"Кем дегенде 0,3 промилле шегін қайтару керек": Депутат жүргізушілерді алкотестер арқылы тексеруге қатысты пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазақстандық жүргізушілерді алкотестер арқылы тексеру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Депутаттың айтуынша, ағзада 0,1 промилле алкоголь анықталғаны үшін азаматтарды жүргізуші куәлігінен айыру дұрыс емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұрат Әбенов Қазақстанда төменгі шекті – 0,3 промиллені қайта енгізу қажет деп есептейді.
“Тіпті дұрыс жұмыс істеп тұрған алкотестердің өзі 0,3 промиллеге дейін көрсетуі мүмкін. Бұл құрылғының ерекшеліктеріне де, техникалық қателіктерге де байланысты болуы ықтимал. Бұрын рұқсат етілген ең төменгі шек 0,5 промилле болатын. Ал қазір кез келген ең аз көрсеткіштің өзі мас күйі ретінде бағаланады. Нәтижесінде, адамның ағзасында 0,1 промилле анықталса да, оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 15 тәулікке қамауы мүмкін. Сондықтан, кем дегенде 0,3 промилле шегін қайта енгізу қажет”, – деді Әбенов.
Оның айтуынша, алкотестер алкогольдің өте аз мөлшерін де тіркей алады. Көрсеткішке ағзаның ерекшеліктері, асқазан қышқылының жоғары болуы, кейбір дәрі-дәрмектер, құрамында табиғи түрде алкоголь булары болатын қымыз, айран секілді өнімдер де әсер етуі мүмкін.
“Сондықтан адамның жағдайы туралы тек алкотест нәтижесіне қарап қорытынды жасауға болмайды деп есептеймін. Әсіресе кейін бір нәрсені дәлелдеу іс жүзінде мүмкін болмай қалатын жағдайда. Тексеруден кейін азамат медициналық куәландырудан өтуді және зертханалық талдау үшін қан тапсыруды талап етуге құқылы. Ал егер мұндай мүмкіндік сол жерде болмаса бұл жүргізушінің мәселесі емес”, – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, егер қан талдауы алкоголь бар екенін көрсетсе, ықтимал құқық бұзушы екі сағат ішінде қайтадан қан тапсыруға құқылы.
“Тексеру кезінде полиция қызметкері қатар тұрады. Сарапшылардың айтуынша, құрылғы көрсеткішіне теориялық тұрғыда сыртқы факторлар да әсер етуі мүмкін. Мысалы, айналадағы спирт құрамды заттар. Сондықтан қазіргі жүйе жүргізушілер арасында барған сайын көп сұрақ тудырып отыр. Әсіресе жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру секілді қатаң жаза аясында. Соның салдарынан көптеген жүргізуші өзін тығырыққа тірелгендей сезінеді. Ал жүйенің өзі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол қалдырады”, – деді Мұрат Әбенов.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы 16 қыркүйектен бастап жүргізушілердің мастығын тексеру ережелері жаңаратыны туралы жазған едік. Бұл өзгерістер жаяу жүргіншілерге де қатысты болатыны айтылған. Алайда кейін Ішкі істер министрлігі мұны жоққа шығарған.
“Аула сыпырушы блогер ата”: “Қайратқа” 47 жылдан бері жанкүйер алматылық қария желі жұлдызына айналды
Оқыңыз