Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Ресей Әзірбайжанға өтемақы төлейтін болды

Фото: ТЖМ
Әзірбайжан мен Ресей 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында болған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы апатының салдарын реттеу бойынша келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы екі елдің сыртқы істер министрліктерінің бірлескен мәлімдемесінде айтылды.
Мәлімдемеде атап өтілгендей, 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде өткен кездесу барысында Әзірбайжан мен Ресей президенттері қол жеткізген уағдаластықтарға сәйкес, тараптар апат салдарын, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесін толыққанды реттеуге келісті. Құжатта ұшақтың Ресей әуе кеңістігінде әуе қорғаныс жүйесінің абайсыз әрекеті салдарынан құлағаны көрсетілген.
Министрліктердің мәлімдеуінше, қабылданған қадамдар екіжақты тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген ортақ ұмтылысты дәлелдейді. Сондай-ақ тараптар өзара құрмет, сенім және мүдделерді ескеру негізінде Әзірбайжан мен Ресей арасындағы қатынастардың әрі қарай нығая түсетініне сенім білдірді.
Оқыңыз"Қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтамыз", – делінген мәлімдемеде.
2025 жылғы қазанда Душанбеде өткен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевке апаттың себептерінің бірі ретінде Грозный аспанында украиналық ұшқышсыз ұшу аппараты болғанын айтқан. Оның сөзінше, ұшақ әуе қорғаныс зымырандарының тікелей соққысынан емес, олардың жарылысынан кейінгі сынықтардан зақымданған.
Айта кетейік, апат 2024 жылдың соңында Ақтау маңында болды. Баку–Грозный бағытымен ұшып бара жатқан ұшақта 67 адам болған. Олардың 38-і (негізінен Әзірбайжан азаматтары) қаза тапты. Қайғылы оқиға алдында әуе кемесі Ақтау әуежайының үстінен бірнеше рет айналып өткен. Пилот 7 700 дабыл кодын беріп, қосалқы әуежайға қонуға сұрау жіберген.
Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.
Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген.
4 ақпанда Қазақстанның Көлік министрлігі апаттың алдын ала нәтижелері бойынша есеп жариялады. Онда әуе кемесінің зақымданған және жартылай өртенген бөліктерінің фотолары, сондай-ақ төтенше жағдайдан кейінгі ұшу реконструкциясы көрсетілген. Алдын ала есепте "Ковер" жоспары жарияланған сәттегі диспетчерлер әңгімесінің фрагменті де бар.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Зообелсенділер бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты