Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға Шенген аймағы елдеріне кірудің ережелері өзгергені ескертілді

Шенген қазақстандықтар
Фото: Stan.kz

Шенген аймағы елдерінде EES, яғни кіріп-шығу жүйесі толыққанды жұмыс істей бастады. Енді шетелдік туристердің деректері бірыңғай цифрлық базаға енгізіледі, ал төлқұжатқа қойылатын дәстүрлі мөрлер біртіндеп қолданыстан шығарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі EES жүйесінің Еуроодаққа кірмейтін барлық елдердің азаматтарына қолданылатынын атап өткен. Жаңа талаптар Шенген визасын алатын саяхатшыларға да, Еуропаға визасыз режиммен кіретіндерге де бірдей қолданылады.

Реформаның басты мақсаты – шекаралық бақылауды толық цифрлық форматқа көшіру және қағаз құжат айналымын азайту.

Төлқұжатқа қойылатын штамптардың орнына сапар туралы барлық ақпарат бірыңғай электронды жүйеде сақталады.

Қандай деректер жиналады

Шекарадан өту кезінде шекара қызметі қызметкерлері мына мәліметтерді тіркейді:

  • Төлқұжат деректері;
  • Елге кіру және шығудың нақты уақыты мен орны;
  • Тұлғаның цифрлық фотосуреті және саусақ іздері;
  • Қандай да бір себеппен елге кіруге рұқсат берілмеген жағдайлар туралы ақпарат.

Сонымен қатар, жүйе деректерді басқа еуропалық базалармен автоматты түрде салыстыра алады. Шекарашылар виза мәртебесін бірден көріп отырады, қажет болған жағдайда отбасы мүшелері туралы қосымша мәліметтер де қолжетімді болады.

Қай елдер жүйеге қатысады

Жаңа ережелер Еуропаның басым бөлігін қамтиды. Жүйе Шенген аймағы мен Еуроодақтың барлық елдерінде, сондай-ақ:

  • Исландияда;
  • Лихтенштейнде;
  • Норвегияда;
  • Швейцарияда қолданылады.

Ал тек Ирландия мен Кипрде ғана EES жүйесі әзірге енгізілмеген.

Қазақстандықтар нені білу керек

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шекарада міндетті түрде биометриялық деректер тапсырылады. Егер саяхатшы фототүсірілімнен немесе саусақ іздерін сканерлеуден бас тартса, оған елге кіруге рұқсат берілмеуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан азаматтарына жаңа ережелермен алдын ала танысып, шекаралық бақылау кезінде қосымша рәсімдерге дайын болу ұсынылады.

Бұған дейін қазақстандықтарға Шенген визасын алу жеңілдетілетіні туралы жазған едік. 

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, тараптар Қазақстан азаматтарына арналған виза рәсімдерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударған. Атап айтқанда, өтініштерді қарау мерзімдерін қысқарту, көп мәртелік визалар беру тәртібін жетілдіру, растайтын құжаттар тізімін оңтайландыру және адамдар арасындағы байланысты дамытуға бағытталған өзге де практикалық мәселелер талқыланды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 15:19