Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей AZAL ұшағы апатынан қаза тапқан қазақстандықтар үшін өтемақы ұсынбаған

апат
Фото: Instagram Azamat Sarsenbayev

Вице-премьер Қанат Бозымбаев AZAL ұшағы апатынан кейін Ресеймен өтемақы төлеу мәселесі бойынша қандай да бір келіссөздер жүргізілгені туралы ақпарат естімегенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, қаза тапқандардың туыстарының бір бөлігі өтемақы алып үлгерген. Ал қалған жағдайлар әлі де сот процесі кезеңінде қаралып жатыр. 

 “Өтемақы төлеуге міндетті тараптар, яғни әзербайжандық және ресейлік сақтандыру компаниялары көмек көрсетуге дайын. Шешім жақын арада қабылданады. Менің ойымша, олар өтемақыны толық көлемде алады. Азаматтығына қарамастан, барлық жолаушы тиісті төлемді алады”, – деді Бозымбаев.

Журналистердің Ресей Қазақстанға өтемақы төлей ме деген сұрағына вице-премьер: “Мен ондайды естіген жоқпын”, деп жауап берді.

Сонымен қатар ол Астана мен Мәскеу арасында бұл мәселе бойынша қандай да бір келісім бар-жоғын білмейтінін айтты.

Бозымбаев Қазақстанның Әзербайжан тарапымен байланыста екенін және жағдайды бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, өтемақы тек Әзербайжан азаматтарына емес, басқа елдердің зардап шеккен тұлғаларына да төленуі тиіс.

“Біз ешқандай кемсітушілік болмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ қазір өтемақы алған адамдардың болуының өзі кемсітушіліктің жоқ екенін көрсететін сияқты”, – деді ол. 

Сонымен қатар вице-премьер кейбір кешігулер өтемақыны алушыларды анықтауға қатысты заңдық мәселелерге байланысты екенін айтты.

Апаттың мән-жайы

Айта кетейік, апат 2024 жылдың соңында Ақтау маңында болды. Баку–Грозный бағытымен ұшып бара жатқан ұшақта 67 адам болған. Олардың 38-і (негізінен Әзірбайжан азаматтары) қаза тапты. Қайғылы оқиға алдында әуе кемесі Ақтау әуежайының үстінен бірнеше рет айналып өткен. Пилот 7 700 дабыл кодын беріп, қосалқы әуежайға қонуға сұрау жіберген.

Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.

Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген.

4 ақпанда Қазақстанның Көлік министрлігі апаттың алдын ала нәтижелері бойынша есеп жариялады. Онда әуе кемесінің зақымданған және жартылай өртенген бөліктерінің фотолары, сондай-ақ төтенше жағдайдан кейінгі ұшу реконструкциясы көрсетілген. Алдын ала есепте "Ковер" жоспары жарияланған сәттегі диспетчерлер әңгімесінің фрагменті де бар.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 14:54