Енді Еуропаға кіргенде қазақстандықтардан биометриялық деректер алынады

10 сәуірден бастап Шенген аймағына кіретін 29 елде EES жүйесі толыққанды жұмыс істей бастады. Бұл үшінші ел азаматтарының шекарадан өтуін автоматты түрде тіркейтін цифрлық жүйе. Мұны Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа жүйе паспорттағы мөрлерді алмастырады. Шенген елдерінің кез келгеніне алғаш рет кірген кезде шетел азаматтарынан міндетті түрде паспорт деректері мен биометриялық мәліметтер жиналады. Сонымен қатар елге кіру және шығу күні мен орны тіркеледі. 12 жасқа толмаған балалардан саусақ ізі алынбайды. Мәліметтер үш жылға дейін сақталады. Сонымен қатар жүйеде елге кіруге тыйым салынған жағдайлар да тіркеледі.
“Шекарадан өту рәсімі, әдетте, жеңілдетіледі және тұлғаны бет-әлпет бейнесі арқылы растауды көздейді. Егер азамат биометриялық деректерін беруден бас тартса, оған Шенген аймағына кіруге тыйым салынады. Жүйенің алғашқы кезеңінде шекаралық бақылаудан өту уақыты ұзаруы мүмкін”, – деді ведомство.
Жүйе алғаш іске қосылған кезеңде, әсіресе алғашқы кіру пункттерінде паспорттық бақылауда кідірістер болуы ықтимал. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі транзиттік жолаушыларға рейстер арасындағы уақытты көбірек жоспарлауға кеңес берді.
Рәсімді жеңілдету үшін Еуроодақ арнайы мобильді қосымша әзірлеген. Оның көмегімен жолаушылар елге келуден 72 сағат бұрын паспорт деректері мен биометриялық фотосын жүктей алады. Алайда қосымшаны пайдалану шекаралық бақылаудан өтуден босатпайды.
Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Еуропалық одақ елдерімен шенген визасына қатысты келісімді 2026 жылдың екінші жартысында аяқтауды жоспарлап отырғаны туралы жазған едік.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр
Оқыңыз