Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түнгі сағат 12-де хабарласады, төмен баға қойылса шу шығарады": Қазақстандық мұғалімдер ата-анадан көрген қысымын айтты

Мектеп мұғалімдері мен ата-аналар
Фото: Фото chatGPT көмегімен жасалды

Қазақстандық мұғалімдер білім беруден бөлек ата-аналарға хабарландыру жасап, ересектердің күн демей, түн демей қоятын сауалдарына жауап беруге мәжбүр. Сөздерінше, ата-ана баласын кешке бір-ақ іздейді, телефоны жоғалса мұғалімнен көреді, тіпті 4 қойса "неге 5 қоймайсыз?" деген сауалдың астына алады екен. Мұндай қысымнан мұғалімдер қалай қорғана алады? Stan.kz ақпарат агенттігі мұғалімдерді тыңдап, депутат пен заңгерден осы мәселені сұрап көрді.

 

"Бала үйіне көңіл-күйі болмай барса да, біз кінәліміз"

Мұғалім Ғайнидің сөзінше, ата-аналар мұғалімге хабарласудан еш ыңғайсызданбайды. Бәрі күнделікте, чатта жазылып тұрса да, кез келген уақытта, кез келген сұрақпен күні-түні хабарласа береді.

"Ата-ана мұғалімдерді күні-түні, 24 сағат бойы мазалайды. Балалар арасында ұрыс болса да, көңіл-күйі болмай келсе де, біз кінәліміз. Баласы ата-анасын тыңдамайды. Сондықтан ересектер "апай сізді тыңдайды, сіз сөйлесіңізші" деген де өтініштер жасаған. Мұның бәрі балаға көңіл бөлмегеннен және уақытты бірге өткізбегеннен деп білемін. Тоқтаусыз қоңыраулар мен чаттағы хаттар тіпті мұғалімнің жеке өміріне уақыт бөлуге кедергі келтіреді. Ата-ана баласының бос уақытын тиімді ұйымдастырса, не істеп жүргенін қадағаласа, балалар жан-жақты болар еді. Талай бала әке-шешесімен ұрысып, үйінен қашып кетіп, түнімен іздеген кездеріміз болды", – дейді ол.

"Телефон жоғалту деген әлемдік проблемамыз бар"

Бала телефонын жоғалтып алып, ол үшін мектепті кінәлаған сәттер де болады екен. Ал мектеп әкімшілігі ата-анамен проблема болмауы үшін сынып жетекшілерге фотоесеп жасауды, баланың үйге жеткенін қадағалауды тапсырады екен.

"Телефон жоғалту деген тағы бір әлемдік мәселеміз бар. Бала телефонын жоғалтып, талай ата-ана тауып беріңіз деп соғыс шығарған. Содан бері қыркүйекте телефонға мектеп әкімшілігі мен сынып жетекші жауап бермейтіні туралы бұйрықты көрсетіп, оқушыларға қол қойдырып алатын болдық. Түн ортасында қоңырау шалып, "сіз тауып бересіз, баратын жеріме барамын, 112-ге хабарлаймын" деп қорқытқандар да болған. Бәле іздеп, әдейі сұрайтын ата-аналар да көп. Тіпті директордың өзі "Балалар үйіне жетті ме, фотоесеп алыңдар. Демалыста тау-тас аралап кеткен жоқ па, іздеңдер. Күнделікті түгелдеп, фотоесеп жасап отырыңыздар!" деп бұйырып отырады", – дейді мұғалім.

Мұғалім ата-аналар баласының сабақ үлгерімін қадағаламай, бірақ тоқсан соңында "неге 3 қоясыз, неге 4 қоясыз" деген сұрақтың астына алатынын айтып отыр.

"Ата-аналар қазір өте қиын. Өздері таңертеңнен кешке дейін жұмыста, көп уақытын баласына бөле алмайды. Жауапкершілікті өздерінен емес, мұғалімнен талап етеді. Мысалы, баласы үйіне жетті ме, жетпеді ме оны да қадағаламайды. "Балам әлі жоқ" деп кешкі уақытта бір-ақ іздейді. Ондай мысалдар менің тәжірибемде өте көп кездесті. Мұғалімді мазалап, "қайда жүргенін біліңіз, басқа оқушылардан сұраңыз" деп бізден талап етеді. Бірақ мұғалімдер сабақтан тыс уақытта оқушыны неге іздеп жүруі керек, ол жағын түсінбейді. Сабақ үлгерімдеріне келсек, ата-ана оны мүлдем қадағаламайды, қарамайды. Бірақ тоқсан соңында неге 3, неге 4 деген сұрақты қоя бастайды. Баласы тоқсан бойы қалай оқыды, белсенді болды ма, оны ойланып жатқан ата-ана жоқ", – деп ашынды мұғалім.

"Кейде баланың айтқанын тікелей түсініп, нақтыламай жатып килігеді"

Жас мұғалім Ақжарқын Мұхади ересектердің хабарласуы кейінгі кезде жиілеп кеткенін айтты. Сөзінше, жағдайдың байыбына бармай мектепті кінәлау басым.

"Қазір ата-аналардың мұғалімге кез келген уақытта хабарласуы жиілеп кетті. Кейде түнде немесе демалыс күндері де жазып жатады. Ата-ана баласы үшін алаңдайтынын түсінемін, бірақ мұғалімнің жеке уақыты, өз өмірі, отбасы бар екенін ескерсе деймін. “Неге менің балама бес қоймайсыз?” деген сұрақтар да жиі кездеседі. Бағаны баланың көңілі үшін емес, білім деңгейіне қарай қоямын. Қазіргі бағалау жүйесі нақты критерийлерге сүйенеді. Түсіністікпен қарайтын, еңбегімізді бағалайтын ата-ана да бар. Бірақ кейде баласының айтқанын ғана тыңдап, жағдайды толық анықтамай тұрып кінә тағады. Кейбір оғаш әрекеттерге сабырмен қарауға тырысамын, басты мақсат – баланың тәрбиесі мен білімі. Ата-ананың өтініші орындалмаса, кейде мектеп әкімшілігіне, білім бөліміне шағымданады немесе "шағымданамын" деп қысым көрсетуге тырысады. Бірақ мұғалім барлық нәрсені заңға, мектеп ережесіне және кәсіби этикаға сүйеніп орындайды. Кейде эмоциялық тұрғыдан шаршаймыз. Себебі мұғалім тек сабақ бермейді, құжат, тәрбие, есеп, ата-анамен жұмыс қатар жүреді", – дейді Ақжарқын.

Мұғалімнің айтуынша, қазір мектептерде қауіпсіздік пен ашықтыққа көп көңіл бөлінеді. Ол жұмыс істейтін мектеп әкімшілігі көбіне екі жақты да тыңдап, ортақ шешім шығаруға тырысады екен.

"Сыныптағы ережелер түсіндіріледі, ата-аналармен жиналыс өтеді, кей жағдайда чаттарға ескерту жазылады. Мұғалім де өзін қорғау үшін бүкіл ақпаратты тіркеп, ресми түрде жұмыс істеуге тырысады. Мектеп те ата-аналарға да өзара сыйластық сақтау, мектеп ережесіне бағыну сияқты талаптарды қояды. Мектеп директоры ата-ананың бүкіл айтқанын орындауды талап етпейді. Әкімшілік көбіне екі жақты да тыңдап, ортақ шешім табуға тырысады. Дегенмен қазір ата-анамен дұрыс коммуникация орнату мұғалімге қойылатын маңызды талаптардың біріне айналып кетті. Сол себепті көбіне әкімшілік ата-ананың айтқанын орындай салуды өтінеді", – дейді Ақжарқын Мұхади.

"Алдағы он жылда мектепте мұғалім қалмайтын шығар"

Алматылық мұғалім Айжан сабақ беруден емес, қосымша міндеттердің көп болғанынан қажимын дейді. Айтуынша, бүгінде мұғалімдер ата-аналарды да тәрбиелеп шаршап жатыр.

"Күнде жүз баламен жұмыс істеу, әрқайсысының мінезі мен қабілетіне бейімделу, сабақ жоспарын дайындау – бәрі үлкен күш пен төзімді талап етеді. Қоғамның бізге талабы да жоғары. Әр оқушының жетістігі үшін мұғалім жауапты саналады. Оған қоса олардың тәрбиесі мен мінез-құлқындағы кемшіліктер де көбіне ұстазға жүктеледі. Бұл әділетсіздік кейде мұғалімнің жігерін құм етеді. Мұғалімдік қызмет құрметке лайық болғанымен, оның ауыртпалығы аз емес. Мектептің жұмысын үйге әкеліп, таң атқанша қағаз жазу, БЖБ, ТЖБ тексеру – бөлек әңгіме. Өз балаларыма уақыт таппаймын. Жұрттың баласына сонша көңіл бөліп, шыр-пыр болып жүріп, ата-анадан да сөз естіп қаламыз. Қазір тек оқушыларды емес, ата-аналарды да тәрбиелеп жатамыз", – дейді ол.

Мұғалім сынып жетекші болу тым көп жауапкершілік жүктейтінін айтты. Ол жазғы демалыста жұмыстан шығып, мектеп көрмей, басқа іспен айналысамын деп жоспарлап отыр.

"Сынып жетекшілік үшін алатыным – 10 мың теңге. Бірақ бұған 500 мың теңге берсе де аздық етеді. Сабағымызды беріп отырып, сыныбымыздың оқушысы тәртіп бұзса да, сабақтан кейін үйіне бармаса да, екі өкпемізді ала сынып жетекші болып жүгіреміз. Біз жауапты боламыз. Қысқасы алдағы 10 жылда мектепте мұғалім қалмайтын шығар деген ой келеді. Кейінгі уақытта мектептегі жұмысымды тастап, безіп кеткім келіп жүр және мұны өзім жұмыс істейтін мектептегі ұстаздардан да жиі естіп жүрмін. Жазғы демалыс уақытында басқа жұмыс тауып, мұғалімдікті тастаймын деген ойға келдім", – дейді мұғалім.

Бізге пікір білдірген мұғалімдердің сөзіне желідегілер де қосылды:

  • “Сіз неге менің балама 1 балл қоясыз?” дейтін ата-аналар бәле болды. Қай зауыттан шығып жатырсыздар?”
  • "Педагог мәртебесі" заңына сүйеніп, арыз жаза аламын ба? Бір ата-ана түнгі 22.00-ден бастап мазамды алып, "оңбаған" деп неше түрліні айтып жатыр. "Жас қой, үндемейді бәрібір" деп ойлайтын сияқты. Менің алдымдағы мұғалімдерге маза бермеген екен. Оқу ісі маманына ескертіп айтқанда "бәріміз білеміз ол кісіні, үндемей-ақ қойыңыз" деді”.
  • “Мұғалімдерді чаттардағы жауап беруден босатса екен деймін. Таң атқаннан бері, қазір сағат 18:30-ға дейін 47 чатқа жауап беріп үлгердім. Оның 17-сі мектеп чаттары (ата-ана чаты, оқушылар және мектеп әкімшілігі), 18-і ата-ана мен оқушылардың жеке чаттары, 12-сі әкімшілік пен басқа ұстаздардың жеке чаттары. Бұл процесс таңғы 8:00-ден бері үздіксіз жалғасып келеді. Жауап бермесең, түсінбестік туып, шу шығады”, – деп бөлісті желі қолданушы мұғалімдер.
Мұғалім, мектеп, оқушы, ата-ана
Фото: Threads-тен скриншот

 

"Заң мұғалімді қорғайды, сондықтан ата-ана сыйластық танытқаны жөн"

Заңгер Ермек Тілеукеев әсіресе "балама неге жоғары баға қоймадыңыз?" деп мазалай беретін ата-анадан мұғалімді заң қорғайтынын айтты. “Педагог мәртебесі туралы” заң мұғалімнің құқығы мен абыройын қорғауды көздейді, сондықтан ата-аналар сыйластыққа негізделген қарым-қатынас жасауы керек.

"Қазақстан заңнамасына сай, мұғалімнің кәсіби қызметіне негізсіз араласуға жол берілмейді. Бағаны педагог оқу жетістігіне, білім сапасына және бекітілген бағалау талаптарына сай қояды. Ата-ананың “неге 5 қоймадыңыз?” деп тұрақты қысым көрсетуі немесе мұғалімді мазалауы педагогтың қызметіне араласу ретінде бағалануы мүмкін. Мұндайда мұғалім ең әуелі мектеп әкімшілігіне, директорға немесе білім бөліміне жазбаша түрде жүгінгені дұрыс. Егер қысым, қорқыту, ар-намысқа тию немесе әлеуметтік желі арқылы қудалау болса, онда құқық қорғау органдарына арыздануға да толық құқығы бар. “Педагог мәртебесі туралы” заң мұғалімнің құқығы мен абыройын қорғайды. Сондықтан ата-ана мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас өзара сыйластық аясында болуы қажет", – дейді заңгер.

Дәл қазір “Педагог мәртебесі туралы” заңда ата-ананың қысымы туралы нақты норма болмағанымен, мұғалім басқа баптар негізінде өз құқығы мен міндеттеріне нұқсан келмеуін қадағалай алады.

"Қазір “Педагог мәртебесі туралы” заңда ата-аналардың мұғалімге қысым көрсетуіне қатысты нақты жеке норма толық қарастырылмаған. Дегенмен бұл мұғалім қорғансыз дегенді білдірмейді. Конституцияда, Еңбек кодексінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте адамның ар-намысы, қадір-қасиеті мен кәсіби қызметіне заңсыз араласудан қорғау тетіктері бар. Практикада көп мұғалім ата-аналардың “неге 5 қоймадыңыз?”, “баламның бағасын көтеріңіз” деген тұрақты қысымына тап болады. Бұл әсіресе мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жиілеп кеткен. Сондықтан заңды жетілдіріп, ата-ананың да жауапкершілігін нақтылайтын нормалар қажет деп есептеймін. Мұғалім – қызмет көрсетуші емес, білім беретін маман. Бағаны эмоциямен емес, білім деңгейіне қарай қоюы керек. Ал ата-ана мен мектеп арасындағы диалог өзара құрметке негізделуі керек", – деп түсіндірді заңгер Ермек Тілеукеев.

"Біз ақырындап ата-ана мен мұғалім жиі ұшыраспайтын жүйеге келе жатырмыз"

Мұғалімдердің басына үйірілген бұл проблемаға мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да пікір білдірді. Депутаттың айтуынша, мұғаліммен желіде сөйлесу заңды қарым-қатынас түріне жатпайды. Сондықтан көп нәрсе мұғалімнің өзінің шектеу қоя алуына байланысты.

"Педагог мәртебесі туралы заңға сай, мұғалімдер түрлі чаттарды жүргізуге, жауап беріп отыруға міндетті емес. WhatsApp-тағы сөйлесулердің бәрі заңды байланыс емес. Бұл мұғалімнің уәкілеттігін көбейтеді, бұл оның жұмысына кірмейді. Ал ата-аналардың мұғалімді мазалай беруі оны кемсіту және жұмысынан тыс шаруамен айналысуға мәжбүрлеу болуы мүмкін. Бір жағынан бұл жерде мұғалімнің өзіне де байланысты. Мұғалім өз жұмыс аясын түсінуі керек және білім беруден тыс жұмысты, чатты жүргізуді, сөйлесуді тоқтатуы керек. Өйткені үй жұмысы күнделікте жазылып түр, мұғалім, оқушы, ата-ана қарым-қатынасы мектеп жарғысында жазылған. Бүкіл қарым-қатынас уәкілеттік аясынан шықпауы керек. Чат жүргізгеннің пайдасы шамалы, оны тоқтату керек. Мұғалім ата-аналарға өз нөмірін, үйінің нөмірін бермеуге құқылы. Тек жұмыс телефонын ғана бөлісе алады. Егер ата-ананың талабы, шағымы болса, ол арнайы органға, мектеп әкімшілігіне, мектеп жұмысын қадағалайтын мекемеге жазбаша хат жазуы керек", – деп пікір білдірді депутат.

Ирина Смирнова ата-аналар жиі мазаламас үшін мектеп әкімшілігі де құзыретінен тыс шаруаны алмауы керек деп есептейді. Мысалы, ата-аналар жиналысында баламен қалай қатынас құру керек екенін үйретпеу керек, ересектердің тәрбиесімен айналыспауға тиіс.

"Бұл жерде мектеп әкімшілігі де ата-ананың тәрбиесін өзіне алмауы керек. Мысалы, мектеп ересектерді ата-аналар жиналысына шақырып, ата-ана баламен қалай байланысуы керек деген тақырыпта талқы өткізсе, бұл мектептің міндеті емес. Мұндай жиындарды өткізгенде мұғалім өзіне артық жұмыс артып отыр, бұдан бас тарту керек. Ата-ана өз міндетін орындап, баланы өзі тәрбиелеуі керек. Ал мұғалім өз құзыреті шеңберінде тиісті білімін беруі керек. Әрине, бұл жұмысты мұғалім ғана емес, мектеп әкімшілігі баланы мектепке тіркеген сәттен бастап мойнына алмауы керек және ата-аналардан қолхат алғанда осыны ерекше ескеруі қажет. Қалыптасқан таптаурындар өзгеруі керек. Екі жақтың қарым-қатынасын тиімді етіп тиісті орган, мекемелер бекітуі керек. Біз ақырындап ата-ана мен мұғалім жиі ұшыраспайтын жүйеге келе жатырмыз деп ойлаймын", – дейді Ирина Смирнова.

Айта кетейік, жақында мұғалімдер оқушыларға оқу процесі кезінде ғана жауап беретіні туралы хабарланды. Ал сабақтан тыс уақытта оқыс жағдай болса, балалар үшін жауапкершілік ата-аналарға немесе қамқоршыларға жүктеледі. Бұл туралы Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстыру кезінде депутат Асхат Аймағамбетов айтты. Депутаттар педагогтерді қорғау қажет екенін баса айтты. Сонымен қатар бұл мәселеде заңда екіұшты түсіндірмелер болмауға тиіс екенін атап өтті.

Депутат Ирина Смирнова да заң сенатқа жолданып жатқанын, қабылданған сәттен бастап оқушының мектептен тыс уақытына тек ата-ана жауапты болатынын ескертті.

"Бүгінде мұғалімді мектеп әкімшілігі, кәсіподақ қорғай алады. Ал қазір заң сенатқа жөнелтіліп жатыр. Бұл заң қабылданса мұғалім жұмыс уақыты біткен соң ешқандай жұмысқа жауап бермейді, кірспейді. Оқушының мектептен тыс уақытына ата-ана жауапты. Мұғалім жауапты бола алмайды, себебі ол тек мектепте білім беруші, баланың мектептен тыс өміріне қатыспайды", – деп түсіндірді ол.

Еңлік Сақтан
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 10:00