“Аула сыпырушы блогер ата”: “Қайратқа” 47 жылдан бері жанкүйер алматылық қария желі жұлдызына айналды

Желіде әр футбол матчынан қалмайтын, блогер ата жұртты сүйсіндірді. Шығыс Қазақстан облысының 62 жастағы тумасы Дмитрий Чекаев бүгінде Алматыда аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Өзін блогер санамайтын қария әлеуметтік желідегі парақшасын алғашында тек туыстары мен таныстарына арнап жүргізген екен. Алайда қарапайым өмірі мен шынайылығы көпшілікке ұнап, бүгінде жұрт оны “блогер ата” деп атап кеткен. Stan.kz тілшісі желіде танымал болған тұрғынмен сұхбаттасып көрді.
Дмитрий Чекаев Алматыға 2006 жылы көшіп келген. Айтуынша, бұл қалада қазір жалғыз тұрады. Отбасын құрып ажырасқан, бала сүймеген. Ал туыстарының көбі Ресейде.
“Қазір аула сыпырып, қоқыс жинау жұмысын істеймін. Әзірге екі жұмыста істеп жүрмін. Бірінші жұмысымнан шығып жатырмын. Қазір орныма адам тапқанша жұмысымды тапсырып жүрмін. Алдағы уақытта “Қайрат” академиясына аула тазалаушы болып кіремін. Бұл жұмысты жоғалтып алмау үшін әзірге жарты күнге барып, істеп жүрмін”, – деді ол.
“Теннис турнирінен кейін 1,5 миллион адам парақшамды қарады”
Дмитрий Чекаевтың желідегі жазбаларын мыңдаған адам көреді. Ол өзінің жұмыс күндері мен футбол матчтарына барған сәттерін салып, қарапайым посттар жариялайды.
“Әлеуметтік желіні мен баяғыда, интернет енді шығып жатқан кезден бастап жүргізе бастадым. Басында ештеңе білмедім, көп қателестім. Барлығын өзім үйрендім. Фото түсіруді де, видео түсіруді де дұрыс білмейтінмін. Телефонымның камерасы да нашар болды.
Шыны керек, негізі парақшамды тек туыстарым мен таныстарым көрсін, менің қалай өмір сүріп жатқанымды білсін деген оймен жүргіземін. Өмірімдегі сәттерді бөлісіп отырдым. Кейде тауға шығатынмын, сол сәттерді салатынмын. Маңызды оқиғаларды ғана бөлісіп отырдым. Ол кезде бөтен адамдар мүлде қызықпайтын”, – деді ол.
Дмитрий Чекаевтың парақшасы желіде 2025 жылы Алматыдағы теннис турнирінен кейін таныла бастаған.
“Сол жерде бір танымал блогер мені байқап қалып, парақшамды көрсетті. “Қараңыздаршы, қандай адал жанкүйер” деп жазды. Содан кейін адамдар жаппай жазыла бастады. Пікір қалдырды. Бір аптада парақшамдағы қаралым саны шамамен бір жарым миллионға жетті. Бірақ мен әлі күнге дейін өзімді блогермін деп есептемеймін. Парақшам мен үшін жай ғана күнделік сияқты. Өз өмірімді бөлісіп отырамын. Ал бос уақытымда музыка тыңдаймын, теледидар көремін”, – деп қосты ол.
Блогер атаны көшеде, матчтарда танып амандасатын оқырмандары бар екен.
“Астана мен Жезқазғанға барған кезде жанкүйерлер танып жатады. Алматыда да көшеде танып, амандасып жататындар бар. Кейде “сіз TikTok-тағы Дмитрийсіз ғой” деп келеді. Бірде жас қыз келіп, бірге суретке түсуді сұрады. Қазір ондайға үйреніп кеттім. Желіде ең көп қаралым жинағаннан соң, бірде киім дүкендері де өздерінің образдарын сыйлап, суретке түсірген. Солай желіден көргендерден кішігірім ұсыныстар түскен кездер болды”, – деп баяндады ол.
“15 жасымнан бері “Қайратқа” жанкүйермін”
Алматылық ата – 47 жылдан бері “Қайрат” футбол командасына жанкүйер. Айтуынша, матчтарын қалдырмай баруға тырысады.
“Спортқа деген қызығушылығым жас кезімнен басталды. 15 жасымда Өскеменге көшіп бардым. Ол кезде Өскемен нағыз хоккей қаласы еді. Қай аулада жүрсең де хоккей ойнайтын балалар болатын. “Торпедо” мен “Алтай” деген екі хоккей мектебі болды. Достарымның бәрі хоккейге қатысатын, мені де матчтарға ертіп баратын. Сөйтіп “Торпедоның” жанкүйеріне айналдым.
Кейін футболға да қызыға бастадым. “Востоктың” ойындарына баратынмын. Волейбол мен гандбол матчтарын да жібермейтінмін. Ал “Қайратты” мектеп кезімнен теледидардан көріп өстім. Ол кезде КСРО жоғарғы лигасында Қазақстаннан тек “Қайрат” қана ойнайтын. Әскерден кейін Мәскеу жаққа, әжемнің үйіне барып, сол жақта 8 жыл тұрдым. Сол жақта үйлендім. Сол уақытта “Қайрат” Мәскеуге келсе, арнайы барып матчтарын көретінмін. Бұл командаға 15 жасымнан бері жанкүйермін. Бұл – 1979 жылдан бері деген сөз. Қазір де матчтарға жиі барамын”, – деп қосты ол.
ОқыңызДмитрий Чекаевтың бұл футбол командасына жанкүйерлігі соншалық бүгінде жұмысын “Қайрат” академиясына ауыстырған.
“Футбол клубында сервистік қызметтер бар. Ол жерде аула сыпырушылар, электриктер, сантехниктер жұмыс істейді. Олар футбол клубына қарасты мекемелердің бәріне қызмет көрсетеді. Маған олар Instagram арқылы жазды. Нақты қалай аталатынын білмеймін, тазалық пен сервистік қызметке қатысты бөлім ғой. Әрине, менің аула сыпырушы болып істейтінімді желіден көрген болуы керек. Сонымен осы қызметке ұсыныс тастады, мен қабылдадым”, – деді ол.
Аула сыпырушы ата болашақта мүмкіндік болса, “Қайраттың” шетелдегі матчтарына да барып, командаға жанкүйер болуды армандайтынын айтты. Әсіресе сүйікті командасының Чемпиондар лигасында ойнағанын қалайды екен.
Желіде қарапайым посттарымен-ақ Қайраттың жанкүйері болған ата көпшіліктің көңілін жаулап үлгерген. Көпшілік оның посттарының астына жақсы тілектер қалдырған.
- “Осы атаға жететін адам жоқ”;
- “Осындай жанкүйері бар “Қайрат” бақытты. Атаға назар салыңыздар”;
- “Threads-тің ең жарқын кейіпкері. Қандай жағымды ата! Осындай адамдар көп болса ғой”;
- “Оны ренжітуге тыйым саламын! Ең адал жанкүйер!”;
- “Неге ешкім атаның матчты қалай әдемі сипаттайтынын айтпайды? Оны спорт шолушысы не комментатор болуға шақыру керек қой!”;
- “Осындай қараңғы әлемде сіздің парақшаңыз ерекше жарық сыйлап тұр”, – деп жазған көпшілік.
“Аула сыпырушы блогер ата”: “Қайратқа” 47 жылдан бері жанкүйер алматылық қария желі жұлдызына айналды