактикалық шок болуы мүмкін. Тамақтан кейін кенеттен құсу басталып, жағдайы нашарлап, есінен танған. Анафилаксия кезінде қан қысымы күрт төмендеп, тыныс алу бұзылғандықтан мұндай жағдайлар болуы мүмкін. Көпшілік анафилактикалық шокты тек бөртпе немесе ісіну деп ойлайды, алайда кейде ол өте жылдам дамиды: әлсіздік, құсу, естен тану және бірнеше минут ішінде жүрек тоқтауы мүмкін. Попкорн, май немесе қоспалар да ауыр аллергиялық реакцияны қоздыруы ықтимал", — деп жазды дәрігер.

Полиция не дейді?

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

“Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады”, — деп жауап берді қалалық Полиция департаменті.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 14:25