Қазақстандықтарға Шенген визасын алу жеңілдейді – Сыртқы істер министрлігі мерзімін атады

Сыртқы істер министрлігі Еуропалық одақ елдерімен шенген визасына қатысты келісімді 2026 жылдың екінші жартысында аяқтауды жоспарлап отыр. Одан кейін құжаттарға қол қойылып, ратификация кезеңі басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаевтың сөзінше, бұл келісім Қазақстан азаматтарын шенген аймағына виза талаптарынан босатуды көздемейді. Құжат визаны алу рәсімін жеңілдетуге бағытталған.
“Бұл өте маңызды. Еуропа елдеріне виза алу әлдеқайда оңай болады. Құжаттарға қойылатын талаптар нақты реттеледі. Бұл маңызды мәселе. Сонымен қатар көп мәртелік визаларға қатысты сұрақтар да қарастырылып жатыр. Біз визаны арзандатуға да тырысып жатырмыз. Демек қазақстандықтарды қызықтыратын негізгі параметрлер ескеріліп жатыр”, – деді Бақаев.
Ол аталған келісім Еуропалық одақ тарапынан заңсыз жүрген адамдарды өз еліне кері қайтару туралы келісіммен бірге қарастырылып жатқанын айтты.
“Бұл екі құжат қатар жүреді. Еуропалық тарап оларға бір уақытта қол қоюды жоспарлап отыр. Сәйкесінше, біз де оларды бір мезгілде ратификацияға ұсынуымыз керек”, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, келіссөздер процесін 2026 жылдың екінші жартысында аяқталуы мүмкін.
“Қазақстанда бұл бір ғана кезеңнен өтеді, яғни Парламент ратификациялайды. Ал Еуропалық парламент пен Еуроодаққа мүше барлық ел өз қорытындыларын беруге тиіс”, – деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтарға шенген визасын алу арзандауы мүмкін екенін жазған едік.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр
Оқыңыз